Мазмұны

 

КІРІСПЕ3

 

І БӨЛІМ ЗАҢ МӘТІНДЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ7

1.1 Қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің ерекшеліктері7

1.2 Ағылшын тіліндегі заң мәтіндерінің ерекшеліктері19

 

ІІ БӨЛІМ ЗАҢ МӘТІНДЕРІНІҢ АҒЫЛШЫН ТІЛІНЕН ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ29

2.1 Жалпы аудармадағы теориялық және әдістемелік негіздері29

2.2 Заң мәтіндерін аударудың лингво-мәдени факторлары33

2.3 Заң терминдерін аударудағы әдістемелер36

 

3 ЗАҢ МәТІНДЕРІН АУДАРУДАҒЫ  БАЛАМАЛЫҚ МәСЕЛЕЛЕРІ48

 

ҚОРЫТЫНДЫ58

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН әДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ60

 

 Кіріспе

 

 

Аударма – мәдениетаралық қатынастың маңызды құралы, өйткені ол бір тілдік мәдениет айғағын екіншісіне таныстырушы орталық буын. Мәдени қарым-қатынасқа көп түскен, яғни өзге мәдени әлемнің когнитивті тәжірибесімен кеңінен таныс мәдениеттің тілінің аударуға бейім келетіндігі, соның нәтижесінде аударма ісінің үдере өрбитіндігі де белгілі жайлар. 

Заң аудармалары тіл мен айтылудың стильіне арнайы талаптар қойылады, дұрыс таңдалған стиль-мазмұн  және ой құрылымдарының шындығымен белгіленеді. Осыған байланысты заң құжаттарын сапалы және шынайы аудару үшін тек заң білімі ғана қажет емес, сондай-ақ арнайы заң тілін де иелену керек. Ал заң тілін толық меңгеру үшін ағылшын және қазақ тілінде заң терминдерін жетік білу қажет.

Қоғам дамуының жаңа кезеңіне көтерілгенде, халық тұрмысына, ғылымға, салалық өзгерістер енгенде көптеген жаңа атаулар, соны ұғымдар пайда брлып, соған байланысты тілдегі бұрыннан бар сөздердің мағыналары көбейеді немесе мүлдем жаңа сөздер, терминдер туады. Осындай жолмен туындайтын, халық тұрмысына өзгерістер болған сайын жетілдіріп отыруды қажетсінетін терминология саласының бірі – заң терминдері.

Республикамызда заң мамандарын дайындау XX ғасырдың 20-жылдарының аяғында басталды. Демек, сол кезден  бастап қазақ мемлекетінде заң саласындағы терминдер қалыптаса бастады.

Ғылым мен мәдениттің шарықтай өскен заманында басқа терминдер  сияқты заң терминдерінің құрамында да көптеген өзгерістер болды. Бұрынғы терминдер құрамындағы бірқатар атаулар ескіріп, оның есесіне жаңа ұғымды білдіретін соны атаулар пайда болды. Мысалы, болыс, би, қазы, ұлық  т.б осы сияқты көне атаулар архаизмге: прокурор, қорғаушы, тергеуші т.б. сөздер осы кездегі  әлеуметтік меншік пен мемлекетті қорғаушы субъектілердің мазмұнын білдіретін  терминдік мәнге ие болды.

Заң терминдерінің негізін халықтың әдет-ғұрыптарынан, заңдарынан, жол-жолдарынан, қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдарынан, заң кодекстерінен, қылмыстық істер кодекстерінен кездестіруге болады. 

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Елбасымыз өз жолдауында атап айтқандай, Қазақстан халықтарының рухани дамуын өркендету мақсатында көп ұлтты еліміздегі халықтар ұлттық құндылықтарын сақтай отыра, ұлт мəдениетін дамыту шараларын жүзеге асыру қажет. Сонымен қатар президентіміз халықаралық конфессиональдық диалог пен халықаралық мəдениеттің маңызды орталығына айналу үшін Қазақстанды жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Осындай ұлы мақсаттарға қол жеткізу барысында Қазақстанға əлем əдебиетімен мəдени байланысын нығайта түсу үшін аса қажет аударма саласы, оның ішінде аударма саласындағы заң терминдерін аудару аясы өзекті мəселелерінің бірі болып табылады.

