МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ                                                                                                          3

1 ФРАЗЕОЛОГИЯ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ  ТҮСІНІК                                     7
1.1 Неміс және қазақ тілдерінде фразеологияның зерттелу жайы               7 
1.1.1 Неміс фразеологиясының зерттелу жайы                                           7
1.1.2 Қазақ фразеологиясының зерттелу жайы                                            11
1.2 Фразеология және оның өзіндік белгілері                                            15
1.3 Фразеологизмдердің түрлері                                                                  17
1.4 Фразеологизмдердің сөз табына қатысы                                               19
1.5 Фразеологизмдердің шығу арналары                                                     20

2 НЕМІС ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛДЕРІНІҢ ҚҰРАМЫНДАҒЫ “АҚ”
ЖӘНЕ “ҚАРА” АТАУЛАРЫ БАР ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ
БІРЛІКТЕРДІҢ   ҚҰРЫЛЫМДЫҚ- СЕМАНТИКАЛЫҚ СИПАТЫ        23
2.1 Неміс және қазақ тілдеріндегі құрамында “ақ” және “қара”       
атаулары бар фразеологиялық бірліктерді салыстыра-салғастыра
зерттеу                                                                                                            23                                               
2.2 Түр-түстің адам өмірінде алатын орны                                               24                                                                                                                                                                                                     
2.3 Неміс және қазақ тілдеріндегі құрамында “ақ” және “қара”           
атаулары бар фразеологиялық бірліктердің морфологиялық сипаты      25
2.4 Неміс және қазақ тілдеріндегі құрамында “ақ” және “қара” 
атаулары бар фразеологиялық бірліктердің семантикалық табиғаты      30

ҚОРЫТЫНДЫ                                                                                                32

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ                                                                                    34
 КІРІСПЕ

