Мазмұны 

Кіріспе 

I Тарау. Ахмет Байтұрсынов және қазақ терминологиясы

1.1. Қазақ терминологиясының қалыптасу кезеңдері. 

1.2. Ахмет Байтұрсыновтың тіл біліміне қажет терминдерінің жалпы сипаты.

1.3. Ахмет Байтұрсыновтың термин жасаудағы әдіс-тәсілдері. 

II Тарау 

2.1. Қазіргі қазақ лексикасының терминденуі. 

2.2. Ахмет Байтұрсыновтың  фонетика саласындағы терминдері мен 

 тілдің қазіргі дыбыстық жүйесіндегі терминдердің арақатынасы.

2.3. А.Байтұрсыновтың  грамматика саласындағы терминдері мен  қазіргі грамматикалық жүйедегі терминдердің сипаты.

 

Қорытынды   

 

    

                                      Кіріспе

Ұлттың қоғамдық-саяси, рухани-мәдени өмірінде болып жататын өзгерістердің барлығы оның тілінен көрініс таппай қалмайды. Тіл тек қатынас құралы ғана емес, халықтың танымы мен білімінің жинақтаушысы да болғандықтан, солай болуы заңды да. Ғылым тілінің даму тарихын да халық өмірінде болған өзгерістермен байланыстырмай, бөліп алып қарауға болмайды. Сондықтан да бұл диплом жұмысында жалпы термин шығармашылығы, оның ішінде терминологиялық лексиканың барлық тәсілдері арқылы жасалған лингвистикалық  терминдер қоғам өмірінде болған сондай өзгерістермен тікелей байланыста қарастырылады. Қазақ терминологиясының қалыптасу, даму тарихы термин шығармашылығының барлық уақытта бір қалыпты жүріп жататын үдеріс емес екендігін көрсетеді. Түрлі себептердің әсерінен белгілі бір мерзім аралығында терминдер қатары тез өсіп, терминологиялық лексиканың ауқымы молая түссе, келесі бір уақыт аралығында ондай қарқындылық байқалмайды. Оның бірнеше себептері бар. Солардың ішіндегі термин шығармашылығына тікелей ықпал ететін ең басты факторлардың бірі — ғылым мен техниканың дамуы болса, екіншісі — сол елде үстемдік етуші тіл саясаты. Ғылым жақсы дамыған тұста көптеген жаңа ұғымдар пайда болып, олар тілден өзінің таңбаланушысын табуды қажет етеді. Мұндай құбылыс арнаулы саланың барлығына емес, санаулы бір ғылым салаларына ғана тән болуы да мүмкін.  Ұлт тілінің ғылым саласындағы қызметі, термин шығармашылығына қатыстырылуы сол тілдің қоғамда атқаратын рөлімен тікелей байланысты. Ал тілдің    қоғамда   қандай   рөл    атқаратындығын    сол    елдің   тіл    саясаты белгілейтіндігіне өткен ғасырдағы қазақ терминологиясының даму жолдары дәлел бола алады. 

Терминологияның дамуы мен қалыптасуының өзіндік тарихы бар. Оны ғылым мен техниканың өркендеуінен, қоғам өмірінде болып жататын саяси-экономикалық, рухани-мәдени, тарихи-әлеуметтік өзгерістерден мүлде бөліп алып қарауға болмайды.

