МАЗМҰНЫ


КIРIСПЕ................................................................................................... 3

1 БӨЛIМ. БАЛАЛАР ҰЖЫМЫНДАҒЫ ОҚШАУЛАНУ ЖӘНЕ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘСЕЛЕЛЕРIН ТЕОРИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ....................................................9
1.1 Психология ғылымындағы «изоляциялану», «оқшаулану», «топтан тыс қалған» ұғымдарына талдау....9
1.2 Қарым-қатынастың адам психикасының дамуына әсері.................................................................................17
1.3 Қарым-қатынас жасаудың бірқатар қиыншылық сипаттары.........................................................................21
1.4 Қарым-қатынасында проблемасы бар балаларға психологиялық сипаттама................................................25

2 БӨЛIМ. ҰЖЫМДА БАЛАЛАРДЫҢ ОҚШАУЛАНУ СЕБЕПТЕРIН АНЫҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРI..........................31
2.1 Ұжымнан баланың оқшаулану себептерін теориялық зерттеу.............................................................................31
2.2 Баланың темперамент ерекшеліктеріне байланысты оқшаулану себептері........................................................41
2.3 Психологиялық дағдарыс кезеңінде топтан тыс қалу себептері........................................................................46

3 БӨЛIМ. СЫНЫПТАН ОҚШАУЛАНҒАН БАЛАЛАРҒА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ 49
3.1 Ұжымнан изоляцияланудың алдын-алу жолдары 49
3.2 Оқшауланған баламен жеке даралық жұмыс жүргізу ерекшеліктері..................................................................53
3.3 Қарым-қатынасында қиындықтары бар балалар үшін ойындар мен жаттығулар.................................................57

ҚОРЫТЫНДЫ.................................................................. 72

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.................................. 77







