МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ................................................................................................................3

1.XIX ҒАСЫРДАҒЫ АЙТЫСТЫҢ КӨРКЕМДІК ДАМУЫ......................7
1.1 Шөже, Сүйінбай тіліне тән өзіндік қолданыстар.........................................10
1.2 Кемпірбай, Әсет айтыстарының көркемдік ерекшелігі...............................18
1.3 Ақындар айтысындағы әлеуметтік-тұрмыстық сарын, ел мүддесі............30

2.АЙТЫС АҚЫНДАРЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ................................................................................38
2.1 Діни-философиялық дәстүр жалғастығы......................................................40
2.2 Жыраулық дәстүр жалғастығы.......................................................................45
2.3 Ақындық, сал-серілік дәстүр жалғастығы....................................................54

ҚОРЫТЫНДЫ....................................................................................................60

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ......................................................62



Кіріспе

Кез-келген ұлттың бүгінгі өркениеттегі даму процесі оның өткен тарихынан, рухани болмыс-бітімінен бастау алады. «Алдыңғы ұрпақ жасаған рухани мәдениетті оған жалғас келген екінші ұрпақ берік иеленіп, мұраланып отыруы табиғи заңдылық, ал бұл мұралардың зерттелуі, насихатталуы, өз жағдайында жетілдіре, дамыта отырып пайдалануы екінші ұрпақтың келер ұрпақ алдындағы міндетті борышын өтеуі»,- дейді әдебиетші ғалым                      Қ. Өмірәлиев.
Айтыс өлеңдерінің әдебиет тарихынан алатын орны мен мәні айрықша. Өйткені, бұл жанр аса бай халық әдебиетінің ертеден-ақ өнімді де арналы жеке бір саласын құрап келген. Тіпті, ол бүгінгі тәуелсіздік алған өмірімізді бейнелеуге де елеулі үлес қосып отыр. Сондықтан бұл жанрдың суырыпсалма дәстүріне қарым-қатынасы мен өзіндік табиғи белгі-сипаттарын , оның сан ғасырлар бойғы даму, мәтіндік ерекшеліктері мен бүгінгі айтысқа жалғасу жолдарын, айтыстағы шындықтың орны мен көркемдік мәселесін арнайы зерттеу қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының басты міндеттерінің бірінен саналады. Бұл тұста ірі жазушымыз, ғалымымыз М.О.Әуезовтің айтыс туралы: «Ауызша әдебиет ішінде айтыстан көп кездесетін өлең жоқ...Бұл өлеңдер өте көп, көптігі жұрттың бәріне мәлім. Бұл күндері баспаға басылып, ол жазба күйінде жиналып жүрген айтыстардан басқа талай-талай жақсы айтыстардың әлі күнге жазылмай, жиналмай жүргені де толып жатыр. Бұдан айтыс сөз қазақ ескілігінде өте жанды, өте қызулы, бағалы сөз болғанында дау жоқ» - деген ұлағатты сөзі ойға оралады.
Айтыс тарихы көнеде бермен қарай ұлтпен бірге жасасып келе жатыр. Оған мысал елдің ескі әдет-ғұрпына жататын тұрмыс-салт жырларындағы «Жар-жар» мен «Бәдік» өлеңдерінің айтыс формасында болып келуі. Айтыс табиғатын зерттеуші М.Жармұхамедұлы мынадай бір тосын мәлімет келтіреді: «Айтыс түрік тектес елдерде ертеден бар екені аңғарылады. Бұған М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты жинағындағы «Қыс пен Жаздың айтысын», сондай-ақ Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хикметіндегі» «Дозақ пен Пейіштің» айтысын дәлел ретінде айта аламыз» Бұл дерекке қарап атамұра өнеріміз қазақ ұлт боп қалыптаспай тұрған кезде де бар болғандығын аңғарамыз. Осы дәстүрдің арғы шығу тегін зерделей отырып, басқа да елдердің ұқсас әдеби үрдістерімен салыстыра зерттеген М.Әуезовтің пікірі біраз дүниеден хабар береді. Оның: «Айтыс сөздерінің молдығы мен көп жайылғандығына қарасақ, қазақ елі ақындық теңізі сияқты. Басқа жұртта өлең болса, мұншалықты мол болып етек алып жайылған емес. Анда-санда кездесетін шашыраған өлеңдер сияқты көрінеді. Мысалы ескі француз әдебиетіндегі тенсондар, бұлардың түрі қазақ айтысына ұқсайды. Онда да екі ақын көп жиынның алдында сөз жарыс жасайды. Айтыстың өзге өлеңнен айырмасы: суырыпсалма өлеңдермен айтысатын болса, тенсондар да сондай, жанынан шұғыл шығарылған ауызша өлеңдер. Айтысатын сөздері де кейде қазақ айтысында кездесетін білім таласы сияқты, жұмбақ пен ой тартысы болады. Француз әдебиетіне басқа, ескі араб әдебиетінде «Мұғаллакат» деген өлеңдер