     Қазақ тіліндегі термин қалыптастырудың алғашқы тәжірибелері Қазан төңкерісіне дейін де болған. Бұл пікірді барлық зерттеушілер де растайды. Қазіргі қазақ тіліндегі лингвистикалық  терминдерде де сол алғашқы тәжірибелердің негізінде қалыптасып, даму қалыптасу барысының түрлі жолдарынан өтіп, өзінің дамуы мен қалыптасуының қай кезеңінде де мемлекеттің жүргізіп отырған ресми тіл саясатынан тыс қалып көрген емес. Дәлірек   айтқанда,   терминологияны  дамыту  мен   қалыптастыру   қашан  да мемлекеттің  жүргізіп   отырған  ұлттық  саясатының  жалпы  қағидаларына негізделген тіл саясаты айрықша көңіл бөлетін,  басты назарда ұстайтын мәселелерінің қатарында болып келген. Оны  қазақ терминологиясының дамуынан  айқын    көруге    болады.   Ал тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту бағытында елімізде терминологияны ретке келтіру, жетілдіру мақсатында мемлекет тарапынан қарымды қадамдар жасалды. Термин шығармашылығы біршама жанданып, арнаулы салаларда жаңа атаулар жасалып, олар біртіндеп тілімізге ене бастады. Соның бірі – лингвистикалық терминдер жүйесі. Ұлттық әдеби тілдің ғылым нысанына  айналып, әр түрлі қырынан зерттелуі оның грамматикалық, лексикалық, фонетикалық, орфографиялық нормаларының қалыптасуына зор әсерін тигізді. Тілдің даму бағытын бағдарлап  жаңа сөз жасау, термин қабылдау, заман талабына сай даму жолындағы ғылыми техникамыздың түрлі саласындағы терминдерді қалыптастыруда  төл тіліміздің ерекшеліктерін негізге алып отыру, оны назардан тыс қалдырмау - өткен ғасырдың бас кезінен бері жалғасып келе жатқан дәстүр. Бұл дәстүр бүгінгі күні де өзінің өзектілігін жойған жоқ.

   Жұмыстың зерттеу нысанына алынып отырған лингвистикалық терминдер қатарында да тыңнан жасалған, әсіресе шет тілдерден енген сөздер санының көбеюі аталған мәселеге аса мұқият, үлкен  жауапкершілікпен көңіл бөлуді талап етеді. Бұл тек лингвистикалық терминдер жүйесіне қатысты мәселе емес, тілдің жалпы терминдік қорына да байланысты.

   Ал қазақ  тілтанымында соңғы кездердегі зерттеу еңбектерінде универсалий, реалий, кониотация, сигнификат, денотат, пресуппозиция тағы сол сияқты басқа тілден енген және сөзтұлға-сөзпішін, тұлғаным (форма), үндестік-үндесім (сингармонизм), бейүндесім-бейүндестік (аккомодация)   тәрізді түрліше  қолданылып жүрген атаулар сала мамандарының өзідеріне де кей тұстарда елеулі қиындық келтіретіні белгілі. 

Сондықтан қазақ тіліндегі лингвистикалық терминдерді құрылымдық, мағыналық, қолданыстық жағынан біріздендіруде, қалыптастыруда қазақ тілтану ғылымының негізін салушы, ұлы тұлға А.Байтұрсыновтың ғылыми мұраларының маңызы ерекше. 

Жалпы, тілдің дыбыс жүйесі, лексика, грамматика, диалектология, әдістеме салаларындағы атаулардың барлығы лингвистикалық терминдер жүйесін құрайтындығы белгілі. Олардың құрылымдық негізін бір ғана жұмыстың көлемінде талдап шығу да мүмкін емес. Сондықтан диплом жұмысының зерттеу нысанына тілдің дыбыс жүйесі мен грамматика саласындағы терминдер алынды. 

Диплом жұмысының мақсаты – А.Байтұрсыновтың лингвистикалық терминдерінің құрылымдық негізін анықтап, қазіргі тілдік жүйедегі терминдермен арақатынасын айқындау. 

Диплом жұмысының міндеттері: 

- қазақ терминологиясының қалыптасу кезеңдеріндегі ерекшеліктерді анықтау; 

- А. Байтұрсыновтың терминология саласына үлесі туралы ғылыми көзқарастарды негізге ала отырып, терминжасамдық тәсілдердің термин жасаудағы тиімділігін айқындау; 

- А. Байтұрсыновтың лингвистикалық терминдерінің құрылымын қазіргі қазақ грамматикасындағы терминдер жүйесімен салыстыра талдау арқылы олардың арақатынасын анықтау. 

Жұмыс барысында А. Байтұрсынов, Ә. Қайдар, Ө. Айтбаев, Р. Сыздық, т.б. ғалымдардың ғылыми тұжырымдары негізге алынды. 

Диплом жұмысы бойынша «Жоғары оқу орындарындағы қазақ тілі мен әдебиеті мәселелері: көркем мәтін, тіл мәдениеті, стилистика» атты студенттік-ғылыми конференцияның материалдары жинағында бір мақала жарияланды. Диплом жұмысы кіріспе, негізгі екі тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.