Бүгінгі таңда адамзат тарихының шексіз өрлеп, кемелденген заманында мәдениет пен өнер, саясат пен тіл салаларында халықаралық қатынастың дамып, жанданған уакытында салыстырмалы және салғастырмалы тіл білімі ең өзекті де көкейтесті мәселенің бірі болып отыр. Олай дейтініміз, тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеу әр тілдің өрнек бояуын, ұлттық ерекшелігін, қайталанбас қасиетін танып білуге жол ашады. Салғастырмалы тіл білімі мәдениетаралық қатынастың төрінен орын алып, халықтардың бір-бірімен түсінісу барысын жүзеге асыруға кеңінен ат салысады.
Еліміздің өркениетті, экономикасы жоғары дамыған елдер қатарына косылуының бір кепілі - ана тіл тағдырына камқорлық.
Қазақ тілін басқа да шетел тілдерімен салғастыра карастыруды дамыту - ана тіліміздің қолданылу аясының кеңейіп, мемлекеттік тіл ретіндегі статусы мерейінің үстем болуына үлкен әсер ететіні сөзсіз.
Өркениет заманы қаншалықты шарықтау шынына шықса да, ұлт мәдениетін ұлт тілінен бөліп алып, дамыту мүмкін емес. Ұлт мәдениетінің қай түрін алсаңыз да, онда сол ұлттың бүкіл таным болмысы мен тұрмыс-тіршілік суреті сақталған. Ұлттың тарихынан, мәдениетінен, таным болмысынан, түрмыс-тіршілігінен хабардар ететін фразеологизмдер болып табылады.
Фразеологизмдер - тіл атаулының бәріне тән құбылыс. Тілдердің, әсіресе, құрылымы әр түрлі туыстас емес тілдердің фразеологизмдерін  кешенді түрде салғастыра зерттеу - салыстырмалы және салғастырмалы тіл білімінің  қызықты, әрі келешегі мол саласы.
Фразеология саласын тіл білімінің жеке пәні ретінде қалыптастыруда, оның нысандарын, тілдегі орны мен табиғатын зерттеу әдістерін анықтауда, маңызды теориялық тұжырымдар жасауда көптеген отандық және шетелдік ғалым лингвистердің енбектері ерекше орын алады. Олардың ішінде Копыленко М.М., Кеңесбаев I., Қайдаров А.Т., Сәбитова М.Т., Чернышева И.И., Флейшер В., Добровольский Д., Исабеков С.Е.,  Сәтенова С.К., Смағұлова Г.Н., т.б. атақты ғалымдардың жалпы және салыстырмалы-салғастырмалы фразеология саласының дамуына қосқан үлестері орасан зор.
Тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеу олардың бір-бірімен ұқсастық, бір-бірінен айырмашылық заңдылығын анықтауға, тілдің ұлттық қасиеттерін тереңірек түсінуге, жалпы және жеке аударма теориясының қалыптасуына зор мүмкіндіктер береді.
Тілдерді, әсіресе, үнді-еуропа тілдерінің фонетикалық, грамматикалық, лексикалық, т.б. жүйелерін типологиялық салғастырмалы әдісімен зерттеу XX ғасырдын екінші жартысынан басталып, бүгінгі таңда бұл бағыт салыстырмалы және салғастырмалы тіл білімі ретінде өз алдына лингвистикалық жеке сала ретінде қалыптасып отыр. Осы саланың басты бір тармағы ретінде түркі және герман тілдерін салғастыра зерттеу енді ғана өз бастауын тауып келеді. Сондықтан да түркі-герман, оның ішінде неміс және қазақ тілдерін салғастыра зерттеуде әлі шешуін таппаған мәселелер, міндеттер тұр. Осы мәселелердің бірі - неміс және қазақ тілдеріндегі түр-түс табиғатымен байланысты фразеологиялық тіркестерді кешенді түрде салғастыра зерттеу.
Түр-түстер халық өнерінде, ауыз әдебиетінде, халықтың ой-пікірінде, абстрактылы ұғымдар мен көңіл-күй сезімдерін бейнелі түрде беруде кеңінен қолданылады. Түр-түс фразеологизмдері - халықтың тарихын, салт-дәстүрін, адамгершілік заңдылықтарын, кәсібі мен тұрмыс-тіршілігін, мінез-құлқын, ой-жүйесін, жан сарайын бейнелейтін ең қысқа формадағы болмыс пен тұрмыс ережелері.
Зерттеудің өзектілігі. Неміс және қазақ тілдерінің құрамында түр-түс атаулары бар фразеологизмдерін салғастыра зерттеу отандық тіл білімінде әлі қолға алына қоймаған тың дүние. Неміс тіл білімі саласында да бұл тақырыпты лингвистикалық тұрғыдан зерттеуге арналған арнайы ғылыми еңбек жоқ. Осы тұрғыдан бұл фразеологизмдерді мағынасы мен құрылымы жағынан салғастыра зерттеу - қазақ тіл біліміндегі, сонымен қатар неміс тіл біліміндегі де өзекті мәселе. Өзара туыстас емес құрылымы әр түрлі неміс және қазақ тілдеріндегі құрамында “ақ” және “қара” атаулары бар фразеологизмдер алғаш рет салғастыра зерттеледі.
Зерттеудің нысаны. Осы курстық жұмыс неміс және қазақ тілдеріндегі құрамында “ақ” және “қара” атаулары бар фразеологиялық бірліктердің құрылымдық (структуралық) және мағыналық (семантикалық) жүйелерін талдап, оларды бір-бірімен салғастыра зерттеуге арналған. Кұрылымы әр түрлі туыстас емес екі тілдің кұрылымдық және мағыналық жүйелеріндегі ұқсастықтары мен айырмашылықтарын, әр тілдің өзіне ғана тән ерекшеліктерін анықтау - зерттеудің негізгі нысанын белгілейді.
Зерттеудің әдістері. Курстық жұмыста морфологиялық, синтаксистік және компоненттік талдау тәсілдері қолданылды.
Зерттеудің дерек көздері. Зерттеу жұмысының дерек көздері ретінде неміс және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық сөздіктерден теріліп алынған 151 екі тілдегі кұрамында “ақ” және “қара”  атаулары бар фразеологиялық бірліктер қолданылды. Атап айтқанда Л.Е.Бинович және М.Н.Гришиннің "Deutsch-Russisches Phraseologisches Wörterbuch" сөздігі, Дуденнің жүйелі сөздіктері, қазақ тілінде І.Кеңесбаевтың "Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі", Х.Қ.Қожахметова, Р.Е.Жайсақова, Ш.О.Қожахметовалардың "Қазақша-орысша фразеологиялық сөздігі", т.б. еңбектер қолданылды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Неміс және қазақ тілдеріндегі құрамында түр-түс атаулары бар фразеологизмдердің кұрылымдық және мағыналық жүйелерін салыстыра-салғастыра қарастыруды жұмысымыздың негізгі мақсаты деп белгіледік.
Алға қойған курстық жұмысымыздың мақсатына орай төмендегідей міндеттер шешілуі тиіс:
- неміс және қазақ тілдері фразеологиялық қорынан құрамында “ақ” және “қара” атаулары бар фразеологиялық бірліктерді теріп алу;
- неміс және қазақ тілдеріндегі құрамында “ақ” және “қара”  атаулары бар фразеологиялық бірліктер жасалуының өнімді деген құрылымдық-грамматикалық үлгілерін анықтау;
- неміс және қазақ тілдеріндегі құрамында “ақ” және “қара”  атаулары бар фразеологиялық бірліктердің құрылымдық жүйесіне талдау жасау;
- неміс және қазақ тілдеріндегі құрамында “ақ” және “қара”  атаулары бар фразеологиялық бірліктердің семантикалық жүйесіне талдау жасау;
- неміс және қазақ тілдеріндегі құрамында “ақ” және “қара”  атаулары бар фразеологиялық бірліктердің құрылымдық және семантикалық жүйелеріндегі ұқсастықтары мен айырмашылықтарын, өзіндік ерекшеліктерін анықтау.
Зерттеудің теориялық құндылығы. Неміс және қазақ тілдеріндегі құрамында “ақ” және “қара”  атаулары бар фразеологиялық бірліктер бұрын-соңды арнайы зерттеу нысаны болмай келгендіктен, бұл зерттеудің теориялық тұрғыдан тіл білімі ғылымына өзіндік үлесі болады деп санаймыз. Атап айтқанда, неміс және қазақ тілдері аталмыш фразеологиялық бірліктердің мағыналық, құрылымдық сипаттамасы жүйесіндегі ерекшеліктер мен ұқсастықтар жайында теориялық маңызды пікірлер айтылады.
Зерттеудің практикалық құндылығы. Зерттеу нәтижелері жалпы тіл біліміндегі салыстырмалы-салғастылмалы фразеология мәселелерін одан әрі толықтырып, байыта түседі деген ойдамыз. Зерттеу жұмысының теориялық тұжырымдарын неміс және қазақ тілдерінің салыстырмалы лексикология және фразеология салаларында, шет тілдерін үйрету барысында: грамматика, фонетика, синтаксисті өту кезінде қолданылып, жалпы елтану пәндерінде жұмсалып, оқу процессін интенсивті түрде өткізілуіне белгілі бір пайдасы тиер деген үміттеміз.

