Мазмұны

Кіріспе..........................................................................................................................4

 І – тарау. Қазақстан Республикасындағы діни экстремизмнің әлеуметтік-құқықтық және криминологиялық сипаттамасы. 
1.1 Діни экстремизмді зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері.........14
1.2 Діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың ахуалы, құрылымы және 
динамикасы........................................................................................................39
1.3   Діни экстремизмнің таралуы мен дамуының себептік-факторлық
        кешені.................................................................................................................46
1.4 Діни экстремистік бағыттағы қылмыс жасаушы тұлғалардың криминологиялық сипаттамасы және оның типологиясы....................................53                                                                                                        
    
ІІ –тарау. Қазақстан Республикасындағы діни экстремизммен күресудің  криминологиялық және құқықтық аспектілері                                   
2.1  Діни экстремизмді ескерту, алдын-алу және оның жолын кесудегі құқық қорғау органдары әрекетінің тиімділігі..................................................................61                                                     
2.2  Діни экстремизмді алдын-алудағы мемлекеттік ұйымдар мен қоғамдық құрылымдардың жүйесі............................................................................................75

Қорытынды..............................................................................................................88
Әдебиеттер................................................................................................................93







                                                        Кіріспе

      Диссертацияның жалпы сипаттамасы. Бұл диссертацияда Қазақстан Республикасындағы діни экстремизммен күресудің криминологиялық аспектілері зерттелінеді. Халықаралық және Қазақстандық нормативті құқықтық базаның діни экстремистік бағыттағы қылмыспен күрес саласындағы талдауы жасалынады, діни экстремизнің әлеуметтік-құқықтық және этно-психологиялық құбылыс ретінде криминологиялық сипаттамасы ашылып, оның категориялық аппараты қарастырылады. Зерттелетін құбылыстың пайда болып, дамып, таралуына негіз болатын факторларды зерттеу негізінде діни экстремистік әрекеттерді күштермен, құралдармен, әдістермен және ішкі істер органдарына тән қызметтермен алдын-алудың жалпы шараларының дифференцияланған жүйесі ұсынылады.
      Зерттеу тақырыбының маңыздылығы. Кеңестік Одақтың ыдырауы нәтижесінде, мемлекет тәуелсіздігінің жариялануы Қазақстан Республикасында демократиялық, құқықтық институттардың, ашық нарықтық экономикалық және әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесі бар әлеуметтік мемлекет пен дүнияуи азаматтық қоғамның құрылуына негіз болды. Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастыққа халықаралық-құқықтық қарым-қатынастардың толыққанды субьектісі ретінде кіреді. Аталған жиынтық бүкіл елдердің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ететін жоғары әлеуметтік құндылықтардың сақталуына және әлемдік қауымдастықты сақтау мен дамытудың жаңа жолдармен анықтайды.