КIРIСПЕ

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға дейінгі Стратегиялы даму жоспарында – еліміздің жасөспірімдеріне білім беру мен тәрбиелеу ісін жақсарту мен нығайту мәселесін баса айтқан. Жастар – біздің болашағымыз ретінде олардың білім деңгейі мен салауаттылығы, сондай-ақ олардың жеке тұлға ретінде жетілуі қоғамымыздың әлеуметтік және экономикалық, техникалық жетістігіміздің негізгі шарты.
Адам адам болып жарытылғаннан соң, оның өмір сүруінің негізгі тірегі мен қажеттілігі, сондай-ақ қалыпты өмір сүру жағдайы басқа адамдармен қарым-қатынас жасау болып табылады. Сондықтан балалардың қарым-қатынасындағы мәселе – бүкіл қоғам алдындағы негізгі міндеттер болып қала бермек.
Адам қалыпты өмір сүру үшін, өзінің психикалық қасиеттерін дамыту үшін, жеке тұлғалық ерекшеліктерін жетілдіру үшін, сондай-ақ білім меңгеріп тәжірибе жинақтау үшін адамдармен қарым-қатынас жасайды. Баланың жастайынан айналасындағылармен қатынас жасауы, өзінің кім екенін танып, өзін өзгелерден ажырата алудың, өзін басқалармен салыстыру арқылы басқа адамдағы қасиеттерді меңгерудің, балалардың әлеуметтік мінез-құлқы мен жеке басының дамуының негізгі тірегі деп қарастырсақ, онда олардың қарым-қатынас жасауын жақсарту аса қажет болып табылады.
Мектеп қабырғасында оқушыларға білім беру және тәрбиелеу істерінде жалпыға бірдей шараларына көбірек көңіл бөлінеді. Бұл мектепте балалармен жеке жұмыстар жүргізілмейді деген сөз емес. Оқушылар арасындағы олардың өзара қарым-қатынас ерекшеліктері бойынша педагогикалық іс-әрекетті ұйымдастырылу жақтарына баса назар аудару керектігі туындайды.
Әрбір қоғамның дамуы, әрбір топтың немесе бөлек индивидтің де дамуы – олардың айналасындағылармен қарым-қатынас жасауына байланысты болатын күрделі процесс екені анық. Бұл процесс әрқашан да тиімді әрі нәтижелі түрде жүзеге аспайды, кейде қарама-қайшылықтардың туындауынан және шешілуімен байланысты.
Мектептегі оқушылар арасындағы туындайтын кейбір қарама-қайшылықтар, кейбір балалардың мінез-құлқы мен даралық ерекшеліктеріне байланысты түсінбеушіліктер, топқа енгісі келмейтін жағдайлар жиі кездеседі.
Мұндай жағдайлар бала өмірі мен психикасында едәуір дақ қалдырады. Осыдан келіп баланың дамуында түрлі ауытқулар, сабаққа қатынасының өзгеруі байқала бастайды. Топтың жеке адамға, адамның топқа әсер ету негізінде оқушылар арасында дараланатын немесе оқшауланатын жағдайлар да туындап жатады.
Мектепте баланың жеке тұлғалық әлеуметтену барысында оның рухани, ұнамды құндылықтарын ескеру арқылы оқушылар арасындағы қарым-қатынасты жақсарту қажеттілігі туындайды.
Оқушылар арасындағы қарым-қатынас сипаты мен климаты баланың тек психикасына немесе жеке басына ғана әсер етіп қоймайтындығы белгілі. Ол баланың оқу-тәрбие істерінде де елеулі орын алады.
Біздің зерттеу жұмысымыздың өзектілігі осы мәселелерді дұрыс жолға қоюға арқылы мектеп тәжірибесіне көмектесу керектігінен туындайды.
Қазіргі кезде мектеп өмірінде қарым-қатынасында проблемасы бар балалардың туындауына кез-келген жағдай әсер ете береді. Туындаған мәселені шешу мектеп психологының негізгі психологиялық қызмет көрсетуі міндетіне кіретіндігі даусыз.
Мектеп оқушылары арасындағы қарым-қатынасты жақсарту мәселесі, сол арқылы баланың білім алып тәрбиеленуін қамтамасыз ету актуалдылығы ешқашан төмендемеген.
Сондықтан мектеп сыныптарында туындайтын қарым-қатынас жасауда қиыншылықтары бар балаларды анықтап, оларға дер кезінде көмектесу – қазіргі мектеп алдында, қоғам алдында тұрған міндеттердің бірі.
Диплом жұмысының мақсаты: Әртүрлі жас кезеңінде балалардың топтан изоляциялану себептерін зерттеу арқылы оларға психологиялық көмек көрсету жолдарын анықтау.
Зерттеу обьектісі: Мектеп жасына дейінгі және мектеп кезеңінде ұжымнан изоляцияланған балалар.
Зерттеу пәні: Мектеп жасына дейінгі және мектеп кезеңіндегі балалардың қарым-қатынасындағы изоляциялану ерекшеліктері мен психологиялық көмек көрсету жолдары.
Зерттеудің негізгі жорамалы: Мектеп жасына дейінгі және мектеп жас кезеңінде балалардың сыныптан оқшаулануы сол жас кезеңіндегі даму дағдарысын өткізу ерекшелігіне байланысты туындайды.
Зерттеу мақсаты мен ұсынылған жорамалға сәйкес қойылған міндеттер:
• Балалар ұжымындағы қарым-қатынас және оқшаулану мәселелерін ғылыми әдебиеттер көмегімен теориялық тұрғыда зерттеу.
• Мектептегі сыныптық ұжымда балалардың оқшаулануын эмпирикалық зерттеу.
• Баланың ұжымнан оқшаулану себептерін анықтау және соған байланысты қарым-қатынасында проблемасы бар балаларды жіктеу.
• Сыныптан тыс қалған балаларды топқа әлеуметтендіру шараларын қарастыру және оларға психологиялық көмек көрсету жолдарын анықтау.
• Қарым-қатыныасында проблемасы бар балаларға арналған ойындар мен тапсырмалар жиынтығын құрастыру.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: Л.С.Выготскийдің балаға комплексті, жүйелік формадағы іс-әрекетті ұйымдастыру теориясы, В.Н.Мясищев, С.Л.Рубинштейн, Л.И.Божович еңбектеріндегі қарым-қатынас мәселесіне арналған ілімдер, педагогика және психология ғылымындағы А.С.Макаренконың “жеке адам ұжымда дамиды және ұжым арқылы қалыптасады” қағидасы, О.Осадьконың оқушының алғашқы мұғалімінің педагогикалық тактикасы мен қарым-қатынасқа түсу стиліне байланысты, оның ата-анасымен және сыныптастарымен қарым-қатынасқа түсуін және жеке тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына үлкен әсерін тигізетінін дәлеледейтін зерттеулер – біздің зерттеу жұмысымыздың теориялық жақтарына арқау болды.
Зерттеу әдістері мен әдістемелері: Топтағы оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынас ерекшеліктерін зерттеуге арналған бірнеше әдістер мен әдістемелер қолданылды. Баланың топтан оқшаулану мәселесіне арналған әдебиеттерге теориялық талдау әдістері, социометриялық әдістеме (мектеп жасына дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған вариант), топтағы сыныптастарына баға беру әдістемесі, адамдардың бір-біріне тартымдылық деңгейін зеттеу әдістемелері, хронометрлі бақылау әдістемелері, анкета, бала мінезінің ерекшелігін анықтайтын ата–аналарға арналған сауалнамалар, балалар мен ата–аналардың темпераментін анықтайтын сауалнамалар, жанұядағы және ата-ана мен бала арасынлдағы қарым–қатынас шкаласы, бала мінезіндегі кешеуленуді білдіретін регистрация парағы (сәбидің анасы толтырады) қолданылды.
Диплом жұмысының жаңалығы: Әрбір жас кезеңіндегі балалардың өзара қарым-қатынас ерекшеліктеріне байланысты, жас даму дағдарыс барысындағы балалардың қарым-қатынасқа түсудегі қиыншылықтары мен өзіндік мінез-құлық ерекшеліктеріне байланысты қарым-қатынас жасауға қиналатын балалармен жұмыс жүргізу ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, психолог қызметінде тиімді қолдану жолдары көрсетілді.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық құндылығы: Мектеп жасына дейінгі және мектеп қабырғасындағы оқушылардың құрбыларымен қарым-қатынасы мен әлеуметтік ортада алатын орны бала психикасының дамуының қайнар көзі. Олай болса, бұл мәселелердің теориялық тұрғыда заңдылықтары мен психологиялық ерекшеліктерін ашудың мәні зор. Зерттеу жұмысымызда бала-бақша және мектеп қабырғасында жиі кездесетін проблема – топтан оқшауланған балаларды анықтаудың жолдары көрсетілген, топтан оқшаулану себептері ашылған, сондай-ақ мұндай балалармен нәтижелі жұмыс жүргізуге арналған кеңестер мен психологиялық қызмет жолдары көрсетілген. Зерттеу жұмысымызда қарастырылған материалдардың барлығы дерлік мектеп психологының теориялық білімін жоғарылатып, қарым-қатынаста проблемасы бар балаларды анықтап, олармен жұмыс жүргізу шеберлігін арттырады.
Зерттеу жұмысының базасы: Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, арнайы “Дарын” мектебі және Қ. Сәтпаев атындағы орта мектептің мектепке даярлық тобы мен бастауыш сынып оқушылары.
Диплом жұмысының құрылымы: Бітіру жұмысы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.