Мазмұны   



Кіріспе............................................................................................................4                                                                                 
1. Қазақ радиосының құқықтық бағдарламаларының тақырыптық және жанрлық сипаты          
1.1. Құқықтық радиохабарлардың тақырыптық ерекшеліктері.....8                  

1.2.  Қазақ радиохабарының көп жанрлылығы................................................  18

2. Қазақ радиосының құқықтық-танымдық бағдарламалары
2.1. «Заң және біз» бағдарламасы - журналистік зерттеудің
жаңа үлгісі............................................................................................................  26
2.2.  «Кім жазықты?»   құқықтық-танымдық хабары және жанрлар қолданысы .............................................................................................................................................. 38


Қорытынды ........................................................................................ 51


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі .........................................................

 

                                                      Кіріспе

       Кеңес Одағындағы бірпартиялық идеология жүйесін 70 жылдан аса үзбей насихаттап келген Қазақстан КСР - ның БАҚ - ры   Еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, өзінің дамуына жаңа арна салды. Ол Қазақстан Республикасының Ата заңында айқын көрсетілген болатын. ҚР Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады», - деп жазылған. [1, 1б] Яғни, жаңадан құрылған қоғамдық формацияға орай, идеологиялық насихаттың соны сүрлеуі салынды. 

       Иә, өмір өз орнында тұрмайды, заман өзгереді. Еліміздің егеменді  болуына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының еркін ой айтуына мүмкіндік туды. Азаматтардың сөз бостандығы, баспасөз, шығармашылық бостандығы Конституциялық деңгейде жария етілді, цензура жойылды. Еліміз пікір алуандығына ден қойды. Заң басымдығына негізделген тең құқықтық, азаматтық қоғам қалыптасып келеді. Соған сәйкес еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары да өз жұмыстарын түбегейлі өзгертті. Соның ішінде радионың атқарып жатқан рөлі өте зор.  

       Жылдамдығы жағынан газеттен де, теледидардан да шапшаң қазіргі радио - хабар таратудың ең жедел әрі тиімді құралы екені белгілі. Дүниенің түкпір-түкпірінен неше алуан хабарларды тез жеткізетін де осы радио. Егер, тарих көшіне көз жүгіртсек, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінен бастау алатын  Қазақ радиосы 80 жылдан астам уақыт бойы республикамыздың барлық аумағына тек жаңалықтар ғана беріп қоймай, саяси, шаруашылық, әлеуметтік және мәдениет салалары бойынша тартымды хабарларды эфир арқылы жеткізіп,  адамдардың ішкі дүниесіне, сана-сезіміне ықпал етіп, адамгершілік, ар-намыс, руханият  сияқты  аса қажетті қасиеттерге баулап келе жатқан қуатты құрал екендігінде дау жоқ. Аталмыш құрал қазір де сол үрдістен айныған жоқ. 

      Радионың бұқаралық ақпарат құралы ретінде мәні мен маңызы уақыт өткен сайын арта түсуде, қазіргі радиотолқын бір мезгілде миллиондаған адамға жетіп, қажетті ақпаратпен қаруландыра алады. Сөйтіп, радио техникалық құбылыстан бүгінде қоғамдық құбылысқа айналды. Ол қалың бұқараның санасына ықпал етіп, пікір тудырып, эмоционалды-экспрессивті ықпал етуде.

    Әрине, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін саяси-идеологиялық, экономикалық, ауыл өмірі, қала тынысы, оқу және мектеп, жастар, танымдық бағдарламалар, мәдениет және спорт, әдебиет және өнер хабарлары Қазақ радиосының тәулік бойы беретін туындылары екені рас. Ал қазіргі таңда Қазақ радиосы жоғарыда аталған бағдарламаларды жаңаша жалғастыруда.     Әсіресе,  қазақ әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттауда, дамытуда қайыспас қара нардай жүк көтеріп келеді. Қазақ радиосының басты ерекшелігі – заманының ағымына сай үн қосуы, тақырыпты таңдай білуі. Бүгінгі  ақпараттық технология дамыған ғасырда радионың да бет-бағдары жаңарып, жаңа леп байқалады. Қазақ радиосында соңғы жылдары «Жастар мен балалар», «Музыкалық», «Руханият», «Экономика мен әлеумет», «Қоғамдық- танымдық», «Ақпараттық», «Алтын қор» сияқты жаңа бағдарламалар дүниеге келді.  Таңертеңгілік «Жаңа күн» бағдарламасы материалдарды өзіндік тұрғыдан ұсынуымен ерекшеленеді. Балаларға арналған «Балдаурен» радиофестивалі, экологиялық тақырыптарды қозғайтын «Бозқараған», «Жас дәурен», «Қазақстан өнімі», «Саптағы сарбаз», «Ойтолқын», «Құсният» сияқты бағдарламалар өз тыңдармандарының аудиториясын қалыптастырып үлгерді. Оған күн сайын тыңдармандардан редакцияға  түсетін телефон қоңыраулары, ондаған хаттары дәлел.

Тақырыптың өзектілігі. 