       Соңғы 17-18 жылда Орта Азия аумағында жалпы экстремизм түрлерінің қаупі күшейді. Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және ішінара Қазақстан Республикаларындағы әртүрлі экстремистік бағыттағы ұйымдар тарапынан болған жағдайлар, жалпы экстремизмнің түрлерінің, оның ішінде діни экстремизм құбылысын зерттеудің маңыздылығын көрсетеді. Аталған Республикалардағы нақты қалыптасып келе жатқан әлеуметтік-саяси ауыртпалық Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажетті шаралардың жасау керектігін айқындайды.
      Кез-келген қоғамның діни, ұлттық, саяси қарсылықтары экономикалық қиындықтарды бұзып шыға отырып, жалпы экстремизм түрлерінің идеологтары оларды жанжалды тұтандырудың құралы ретінде пайдаланып, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
      Діни экстремизм өте ауыр әлеуметтік-құқықтық және этно-психологиялық мәселе бола отырып, көпаспектілі болып табылады. Яғни діни артықшылық, діни алауыздық, жеккөрушілік, дінді саясаттандыру сияқты ең шеткі қисынсыз көзқарастары мен әрекеттері арқылы пайда болатын қоғамға қауіпті құбылыс болып табылады.
      Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев айтып өткендей, « Экстремизм Қазақстанда кең ауқымда пайда бола қоймаған құбылыс, алайда конфессионалдық тұрақсыздықтың бізде де бой көтеруінің белгілі бір қаупі бар. Әрине, егер осы қауіпті өз уақытында сезініп алдын алмасақ ». Қазақстан Республикасы Президентінің болжамдық көзқарасын Н.М. Әбдіров былай нақтылай түседі: « экстремизмге қарсылықты іске асыруда кешенді және жүйелі жол қажет. Сонда реттеуші ғана емес тиым салушы да шаралар қарастырылатын еді ».
      Көпконфессиялы Қазақстан үшін діни экстремизм құбылысы ішкі және сыртқы саясаты үшін бірдей ауқымды маңызға ие.
      Криминологияның, қазіргі саясаттанудың және саяси әлеуметтанудың шеңберінде соңғы жылдары діни экстремизмнің мәні мен мазмұнына қатысты ғылыми пікірталастар белсенді жүріп жатыр. « Діни экстремизм » ұғымы тек әлеуметтік ғылымдардың түсініктік аппаратында ғана емес, БАҚ –да белсенді қолданыла бастады. Осындай әр түрлі түсінік мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың діни экстремизм мен оның пайда болуына қарсы тұруда белгілі бір қиындықтар тудырады.
      Діни экстремизмнің пайда болып таралуына ықпал ететін факторлар мен себептерін ашуға бағытталған зерттеулер бақылау шараларының жүйесін ұйымдастырып, жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты ішкі істер органдары арқылы діни экстремистік әрекеттің алдын-алудың арнайы шараларын жүзеге асыру қарастырылады.
       Тақырыптың ғылыми жетілу күйі. Қарастырылып отырған тақырып турасындағы арнайы әдебиеттердің зерттеу мен талдау, діни экстремизмнің алдын-алу мәселесі ішкі істер органдарында жеткілікті жетілдірмегендігін көрсетеді. Оның үстіне Қазақстанда діни экстремизммен күрес мәселелері бойынша арнайы диссертациялық зерттеулер жүргізілмеген.
      Мәселенің маңыздылығы мен практикалық мәніне қарамастан, қазіргі кезде Қазақстан Республикасында оны жалпы теориялық және ғылыми- қолданбалы аспектіде фундаменталды жұмыстар жүргізілмеген. Сонымен қатар діни экстремизмді алдын-алу жүйесін жасау бойынша кешенді зерттеулер осы кезге дейін жоқ.
      Қазіргі уақытта әлеуметтік патология құбылысы ретінде діни экстремизм әлеуметтік ғылымдардың әр түрлі бағыттарының назарын өзіне аудартып отыр. Оны негізінде саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, конфликтология бойынша мамандар, әлеуметтік және мінез-құлық психологтар, криминологтар, теологтар, философтар, заңгерлер және басқа мамандар зерттеуде. Алайда пәнаралық сипаттағы еңбектер жеткіліксіз.
