І Кіріспе

1. Дискурс және іс-әрекет субъектісі: зерттелуі, өзекті мәселелері. 

1.1. Дискурс және оның зерттелуі; 

1.2. Ғылыми дискурс, оның ерекшеліктері; 

1.3. Іс-әрекет субъектісі және оның тіл біліміндегі зерттелу жай-күйі; 

1.3.1. Іс-әрекет субъектісі – бастауыштың құрылымдық тіл біліміндегі көрінісі; 

1.3.2. Іс-әрекет субъектісінің дискурстық көрінісі. 

2. Ғылыми дискурстағы іс-әрекет субъектісі: түрлері, жасалу ерекшеліктері; 

2.1. Іс-әрекет субъектісі – автор; 

2.2. Іс-әрекет субъектісі – қоршаған ортадағы белгілі бір құбылыстарды сипаттау пәні (объектісі); 

2.2.1. Іс-әрекет субъектісі – жансыз зат; 

2.2.2. Іс-әрекет субъектісінің әрекетін басқа бір субъекті арқылы берілуі. 

ІІІ Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.1. Дискурс және оның зерттелуі
 
Тіл білімі дамуының кейінгі кезеңінде дискурс теориясына байланысты арнайы зерттеулер өріс алып, дискурс пен мәтінді ажырата көрсетуге ұмтылған еңбектер жариялануда. Тұтас алғанда дискурс мәселесі қазақ тіл білімі үшін жас, әлі толық қалыптаса қоймаған, лингвистиканың пәнаралық сипаттағы саласы. Дискурстың мәні мен мазмұнына терең бойламас бұрын, оның зерттелуіне тоқтала кеткен жөн. Дискурс талдау теориясына қатысты жарияланған шетелдік зерттеушілер еңбектері (Т.Гивон, А.Е.Кибрик, Т.А.ван Дейк, Н.Хомский, Л.С.Выготский, Т.В.Ахутина т.б.) және қазақ тіл білімінде мәтін лингвистикасына, стилистикаға, синтаксиске және когнитивтік лингвистикаға қатысты зерттеу жүргізген ғалымдар (Р.Сыздық, Р.Әмір, Т.Сайрамбаев, Б.Шалабай, А.Жұбанов, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Г.Қосымова, З.Ш.Ерназарова, Г.Әзімжанова, Қ.Есенова, Ж.Қайшығұлова, Қ.Айтмұхаметова т.б.), дискурсқа қатысты пікір білдірген Н.Уәли, Д.Әлкебаева, Г.Бүркітбаева, Ж.М.Кеншінбаева т.б. зерттеулері бар. 
«Дискурс» ұғымын алғашында шетелдік зерттеушілер әртүрлі көзқарас тұрғысынан қарап зерттеді. Мысалы, Т.ван Дейк, Дж. Остин, Дж. Серля, М.Фуко, Э.Гофман, С.И.Виноградов, Б.П.Паршин, В.З.Демьянков, Ю.С Степанов және т.б. 
Ю.С.Степанов бойынша дискурс дегеніміз «тіл ішіндегі тіл». «Дискурс – это «язык в языке», но представленный в виде особой социальной данности. Дискурс существует, главным образом, в текстах, но таких, за которыми встает особая грамматика, особый лексикон, особые правила употребления и синтаксиса, особая семантика – в конечном счете особый мир...» [1.21]. Яғни дискурс ұғымының өзі «тіл – рух үйі», «тіл – болмыс үйі» деген философиялық тезистің мазмұнын ашады. 
Ал В.З.Демьянков дискурсты сөйлемдер мен фрагменттерден тұратын интерпретатордың көз алдына ойша келетін мәтін ретінде анықтайды, ал дискурс мазмұны көбінесе «дискурс топигі» немесе «дискурсивті топик» деп аталатын «тірек» концептінің айналасында шоғырланады. 
Жалпы дискурс теориясының сипаты пәнаралық деуге болады. «Бұл теория адам қызметінің түрлі аспектілерінде назар аударатын академиялық пәндерді қамтиды: антропология, журналистика, риторика, әдебиет пен мәдениеттану, әлеуметтану, психология, география, заң ғылымы мен білім беру», - деп анықтайды Х.Х.Нүрсейітова медиялық дискурс туралы [1.21]. 
Дискурс теориясының қалыптасуында екі дәстүрдегі мектеп өкілдері (американдық мектеп, оның негізін салушы – Франц Бае, чеш лингвистикалық мектебінің дәстүрі, негізгі өкілі – Вильям Матезиус) маңызды рөл атқарды. Дискурс талдау теориясының жеке пән ретінде қалыптасуы жалпы тіл білімінде ХХ ғ-ң 70-жылдарына, қазақ тіл білімінде бұл мәселеге қатысты зерттеулердің ғылыми айналысқа түсуі өмір сүріп жатқан ғасырымыз, ХХІ ғасырдың басына жатқызылады. 
