Мазмұны

Кіріспе

1 Салық туралы негізгі теориялар

1.1 Салық түсінігі және оның нарықтық жүйедегі рөлі

1.2 Кейнсшілдік теориядағы салық тұжырымдамасы

1.3 Ұсыныс экономикасы теориясындағы салық концепциясы. Лаффер қисығы

2 Қазақстан экономикасындағы салық жүйесі және оны жетілдіру жолдары

2.1 Салық жүйесінің экономикадағы рөліне талдау жасау

2.2 Жаңа салық кодексіндегі негізгі өзгерістер және толықтырулар

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


Кіріспе

Нарықтық экономиканың даму жолын таңдаған кез келген мемлекеттің шынайы тәуелсіздігі мен егемендігі үшін мықты әрі тұрақты қаржылық негіздің болуы міндетті. Ал, салықтар мемлекет бюджетінің кіріс бөлігінің қайнар көзі болып қана қоймай, материалдық, экономикалық және құқықтық категория ретінде қарама-қайшылығы мол, күрделі құбылыс, әрі тауар өндірісінің барысына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің экономикалық дамуының маңызды факторы болып табылады.

Мемлекеттегі қолданылып жүрген салықтардың жиынтығы, салықтық қызмет органдарының жүйесі және салықтық заңнама мемлекеттің салықтық жүйесін құрайды. Салықтардың және бүтіндей салықтық жүйенің тиімділігіне қол жеткізу мемлекеттің экономикалық дамуы мен өркендеуінің сенімді арқауы болады.

Курстық жұмысты жазудың негізгі себебі – елдегі бюджеттік жүйенің қажетті табыс деңгейін қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті салық жүйесін қалыптастыру мәселесі, салық төлеуден қашып «көлеңкеде» қалып қойып жатқан кәсіпкерлер мәселесі, салық жүйесін жетілдірудің негізгі бағыттарын қарастыру, Елбасы тапсырмасы бойынша жасалып жатқан жаңа салық кодексі.

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты 2008 жылғы Қазақстан халқына жолдауында былай деп атап көрсетті: «Салық жүйесін Қазақстанның жаңа сатыдағы дамуының міндеттерімен сәйкестендіру қажет. Қолданыстағы салық кодексінің әлеуеті іс жүзінде таусылды. Үкімет жаңа салық кодексін әзірлеуі қажет. Ол экономиканы жаңғыртуға, әртараптандыруға және бизнестің «көлеңкеден» шығуына жағдай жасауға тиіс». /1/

Қазіргі кезде Елбасының тапсырмасымен жаға салық кодексі жасақталуда. Жаңа кодекс экономикадағы шешімін таппай келе жатқан талай мәселелердің оң шешілуіне жағдай жасайды деп күтілуде. Курстық жұмыс тақырыбының өзектілігі де осында жатыр.

Курстық жұмыстың мақсаты – салықтың теориялық негіздеріне қарастыра кетіп, Қазақстанның салық жүйесінің ерекшеліктеріне, мәселелеріне, қазіргі жай-күйіне, жетілдіру жолдарын сипаттау және әзірленіп жатқан жаңа салық кодксіндегі жаңалықтарға тоқталу.

Курстық жұмыстың міндеттері – салық түсінігінің мәнін ашу, оның нарықтық жүйедегі рөлін қарастыру, кейнсшілдік және ұсыныс экономикасы теориясындағы салық концепцияларына тоқталу, Қазақстан экономикасындағы салық жүйесінің рөліне талдау жасау және оны жетілдіру жолдарын саралау, жаңа салық кодексіндегі негізгі өзгертулер мен толықтыруларды қарастыру.

Қазіргі уақытта, тәуелсіздігін алып, егемендігін жариялаған, экономикалық дамудың нарықтық жолын таңдаған Қазақстан Республикасы үшін өзіндік салықтық жүйесін болуы аса маңызды. Кез келген мемлекеттің егемендігі оның экономикалық дамуының көрсеткіштерімен және қаржылық негіздерімен айқындалады. Ал, қарапайым салық төлеушілерден, яғни азаматтардан және шаруашылық субъектілерінен жиналатын салықтар мен басқа да міндетті төлемдер мемлекеттің қаржылық қуатының басты тірегі болып табылады. Елбасымыз да биылғы жолдауында салық жүйесіне тың өзгерістер керек екенін атап көрсетті. Мұның барлығы курстық жұмыста қарастырылатын мәселелердің маңыздылығын көрсетеді.

Курстық жұмыстың дерек көздері – оқулықтар, ғылыми еңбектер, мерзімді басылымдар, интернет веб-сайттары.