      Діни экстремизм құбылысын зерттелуіне қатысты Ресей ғалымдарынан Э.С. Абдулаев, А.Б. Агапов, Ю.А. Бабинов, Ю.А. Дмитриев, Ю.Н. Демидов, П.В. Дозорцев, С.В. Дьяков, А.Г. Залужный, И.А. Куницин, В.В. Клочков, А.С. Ловинюков, С.П. Познышев, А.В. Портнов, Е.М. Шевкопляс.
      Діни құқықтық сананың ерекшеліктері туралы Г.П. Лупарев пен А.А. Могилевскийдің монографиялық еңбектері бар.
      Дәстүрлі емес діншілдіктің мәдени, діни, қылмыстық-құқықтық және криминологиялық мәселелері жөнінде Л.Д. Башкатова, А.Л. Дворкин, И.И. Добаев, Е.А. Димитрова, Ф.В. Кондатрьев, Ю.И. Полищук, А.Н. Хвыли-Олинтер, Г.Л. Касторский, Т.Н. Кузнецова, С.А. Лукьянов және О.В. Старковтардың еңбектері жазылған.
      Экстремизмнің әр түрлері ( саяси, діни, этно-діни ) саяси, әлеуметтік, геосаяси аспектілері бойынша В.И. Арестов, Л.М. Дробижева, В.И. Худавердян, С.Г. Москаленко, Д.В. Новиков, В.Б. Коробков, А.А. Ярлыкапов, П.А. Романов, В.Б. Козлов, Т.А. Скворцова, Т.Н. Кильмашкин, М.И. Телякавов, С.Н. Бокарев, В.А. Тишков және В.В. Черноусовтардың зерттеу еңбектері бар.
     Ұйымдық әрекеттің мәні және ұйым теориясы туралы белгілі шетел ғалымдары Ф.В. Тейлорь, Г. Файоль, М. Вебер, сонымен қатар Ресейлік В.Г. Афанасьев, А.И. Берг, А.А. Богданов, В.В. Новожилов, Г.Г. Зуйков, Г.И. Демин, Н.А. Вознесенский, В.Д. Малков, А.И. Пригожин, В.М. Глушков, В.А. Лукашов, Г.А. Туманов және басқа ғалымдар еңбектер жазды.
      Саяси экстремизмге әлеуметтік позициядан талдау жасаған Ресейлік В.Н. Арестов, А.С. Грачев, И.В. Манацков, Э.Г. Филимонов сияқты ғалымдардың еңбектерін атап өтуге болады.
      Экстремизм құбылысын зерттеудегі жалпы әдістемелік базасы Ю.М. Антонян, М.Д. Давитадзе, В.В. Смирнов, Д. Ольшанский, М.П. Киреев сияқты ресейлік ғалымдардың ұжымдық және жеке ізденістерімен жасалған.
      Діни экстремизмнің пайда болып, тарлауына ықпал ететін себептер сарапталынатын еңбекке М.А. Ражабованың докторлық еңбегін жатқызуға болады. Ол діни экстремизмді Өзбекстан жағдайында зерттеді. Жұмыстың ерекшелігі экстремистік бағыттағы діни ұйымдардың экстремизмнің пайда болуы мен іске асуындағы рөлі және әлеуметтік экономикалық факторлардың экстремистік іс-әрекеттердің мазмұны мен бағыттылығына ықпал етуін қарастыру.
     Жаппай санада « экстремизм », « діни экстремизм » және « терроризм » ұғымдары агрессиялықтың, жеккөрушіліктің, қатігездіктің зарядын алып жүруші синонимдер болып табылады. Терроризм мен экстремизмге көптеген мақалалар, монографиялар, диссертациялар, ғылыми оқулықтар арналған. Экстремизм-терроризмнің біршама қауіпті көріністерін зерттеген отандық ғалымдарға С.Т. Абдрахмановты және Р.Т. Завотпаевты жатқызуға болады.
      А.Ж. Шпекбаев ішкі істер органдарының ұйымдасқан қылмыспен күресудің қиындығын және оның экстремизммен өзара қарым-қатынасын сараптай келе, оған мемлекет мен оның құқық қорғау органдарының қарсы әрекетінің әсерін жоғарлату бойынша негізгі жағдайлар мен ұсыныстарды береді.
      Экстремизмнің алдын-алу мәселесін зерттеу барысындағы Қазақстандық саясаттанушылардың еңбектеріне ерекше қызығушылық тудырады: Е.В. Тукумов, « Діни-саяси экстремизм Орта Азия елдерінің аумақтық және ұлттық қауіпсіздігінің қаупі ретінде », К.Н. Бұрханов « Орта Азиядағы экстремизм », сондай-ақ Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты және ішкі саясат пен талдау орталығының ұжымдық еңбегі: « Қазіргі заманғы терроризм: Орта Азиядан көзқарас » профессор М. Әшімбаевтың редакциялығымен.