Дипломдық жұмыстың мақсаты қазақ және ағылшын тілдеріндегі заң терминдерінің ерекшеліктерін көрсетіп, заң мәтіндерінің ағылшын тілінен қазақ тіліне аудару ерекшеліктерін зерттеу болып табылады.Айтылған мақсатқа жету үшін келесі міндеттер қаралды:

- қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің ерекшеліктерін қарастыру;

- ағылшын тіліндегі заң мәтіндерінің ерекшеліктерін қарастыру;

- заң мәиіндерінің жалпы аудармадағы теориялық және әдістемелік негіздерін анықтау;

- заң мәтіндерін аударудағы әдістемелерді меңгеру;

- заң мәтіндерін аударудағы баламалық мәселелерді талқылау.

Зерттеу нысаны. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі заң терминдерінің мағынасы мен ерекшеліктері, жалпы қалыптасу принциптері мен заңдылықтары ескеріледі. Зерттеуде тілдік құбылыстардағы заң терминдерінің жүйелілігі, дәйектілігі негізінде алынды. 

Зерттеу жұмысының материалы ретінде қазақ және ағылшын тілдеріндегі заң ұғымындағы терминдік бірліктер алынды.

Зерттеудің дереккөздері. Қазақ тілінде осы кезге дейін аударма теориясы мәселелері бойынша қорғалған зерттеу жұмыстары, Заң терминдерінің ағылшынша-қазақша сөздігі (Окушева Г. Т, 2004), Заң терминдерiнiң қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздiгi (1995), Тіл білімі сөздігі (1998), Заң терминдерінің  түсіндірме сөздігі (М.Ізімұлы, 2000), Толковый переводоведческий словарь (Л.Л.Нелюбин, 2003) т.б. пайдаланылды.

Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында алға қойған мақсат-міндеттерді орындау үшін мынадай әдістер мен тәсілдер басшылыққа алынды:

–  негізгі дереккөздерді жинау барысында жаппай сұрыптау, жүйелеу, талдау тәсілдері;

–  заң терминдерінің лексика-семантикалық және уәжділік ерекшеліктерін баяндауда лингвистикалық сипаттама тәсілі және компоненттік талдау.

Зерттеудің теориялық құндылығы. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі терминологиялық жүйе осы зерттеуде зерделеніп, қазақ тіл біліміндегі терминология теориясына өзіндік деңгейде үлес қосады. 

Зерттеу барысында қол жеткен ғылыми нәтижелер мен тұжырымдар заң терминологиясы нысанасындағы теориялық мәселелерді айқындауға, дәйектеуге және әрі қарай дамытуға өз септігін тигізеді.

Зерттеудің тәжірибелік құндылығы. Сонымен жұмыс нəтижелерінің аударма саласында маңызы бар халықаралық құжаттарды, келісім-шарттарды ағылшын тілінен қазақша аудару бағытындағы атқарылатын жұмыстарға заң терминдерініңі рөлі мен қызметінен мəлімет беру арқылы көмегін тигізе алады.

Дипломдық жұмыстың негізгі материалдары мен теориялық тұжырымдарын жоғары оқу орындарында аударма теориясы салаласынан оқулықтар мен оқу құралдарын жасауда, арнайы семинар мен арнайы курстық, аудиториялық дәріс оқуда пайдалануға болады. Сонымен, өз шешімін күтіп тұрған басқа да ұқсас құбылыстардың аражігін ашуда септігін тигізіп, заң терминология салаларына қатысты болашақ зерттеулерге жол ашады. 

Дипломдық жұмыстың теориялық негіздемесі болып қазақ тілінде осы кезге дейін аударма теориясы мәселелері бойынша қорғалған зерттеу жұмыстары, заң терминдерінің ағылшынша - қазақша сөздігі, отандық ғалымдардың және шетел ғалымдарының еңбектері қарастырылды..

Жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы кіріспе, үш тарау, қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі беріледі.

 

 

 І Бөлім Заң мәтіндері және олардың ерекшеліктері

 

1.1 Қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің ерекшеліктері

 

 

“Тіл туралы” Заңның 4-бабында “Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі”, – деп жазылған. Бірақ осы қағиданы ойдағыдай жүзеге асыруда мемлекеттік органдарда нақты әрекет тіпті жеткіліксіз. [1-25б.]