1 ФРАЗЕОЛОГИЯ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ  ТҮСІНІК
1.1 Неміс және қазақ тілдеріндегі фразеологияның зерттелу жайы

1.1.1 Неміс фразеологиясының зерттелу жайы
Фразеология ғылым ретінде алғаш рет ХХ ғасырдың 20-жылдары басқа лингвистикалық пәндерден бөлініп шықты. Бұл құбылыс Ф.И.Буслаев, И.И.Срезневский, А.А.Потебня, Ю.А.Бодуен де Куртене, С.Ю.Абакулов сияқты орыс лингвистерінің еңбектерінің арқасында болды. “Фразеология” терминін 1905 жылы француз лингвисті Чарль Балли енгізді. Ол тұрақты сөз тіркесін стилистикалық тұрғыда тілді әрлендіруші, безендіруші құралы ретінде қарастырды.
Қазіргі неміс тілінің фразеологиялық қорының анықталуы, сөздердің фразеологиялық жиынтығын шектеу принциптерін фразеологиялық емес типті тұрақты сөз тіркестерінен айқындау жалпы фразеология теориясының даму нәтижесінде соңғы жылдары ғана мүмкін болды. Фразеологияның жаңа лингвистикалық пән ретінде қалыптасу процессі жан-жақты, әрі тиянақты түрде орыс, ағылшын және неміс тілдеріндегі еңбектердің бірқатар соңғы фразеологиялық ізденістерінде баяндалады. Көптеген зерттеушілер концепцияларының арасындағы мәнді қарама-қайшылықтарға қарамастан, фразеология ғылымының басты проблемасы қазіргі кезеңде объективті критерийлер негізінде шешімін таппақ, яғни ресей лингвистерінің топтық талпынысының нәтижесінде туындаған объективті критерийлер негізінде.
Неміс тіл біліміндегі фразеологияның зерттелуіне мынандай кезеңдер тән:
1. Тіл туралы ғылымның әртүрлі бағыттарында тұрақты сөз тіркестерін қарастыру кезеңінің созылуы, оның ортақ бір пән ретінде фразеологияға біріктірілмеуі;
2. Фразеологиялық бірліктерді инвентаризациялаудың нақты теориялық принциптерінің болмауы;
3. Фразеология теориясының әлсіз сұрақ құрылымы, сонымен қатар берілген тіл аумағының  жаңа аспектілерін зерттейтін теориялық еңбектердің мүлдемге болмауы.