    А.Д. Дәрменовтың « Қазақстан Республикасындағы экстремизммен күресудің криминологиялық аспектілері » атты монографиялық еңбегінде экстремизм құбылысының құқықтық табиғатын ашу, « экстремизм », « экстремистік әрекет », « экстремистік ұйымдар », « экстремистік бағыттағы қылмыстар » деген ұғымдарға құқықтық анықтамалар береді. Қазақстан Республикасындағы экстремизмнің таралуы мен дамуының себептік-факторлық кешенін айқындайды. Экстремистік бағыттағы қылмыстарға қарсы кешендік жолдарын негіздеп, қарастырады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі мен басқа нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге нақты ұсыныстарды ұсынады. Қазақстан Республикасындағы ішкі істер органдарына экстремизмді ескерту жайында бағытталған шаралар жүйесін жасады. Экстремизмнің қоғамға қауіпті 4 (саяси, діни, қылмыстық, ұлттық ) түрін ұсынумен қатар, діни экстремизмнің құқықтық анықтамасын береді.
      Ресейлік С.Н. Поминовтың « Ішкі істер органдардың діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясындағы қызметін ұйымдастыру » атты диссертациясында « діни экстремизм », « діни экстремизмнің құбылыстарына қарсы күрес » деген ұғымдарға құқықтық анықтама береді. Діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың алдын-алу, ескерту, болдырмау және оның жолын кесу үшін ішкі істер органдары қызметі мен әрекетін ұйымдастырудағы құқықтық нормалар жиынтығын және принциптерін ұсынады. Діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясындағы ішкі істер органдарының қызметінің негізгі бағыттарын көрсетеді.
     Аталған зерттеулер діни экстремизммен күрес практикасы үшін құнды ақпарат болып табылады. Дегенмен қарастырылып жатқан мәселе бойынша жинақталған мүмкіндіктерге қарамастан, діни экстремизм ғылыми категория ретінде жетілмеген. Нақты өмірде діни экстремизмнің барлық мүмкін түрлері мен формалары қоғамдық қатынастар мен жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаның ахуалына өзінің әсерін тигізіп келе жатыр.
     Діни экстремизм құбылысы деңгейін сараптау келесі тұжырымдарды жасауға мүмкіндік береді:
- осы құбылысқа арналған жарияланбалардың сандық өсіміне қарамастан, қазіргі кезге дейін отандық криминологияда діни экстремизммен күреске арналған кешенді жұмыстардың жетіспеушілігі;
-  криминологиялық ғылымда теориялық және қолданбалы деңгейде, діни экстремизмнің қылмысқа ықпал етуіне арналған еңбектер жоқ, саясаттану, әлеуметтік психология және криминология негізіндегі діни экстремизм бойынша фундаменталды еңбектердің аздығы; 
- ішкі істер органдарының діни экстремизм пайда болуымен күресуіндегі алдын-алу әрекеттерін жетілдіру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстардың жоқтығы;
      Жоғарыда аталған аргументтер діни экстремизмге әлеуметтік патология құбылысы ретінде кешенді әлеуметтік-құқықтық және криминологиялық талдауды қажет ететіндігіне куә.
      Диссертациялық зерттеудің мақсаты. Діни экстремизмнің құқықтық мәні мен табиғатын ашу, діни экстремизмнен күресудің криминологиялық аспектілерін қарастыру, діни экстремизмнің пайда болуының алдын-алу заңдылықтары мен практикасын ішкі істер органдарында ары қарай жетілдіру бойынша ұсыныстар жасау.
      Мақсат қою келесі міндеттердің шешілуін анықтады:
- діни экстремизммен күрес бойынша халықаралық құқықтық актілерінің және ұлттық заңнаманың нормаларын салыстырмалық әдіспен, сондай-ақ жинақталған эмприкалық материалдардың теориялық зерттеулері негізінде « діни экстремизм »,  « діни экстремистік әрекет », « діни экстремистік ұйымдар », « дін » деген ұғымдарға құқықтық анықтама беру, сонымен қатар « діни экстремизм» мен « дін » деген ұғымдарға дінтану аспектілері бойынша анықтама беру;
- діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың ахуалын, құрылымын және динамикасын зерттеу;
- діни экстремизмнің таралуы мен дамуының себептік-факторлық кешенін қарастыру;
- діни экстремистік бағыттағы қылмыс жасайтын тұлғалар әрекетінің криминологиялық өлшемдерін негіздеу және олардың іс-әрекетінің типологиясын жасау;
- ішкі істер органдарының діни экстремизммен күресу процесін басқарудағы тиімділігін жоғарлату бойынша ұсыныстар жасау;
- діни экстремизмді алдын-алудың қажетті шарасы ретінде мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың құқық органдарымен бірге заңға сәйкес және қатаң тәртіпке негізделген жүйе бойынша күресуге ұсыныстар жасау.
     Зерттеудің обьектісі – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету процесінде діни экстремизм құбылыстарынан туындайтын қоғамдық қатынастар.
     Зерттеудің пәні – Қазақстан Республикасында діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясындағы криминологиялық, құқықтық және ұйымдастырушылық шаралары.
     Зерттеудің әдістемелік базасы  - әлеуметтік-құқықтық құбылыстарды тану процесіне диалектикалық әдістеме жолы, философия, басқару социолгиясы, әлеуметтік психология, криминология, мемлекет пен құқық теориясы, теология және басқа ғылымдардың әдістері. Зерттеудің негізгі әдістері жүйелік-құрылымдық, талдау, синтез, нақты-социологиялық, салыстырмалы-құқықтық, статистикалық, теориялық негізде қылмыстық кодекс, құқықтық психология, философиялық, филологиялық, теологиялық, құқықтық герменевтика әдістері мен тәсілдері және бақылау мен эмприкалық материалдар пайдаланылды.
     Зерттеудің нормативтік базасы -  халықаралық, конституциялық, әкімшілік, қылмыстық, қылмыстық іс-жүргізу және Қазақстан Республикасының экстремимзмен күресті реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілері.
     Зерттеудің эмприкалық базасы – ішкі істер органдары, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, сот және қылмыстық-атқару жүйесінің статистикалық мәліметтері. Діни экстремизмге қарсы күрес туралы отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша діни экстремизмнің құбылыстарына қарсы қолданылған алдын-алу шараларының іс-тәжірбиесі.
     Зерттеудің ғылыми жаңашылдығы -  діни экстремизмнің қоғамға қауіпті құбылыс екендігін әлеуметтік-құқықтық, криминологиялық, теологиялық аспектілері тұрғысынан дәлелденуі. Негізгі ғылыми жаңашылдық мына төмендегі мазмұнда қамтылады:
-  діни экстремизмнің құқықтық табиғаты криминологиялық, құқықтық және теологиялық ғылымдары арасында синтезделген негіздері тұрғысынан ашылуы;
- « діни экстремизм », « діни экстремистік әрекет », « діни экстремистік ұйымдар », « діни экстремистік бағыттағы қылмыстар » және « дін » делінген ұғымдарға құқықтық анықтаманың берілуі;
- Қазақстан Республикасындағы діни экстремизмнің таралуы мен дамуының себептік-факторлық кешеннің анықталуы;
- Қазақстан Республикасында діни экстремизмді ескертудің, алдын-алудың, жолын кесудің, болдырмаудың қажетті іс-шарасы ретінде құқық қорғау органдары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың бірлесіп, күресуге және онымен ішкі істер органдарының мақсатты заңды күресуінің түсініктік аппаратын теория жүзінде көрсету.
       