Үкімет мыңдаған заң жобаларының бірде-біреуін мемлекеттік тілде ұсына алмады. Республиканың мемлекеттік органдары мен ұйымдарында заң, ресми құжаттар және барлық қаулы-қарарлар мемлекеттік жауапты адамдардың ойланып-толғанып, тікелей араласуымен жазылмай, орыс тілінде дайындалады. Ресми құжат дайындау ісіндегі мемлекеттік тілдің жай-күйіне нақтырақ тоқталайық. 

Ресми құжаттарды әзірлеу ісінде кеңес дәуірінен қалған тәртіп, яғни орыс тілінің үстемдігі бәз-баяғынша сақталып қалса да, енді оның қазақша нұсқасының болуы міндетке айналды. Жалпы, тәуелсіздігіміздің тарихымен есептесек, 90-шы жылдардың алғашқы жартысын ресми аударма дамуының бірінші кезеңі деп айтуға болады. Құжаттың қазақша аудармасы бар ма, бар деген ыңғайда оның сапасына онша мән берілмеуі, аудармашының авторлық стилін ескеру осы кезеңге тән құбылыстар.

Уақыт өте ресми құжаттың, оның ішінде заңнаманың өзіне тән бұлжымас ортақ стилі болатыны, құқық қолдану мәселесі құжат тілін әркімнің стиліне салуды көтермейтіні анықтала түсті. Ресми аударманың көркем аудармадан басты ерекшелігі де осында еді.

90-шы жылдардың одан кейінгі жартысын қамтыған екінші кезеңде аударманың сапасы мен мағынасына мән беріле бастады. Терминкомның жұмысы жанданып, терминологиялық қорымыз біршама байи түсті. Бұл кезеңнің бір кемшілігі – мемлекеттік тілдегі құжаттар заң терминдері мен атау сөздердің баламаларын сынап көретін эксперименттік алаңға айналды. Ол тәжірибені ресми аударманың дамуында орын алған кемшілік десек те, бұл сол кездегі қажеттіліктен туындап еді. Қоғамдық өмірдің сан саласында жоғары қарқынмен жүргізілген реформалар нәтижесінде тілдік айналымға күн санап көптеп енген жаңа сөз тіркестері мен сөз орамдары ғылыми-теориялық, заңгерлік сараптамалық тұрғыдан жүйелі сараптаудың болмауы салдарынан аудармашыны осылайша өз бетінше әрекет етуге мәжбүр етті. Заң нормаларының практикада қолданы­луында қиындық туғызатын бұл жағдайдан әлі де толық арыла алмай отырмыз.

Қазіргі кезеңді ресми аударма дамуының үшінші кезеңі деп айтуға болады. Бұл терминдерді бір ізге түсіріп, бұрын жаңсақ қолданылғанын түзету, олардың мағынасына көңіл бөлу кезеңі. [2-87б.]

Осы жерде тағы бір тоқтала кететін маңызды мәселе: бізде ресми аударма ісі, әйтеуір тілден хабары бар ғой деген ниетпен, негізінен журналистер мен филологтарға жүктелген. Ал өз басым заңның мәтінімен жұмыс істейтін адам міндетті түрде заңгер болуы керек, тым болмаса ол құқықтың әр саласынан хабардар болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, майталман аудармашы-журналистердің өзі заңның мәтінімен жұмыс істеуге келгенде, сол заңның табиғатын түсіне алмай қиналады. Әрине, бұл олардың кінәсі емес. Бүгінгі күнге дейін солай болып келді, қазір де солай. Сөздің мағынасын жете түсініп, қазақи ұғымға сай сөйлем құрғанымен, әр заң мен құқықтық актіде норма болатынын, әр сөздің болмаса да әрбір сөйлемнің норма жүгін арқалап тұратындығын кез келген аудармашы түсіне бермейді. Ал оны аңдамаған адам қазақшаға еркін аударып, немесе тігісін жатқызып редакциялап, бір қарағанда әп-әдемі, бас-аяғы дұрыс сөйлем құрғанымен, орыс тілін­дегі түпнұсқамен салыстырып, заң шығарушының не айтпақ болғанын зерделегенде, оның айтпақ ойын, яғни норманы бұзып алатын жағдайлар да аз емес. Сондықтан заң мәтінімен жұмыс істейтін аудармашы да, редактор да оның табиғатын түсінетін адам, яғни заңгер болуы керек. [2-102б.]