Мазмұны

 

 Кіріспе---------------------------------------------------------------------  

 

Негізгі бөлім

 І. Ж.Аймауытовтың «Псиқолоғия» еңбегіндегі терминдер.

 ІІ. Ж.Аймауытовтың «Псиқолоғия» еңбегінің композициялық құрылымы.

 

 Қорытынды-----------------------------------------------------------------

 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі--------------------------------------

                 

 

                                                   Кіріспе

Тіл – қоғамдық құбылыс екені бәрімізге мәлім. Сондықтан оның лексикасы да өзгеріске бейім. Нақтырақ айтсақ, сөздік құрам жаңа сөздермен, кірме сөздермен, терминдермен әрдайым кеңейіп, байып отырады. 

Қазіргі тіл білімінде ең өзекті мәселелердің бірі – терминдердің аударылуы мен қолданылуы. Жалпы термин латынның «terminus», қазақша «шек», «шекара» деген мағынаны білдіретін сөзінен шыққан. Яғни бұлар жалпы сөздерден қызметі жағынан ажыратылып ерекшелінетін сөздер болып табылады.

«Бүгінгі таңда термин жасау ісіне ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қарау немесе кезіндегі А. Байтұрсынұлы бастаған ұлтжанды қазақ зиялыларының терминжасам тәжірибесін жалғастыру ісі қайта жанданды» [1, 26]. 

Шынымен де, А. Байтұрсынұлы бастаған зиялы қауымның терминжасам ісіне назар аударсақ, Ж. Аймауытовтың шоқтығы биік екенін аңғарамыз. 

«...Біртуар қазақ зиялыларының ішінде тәлім-тәрбие, оқу-ағарту мәселелері саласында сындарлы, терең мағыналы ғылыми еңбектерді өндірте жазған адамның бірі – Жүсіпбек.

1924 жылы мектеп мұғалімдері мен педагогикалық оқу орындарында оқитындарға арнап «Тәрбиеге жетекші», 1926 жылы екі кітап бірі – «Психология», екіншісі – «Жан жүйесі және өнер таңдау», 1929 жылы «Комплекспен оқыту жолдары», мектеп оқушыларына арналған «Жаңа ауыл», «Сауатсыздықты қалай жою керек?» кітаптарын шығарды » [2, 428] деп            Қ. Жарықбаев айта келе, Ж. Аймауытов еңбектерінің айырықша айтуға тұрарлық дүниесі – оның «Психология» еңбегі дейді. Өйткені,  «... бұл бүткіл советтік түркі тектес халықтар тіліндегі сол кездегі бірден-бір туынды» [2,428 ]. 

Бұл бір жағы болса, еңбектің құндылығының екінші себебі – ондағы психология пәніне байланысты терминдердің алғаш қолға алынып, тілімізде қолданыла бастауы. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселеге Ж. Аймауытов жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ назар аударған. 

 «Ұлттық үлгілі термин жасауды негізгі принцип етіп ұстау – Жүсіпбектің термин  жасау тәжірибесінің негізгі кредосы», - дейді Қ. Жарықбаев. 

Ал, Ж. Аймауытовтың өзі бұл жөнінде былай деп ой қорытады: 

«Белгілі ереже, заң, өткен ұғымдарын баяндайтын, бұрақтатса, мазмұны бұзылатын сөздерді, сөз жоқ, дәл қылып аудару керек. ... Орыс, Европа тіліндегі көркем әдеби сөздерді қазақшаға айналдырудағы мақсұт – жалаң, қарапайым адамға ұғымды ету емес, мәдениетті жұрттың үлгісімен, сөз кестесімен, олардың салыстыру пернесімен таныстырып, оқушыны терең айдап, қиялын байыту, сезімін ұстарта білу керек», - дейді [2,434-435].

Жоғарыда айтылып кеткендей, Жүсіпбек Аймауытов - психология терминдерін өз заманында алғашқылардың бірі болып сөз еткен ғалым. ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басы – қазақ ғылымының қалыптасуы, кең қанат жайған уақыты. Ж. Аймауытов заманы - қазақ халқының ғылымға сусындаған заманы. Бірақ сол кезде ұлттық тілімізде кітап, еңбектер болмағандықтан Жүсіпбектің замандастары А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов,       М. Жұмабаевтар қолдарына қалам алып, ғылымның әр салаларында оқу құралдар жаза бастады. Мәселен, А. Байтұрсыновтың «Тіл – құрал» еңбегі,      Қ. Жұбановтың 1935 жылы «Қазақстан Мемлекеттік термин комиссиясының» бюллетендерінде жарияланған мақалалары, М. Жұмабаевтың «Педагогика» еңбектерін атауға болады. Міне, сол кезден бастап, қазақ терминологиясының негізі қаланды. 

Ғылыми тілдің негізгі тірегі – терминдік жүйенің жасалу барысы ешқандай талас-тартыссыз тып-тыныш жүріп жатпағаны мәлім. Алғашқы, яғни 20-30 жылдарда қазақ тілінде термин жасау процесі  А. Байтұрсынұлы үлгісінше жүріп жатты. Ол – атау сөздерді, яғни терминдерді жасап, тұрақтандыруда негізінен қазақ тілінің өз байлығын барынша сарқа пайдаланып, іске қосу болатын. 