   Заңды білу-білімділік, құрметтеу- мәдениеттілік, ал оны сыйлау және оған жүгіну - ардың ісі. Арлы адам- заңға бағынып, оған жүгінетін, сол арқылы өз мемлекетінің мерейін тасытуға тікелей үлес қосатын адам. Десек те, басы ашық бір шындық – заңды білу немесе  білмеу кім-кімге де жеңілдік бермейді, құқықтық жауапкершіліктен босатпайды. Бұл мәселенің бір ғана жағы, егер жыл сайын министрліктер мен ведомстволарды, жергілікті органдарды былай қойғанда, республика бойынша жүздеген заң актілері мен заң қаулылары, шешімдері мен өкімдері қабылданғандығын және жылдар өткен сайын олардың саны мыңдарға жететінін ескерсек, «Қай заңды біліп болармыз?» деген сұрақтың тууы анық. 

     Міне, осы тұста құқықтық сауаттылық және құқықтық насихат мәселесінің бүгінгі таңдағы маңыздылығының  арта    түсетіндігі  ақиқат. 

     Ең алдымен, ел Президентінің 1995 жылғы 21 маусымда арнайы «Қазақстан Республикасында жалпыға бірдей құқықтық оқуды ұйымдастыру шаралары туралы» Қаулы қабылдауы аталмыш жұмыстардың жүйелі әрі нәтижелі өріс алуына алғышарт жасағанын атап өтуіміз керек. Президенттің осы қаулысы қасаң тірлікке сан жүгіртті және республика бойынша білікті заңгерлерден тұратын кадрлар тобы құрылып, жалпыға бірдей құқықтық оқуды ұйымдастыру жөніндегі үйлестіру-әдістемелік Кеңесінің құрамы, оның ережесі мен жұмыс жоспары құрылды. Қазір республиканың барлық облыстарында аталған шаралар біршама жүйелі жолға қойылып, жұртшылыққа «Қазақстан Республикасының Конституциясы», «Қазақстан 2030» Даму стратегиясы, «Мемлекеттік қызмет туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Білім туралы», «Құқықтық сауаттылық», тағы да осы сияқты маңызды заң актілері насихатталып, түсіндіріледі. Бұл игі жұмыстар  құқықтық қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосып жатқаны баршамызға аян.

    Мемлекетіміздің бұқаралық ақпарат құралдарында, яғни теледидар, радио тарату хабарларында   құқық, заң тақырыбына арналған бағдарламалар, арнайы салаланған газет-журналдары бар. Мәселен, «Рахат» телеарнасындағы «Адам және заң» бағдарламасы көрерменге Ата заңына сәйкес кеңес береді. Ал «Заң» газеті, «Заңгер» және «Заң және заман»  құқықтық журналдары заң тақырыбына байланысты бейтарап бағыттағы басылымдар еркін ойларымен, салмақты салиқалы пікірлерімен оқырмандардың ықыласына бөленіп отыр. Құқықтық тақырыптағы телебағдарламалар мен газет айдарларының рейтингісі үнемі жоғары, себебі қоғамдағы шатақтар мен дау-жанжалдарға деген қызығушылық та үнемі жоғары. Ал Қазақ радиосындағы құқықтық бағдарламаларға келетін болсақ,  «Заң және біз», «Заман басқа заң басқа»,  «Кім жазықты» «Сіздің құқығыңыз», «Территория права» секілді авторлық хабарларының айтар ойы, көтерген мәселелер салмақты дүниелер бар. Бұл бағдарламалар бүгінгі күнде өз тыңдармандар аудиториясын қалыптастырып үлгерді. Десек те, Қазақ радиосындағы құқықтық мәселелерге арналған бағдарламаларды жүйелі талдау,жан-жақты зерттеу қолға алынғана қойған жоқ. Сондықтан бұл тақырып  күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе дер едік. 

    Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. 

    Қазақ радиосындағы жалпы ақпараттық-танымдық бағдарламаларды және оның ішінде құқықтық саладағы бағдарламаларды жан-жақты зерттеуді мақсат ете отырып, мынадай міндеттер айқындалады:

-Қалыптасқан тәжірибені жетілдіру мақсатында құқықтық хабарларды ұйымдастырудағы жеткен жетістіктер мен әлі де толықтыруды қажет ететін тұстарын ашып көрсету;

-Құқықтық радиохабарлардың тақырыптық ерекшеліктерін ашып көрсету;

-«Заң және біз» - журналистік зерттеу бағдарламасының мазмұндық сипатын ашу;

-«Кім жазықты?» құқықтық – танымдық хабарының негізгі қырларын талдау арқылы анықтау.

Жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы Кіріспеден, екі тараудан, төрт тақырыпшадан, қорытындыдан және пайдалынылған әдебиеттер тізімінен тұрады.  Диплом жұмысының бірінші тарауында Қазақ радиохабарларының көп жанрлылығы және тақырыптық ерекшеліктері қарастырылады. Ал екінші тарауы құқықтық-танымдық бағдарламалардың негізгі қырлары мен мазмұндық сипатын талдау арқылы ашып көрсетуге арналады.