                                 

                                  Қорғауға ұсынылған ережелер:

1.  Діни экстремизмнің құқықтық табиғаты дегеніміз, шынайы діннің өзіндік негізінен экстремизм шықпайды, тек өзінің діни сенімі және әрекетін дұрыс дейтін, дінге тән қағидаларды ұстанбайтын, көрсоқыр сенімнің жетегінен шыға алмайтын, әсірешіл, өз эмоциясын ұстай алмайтын, бір діни ұйым ( секта ) мүшелерінің немесе жеке сенуші тұлғалардың,  басқа дүниетаным мен діни сенімдеріне қарсы мақсаты мен күштеуін қолданатын әрекетінен туындайтын қоғамға қауіпті құбылыс.
2.  Діни экстремизм – қоғам өмірінде құқықтық категориялық құбылыс ретінде, бір діни ұйымның, сектаның немесе басқа бір қылмыстық субьектілердің базасында құрылған, ең шеткі қисынсыз көзқарастардың жақтаушылары болып табылатын, басқа дүниетанымдар мен діни сенімдерге шыдамсыздықпен қарайтын, бір немесе бірнеше конфессия, секта және басқа да қылмыстық субьектілердің шеңберінде заңға қайшы тікелей қасақана мақсат ұстанатын, азаматтардың, тарихи қалыптасқан қоғамның, ұлттық мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға бағытталған, діни ұйым, секта және басқа қылмыстық субьектілер мүшелерінің немесе жеке сенуші тұлғалардың қоғамға қауіпті іс-әрекеттері ».
3.  Діни экстремистік әрекет – арнайы ұйымдасқан адамдардың немесе жеке тұлғаның діни идеологиялық міндеттері арқылы діни экстремистік мақсатқа қол жеткізуге бағытталған іс-әрекеттерінің жүйесі немесе жүйелігі.

4. Діни экстремистік ұйым ( секта ) – діни харизматикалық жеке тұлғаның, діни көзқарастары ортақ адамдардың, басқа қылмыстық субьектілердің ұйымдастыруымен немесе соттың діни экстремистік ұйым ( секта ) деп таныған жалпы діни экстремистік мақсаттарына байланысты құрылған ұйым ( секта ).

5.  Діни экстремистік бағыттағы қылмыстар – конституциялық құрылымға, қоғамдық және ұлттық қауіпсіздігіне, мемлекеттің тұтастығы мен аумақтық мызғымастығына, конституция кепілдік беретін азаматтардың және басқа да субьектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне, діни сенім бостандығы немесе ар-ождан бостандығын бұзуға бағытталған қоғамға-қауіпті, қылмыстық-жазаланатын, тікелей қасақана ниетпен жасалынатын іс-әрекеттер жиынтығы. 

6.  Дін дегеніміз – Жаратушы тарапынан Пайғамбарлары арқылы жеткізілген, өзіндік тарихи жолдарымен қалыптасқан, өзіндік жүйесімен әлемдік ортаға, қоғамға, мемлекетке қауіпті салдары болмайтын негіздер жиынтығы. 
7. Қазақстан Республикасында діни экстремизмнің таралуы мен дамуының себептік-факторлық кешенін тек дәстүрлі  « сыртқы » мен « ішкі » детерминанттардан ғана емес, ең негізгі ықпал ететін діни экстремистік идеологияның « ашық » және « жасырын » детерминанттарынан болады.   
8. Діни экстермизм құбылыстарына жалпы қарсы күрес – мемлекеттің діни экстремизмге қарсы стратегиялық бағдарламасы негізінде, барлық құқық қорғау органдарының және қоғам болып жұмылған заңды іс-шаралар кешені арқылы діни экстремизмнің туындауының себептік жағдайын табу, анықтау және себептерін жою; діни экстремистік сипаттағы қылмыстарды жасауы мүмкін адамдарды анықтау, әрі оларға осындай әрекеттерді жібермеу мақсатында заңды іс-әрекеттермен әсер етуге, өз еркімен бұндай іс-әрекеттерден бас тартыруға ықпал ету.
9. Діни экстремизм құбылыстарына қарсы ішкі істер органдарының күресі – діни экстремизм құбылыстарын алдын-алу, ескерту, болдырмау, жолын кесу, осы бағыттағы қылмыстарды ашу мен тергеу және профилактикалық шараларды жүргізуге мақсатты бағытталған, ішкі істер органдарының арнаулы қызмет пен барлық бөлімшелерінің заңды іс-әрекеттері.