«Бұл жерде тілдегі терминденуге бейім әр сөздің қауызын ашып, тілін арши білген айырықша білгірлік нышаны байқалады. Ана тіліне адал қызмет еткен жандар тіліміздің бар қадыр-қасиетін зергерлерше зерделеп небір ғажайып терминдерді қатарға қосып кеткен. Бірақ өкінішке қарай, бұл бағыт әрі қарай баянды жалғасын таба алмады. Ұлт саясатындағы өрескел бұрмалаушылықтар терминжасам мәселесіне, жалпы тіл дамуына салқынын тигізбей қоймады», - дейді Ө. Айтбаев  [3,8-9].  

 Ал, Н. Ізімұлы өзінің заң терминдеріне арналған сөздігінің  алғы сөзінде былайша қорытады: 

 «Халықаралық терминдерден аракөде бас тартып, жүйесіз қазақыландыра беру тіліміздің ресми- ғылыми стилінің қалыптасуына кері әсер етіп, ғылымдарымыздың адамзат баласына ортақ ұғымдарды қабылдауын қиындата түседі...», - дейді [4,14-15].  Ә. Қайдар сөзімен айтсақ: 

«Кез- келген термин сөз, ал кез- келген сөз термин емес», - дейді  [5,25].  «Өркениет өріне қанат сермеп, егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болып отырған қазақ халқының – «ұлттық тіл», «әдеби тіл», «ғылым тілі», «мемлекеттік тіл» деген салалардан тұратын мәртебелі тілінің замана талабына сай жаңарып, өркениет өрісі мен үрдісіне сәйкес өзгеріп, толығып, дамып отыратын сезімтал да сергек, өміршең де өзекті арнасы – осы терминология», - деп ойын жалғастырады  [5,17].  

Сонымен қатар Ж.Аймауытұлы заманы – бұрындары ешкім баспаған ғылым жолында еңбектер жазып, жаңалықтар ашқан заман. Сондықтан да ғалымның «Псиқолоғия» еңбегінің композициялық жағын да сөз етпеуге болмайды. Өйткені бұл еңбектің тілі, жазылған стилі бөлек айтуға тұрарлық дүние.                              

Тақырыптың өзектілігі: мемлекетіміздің өркендеуінің басты көрсеткіші – ұлт тіліміздің көркеюі. Бүгінгі таңда терминология мәселесі өзекті тақырыптардың бірі болып саналады, өйткені терминдер ғылым тілінің көрсеткіші, сондықтан да ғылымға ұлттық көрініс беру осы терминдермен тығыз байланысты. Әсіресе қазіргі кездегі психология саласындағы интертерминдер мәселесі ғалымдар арасында дау туғызып отыр. Ж.Аймауытұлының «Псиқолоғия» еңбегіндегі терминдерді қолдануға ұсыну арқылы  ғылым тілінің ұлттық сипатын ашатын  терминдерге қол жеткізуге болады. Және де бұл еңбек қазақша ғылым тілін қалыптастыруда да өзіндік рөлі бар, психология саласында ғылыми стильде жазылған алғашқы оқу құралы болуымен қатар, бүгінгі психолог мамандардың негізгі тірегі, қайнар көзі. 

Зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздері: диплом жұмысын жазу барысында салыстырмалы және кешенді типологиялық әдістер басшылыққа алынды. Сонымен қатар, зерттеу барысында жинақтау, салыстыру, талдау, баяндау сияқты тәсілдер қолданылды. Ғылыми мәтін мен ғылым тілін зерттеуші ғалымдардың еңбектері кеңінен қолданылды, айталық, Ә. Қайдар,    Ө. Айтбаев, Қ. Жұбанов М. Серғалиев, С. Әлісжанов, Е.Әбдірәсілов, С.Исақова, Б. Әубәкірқызы, Ш. Құрманбайұлы және т.б. Психология саласында зерттеу жүргізген Қ. Жарықбаев, С. Қалиев, т.б. ғалымдар еңбектері де ескерілді. Сонымен қатар орыс тіл білімі ғалымдарының еңбектері негізге алынды, олар:  В.В. Виноградов, М.Н. Володина, А.С. Герд, В.П. Даниленко, М.Н. Кожина, Т.Н. Мальчевская, Н.М. Разинкина, М.П. Котюрова, т.б.

 Диплом жұмысының мақсаты: Ж.Аймауытұлының «Псиқолоғия» еңбегіндегі терминдердің құрылымдық негізін анықтап, қазіргі тілдік жүйедегі терминдермен арақатынасын айқындау және бүгінгі таңдағы психология саласындағы терминдермен салыстыру. 

Диплом жұмысының міндеттері: 

- Қазақ ғылым тілінің қалыптасу кезеңдеріндегі ерекшеліктерді  анықтау; 

- Ж.Аймауытұлының ғылым тіліне үлесі туралы ғылыми көзқарастарды негізге ала отырып, терминжасамдық тәсілдердің термин жасаудағы тиімділігін айқындау; 

- Ж.Аймауытұлының психология саласындағы терминдерінің құрылымын қазіргі қазақ грамматикасындағы терминдер жүйесімен салыстыра талдау арқылы олардың арақатынасын анықтау және семантикалық ерекшеліктерін айқындау. 

-  Ж.Аймауытұлының «Псиқолоғия» еңбегінің құрылымындағы тілдік құралдардың ерекшелігін анықтау. 

Диплом жұмысының құрылымы: диплом кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.