Қазіргі филологиялық ғылымда дискурс пен оның табиғатын ашуға байланысты пікірлер әр тарапты. Оны «белгілі бір аядағы ағымдық тілдік қызмет», «тілдік байланыстар арқылы жасалатын мәтін», «аяқталған тілдік қарым-қатынас», «оқиғалық аспектідегі мәтін» тағы сол сияқты көптеген анықтамалар беріледі. Сонда «дискурс» ұғымы тілдік қызметті де, мәтінді де, мәтін аясын да, ойтолғамды да білдіретін көп қырлы термин. Яғни, бір сөзбен айтқанда, дискурс мәтіннен басқа экстралингвистикалық факторларды (қоршаған ортаны, ойтұжырымды, қағидалар мен адресаттың мақсаты) білдіретін күрделі экстралингвистикалық құбылыс. Бұл жөнінде Л.Дж.Филиппс, М.В.Йоргенсен, М.Л.Макаров, Е.И.Шейгалдардың зерттеулерінде кең айтылған. [2.16].    
Дискурс талдау теориясын түбегейлі зерттеудің проблемаларын айқындап, шешімін іздеу қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Оған дәлел ретінде дискурс терминінің әлі де нақты анықталмауы, ғылымаралық сипатының басымдығы, мәтіннен ажырату шарттары, дискурстық бірліктердің лингвистикалық табиғатының және мәтін ішінде бөлшектеу алгоритімінің нақты белгіленбеуі т.б. мәселелердің зерттелу қажеттігін көрсетуге болады.  [3.3].  
Қазіргі дискурс теориясы, «дискурс» термині сияқты, антикалық риторикадан бастау алады, дегенмен дербес сала ретінде ХХ ғ. 60-жылдарында ғана мәтін лингвистикасы деген атауға ие болған көптеген зерттеулер аясында қалыптасты. Бұл лингвистиканың шектеулі сөйлеу аясынан (сөйлем) шығып, негізгі белгілері ойдың аяқталуы, бірлігі, байланысы және т.б. болып табылатын мәтін жасайтын сөз сөйлеудің синтагматикалық жүйені талдауға өткен кезеңі болды.  
Тіл білімінде мәтін туралы, мәтін талдау мәселелері өткен ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап лингвистика тарихында елеулі жетістіктерге жетті. Мәтіннің ақпараттық құндылығына, оның таңбалық, тілдік және қатысымдық, мәденитанымдық, когнитивтік ерекшеліктеріне қарай зерттеу бағыттары да сан қырлы болып келеді. 
Алдымен мәтін туралы жалпы түсінікті айқындап алу қажет. Бұл туралы тілтанымда мәтін теориясы және мәтін лингвистикасы туралы жазылған негізгі тұжырымдарды толық саралай отырып, айтылған басты қағидалар негізінде ой дамытылды. Әсіресе, орыс тіл білімінде мәтінге қатысты зерттеулер ХХ ғасырдың соңғы ширегінде жан-жақты көріне бастады. Мәтінді лингвистика пәні деп қарастыру мақсатында И.О.Москальскаяның пікірі: 
 Аяқталған айтылымды білдіретін сөздің негізгі бірлігі сөйлем емес, - мәтін, мәтін синтаксис деңгейінің жоғары бірлігі. 
 Нақты сөз «речь» туындылары – мәтіннің негізінде мәтінді құрудың жалпы принциптері жатыр; олар сөз саласына емес, тіл жүйесіне немесе тілдің құзырына жатады. Сонымен мәтінді сөздің бірлігі ғана емес, тілдің бірлігі деп қарау керек. 
 Мәтін тілдің басқа да бірліктері сияқты таңба жүйесінің бөлігі болып табылады. 
 Мәтінді ерекше деңгейдегі тіл және сөз бірліктері ретінде жан-жақты қарастыру ерекше лингвистикалық пән – мәтін лингвистикасының құрылуын талап етеді. Сондай-ақ, мәтін лингвистикасының пайда болуына 40-50 жылдары барлық лексикалық және грамматикалық феномендерді сөйлемнің шеңберінде толық түсіндіру, толық ашу мүмкін емес, деген пікірлерден кейін мәтін лингвистикасы бастауын алды.