болған, бірақ бұл нағыз айтыс емес, көбінесе өлең жарысы сияқты» , дей келіп: «Міне өзге жұрттың әдебиетінде айтыс өлеңдердің осы сияқты түрлері болғаны рас. Бірақ бұның бірде-бірі қазақ айтысындай көпке тарап, көп жұрттың барлығы ермек қылатындай болған жоқ. Қазақтікі сияқты әдебиет тарихының бөлімі болып етек алып тараған емес. Қазақтың кәрі, жасындай айтысты қызық көріп қызуланып, тегіс өнер қылып, жалпақ ел ұстанған емес. Қазақтағы айтыс әдебиет бөлімі болудан басқа ел тартысының бұрынғыдан келе жатқан театры сияқты көпке бірдей қызық беретін жиын сауығы болған» , деген пікірі айтыстың қазақ әдебиетінде алатын орнын айқындап берді.
Осы саланы зерттеген С.Мұқановтың пайымдауы да өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді: «Жазу әдебиетінің тарихы әріден келе жатқан, ерте мәдниеттенген елдерде грек, рим т.б. «айтыс» ұшыраспайды. Тек мәдениеті ерте замандарда бой көрсеткен араб елінде айтыс үлкен орын алған. Арабта біздің «айтысқа» ұқсас өлеңмен сөйлесу мұғаллақат бар. Бірақ зерттеушілердің сөзіне қарағанда, «мұғаллақат» , көбінесе арабтың көшпелі тайпалары бедуиіндер бәдәуи арасында ұшырасатын көрінеді. Жазба әдебиеті ертеден келе жатқан басқа елдерде «айтыс» өнерінің бары ғылыми әлі дәлелденген жоқ. Ертеден көшпелі тұрмыс құрып келген: қазақ, түркімен, монғол сықылды елдердің көбінде «айтыс» жанры дәстүрге айналған. Бұл жанрдың туып, өркендеуіне бас себеп – бұл елдердің сауатының аздығы, мектебінің жоқтығы болған. Мұндай елдерде ақынның күші аузына түседі, басқа жанрлар сықылды «айтыс» жанрын да ауызша айтыс түрінде өркендетеді»,-дейді.(С.Дуйсенгазин 7-8беттер)
«Айтыс қазақ даласында негізінен XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап айрықша кең өріс алып, мол серпінмен дамыды. Бұған сол тұстағы қазақтың көшпелі өмірі мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрі басты себеп болды. Рас, кітап бастыру мен театр өнері қалыптаса қоймаған елде айтыстың қалың жұртшылық бас қосып ден қоя тыңдап, одан эстетикалық ләззат алатын сауықшылдық сипаты да ерекше еді. Мұның үстіне ол қолма-қол суырып салып айтатын тапқырлық, өткірлік қасиеттерімен де дараланады. Әлеуметтік мәні ұшталған бір алуан айтыстарды («Ақсұлу мен Кеншімбай», «Молда Мұса мен Манат қыз», «Ұлбике мен Жанкел», «Шөже мен Балта», «Орынбай мен Арыстан», «Әсет пен Ырысжан», «Біржан мен Сара», «Сүйінбай мен Қатаған», «Жамбыл мен Құлмамбет», т.б.) ел өмірінің көркем шежіресі, жинақталған энциклопедиясы деуге де болар еді. (автореф.М.Жарм. 3-бет)
Айтыс түйіні - шындық, қандай жүйрік, желқабаз, тапқыр ақын болса да шындықтан жалтарып құтылып кете алмаған, оның бәрі де тек шындықпен суарылған аталы сөзге тоқтап бас иетін болған. Бұлтартпас уәж, шындыққа құрылған бір ауыз сөздің жеме-жемде айтыс тағдырын шешіп кететіні де осыдан. Бұл сипаттарымен айтыс көбіне көп өзіміздегі шешендік сөздерді еске түсіреді », -десе,( автореф.М.Жарм. 3-4беттер) осы тұста М.Әуезов айтыс өнері мен айтыс ақындары туралы зерттеулерінде өз пікірін былай сабақтайды: «Қазақтаға айтыс әдебиет бөлімі болудан басқа ел тартысының бұрынғыдан келе жатқан театры сияқты көпке бірдей қызық беретін жиын сауығы болған.
Сондықтан, айтысқыш ақындар жүрген жер ел ортасында көшпелі сауықшылар жүргендей қалың думан, жиын болатын. Елдің айтыс өлеңдерін қатты қадірлегендерінен айтыс ақындары: Шөже, Кемпірбай, Жанақ, Сабырбай, Мұрат, Тоғжан, Біржан, Сара сияқтылардың атағы қазақ ішіне тегіс жайылған. Барған елінің барлығында бағалы қадірлі болып қайда барса да сый, құрмет, қызық, сауық болатындықтан, айтыс ақындары сол жүрісін біржолата салт қылып әкеткен. Көбінің кәсібі: сән салтанатпен, қобыз, домбыраменнқкер алып, ел қыдырып жүріп айтысқа шығатын ақындарды іздеумен өткен. Бұрынғы заманның осы сияқты жиыны болса да айтыссыз өтпейтін. Талай ақын өз елінен шығып, жат елді аралап, кектеніп, кез келген ақынмен айтысып, не жол алып, не жол беріп, жеңіп, жеңіліп жүрген. Баяғы заманда жауынгер батыр алыста тоят іздеп, білегінің қайратына сеніп, соғыс майданында жау іздесе айтыс ақындары тіл жағының қайратына сеніп, соғыс майданының жекпе жегін іздейді. Қазақ елінің бұрынғы жортуылшыл батырдан кейін тапқан, екінші алуандас батыры қызыл тілдің иесі ақындар. Ел тіршілігінің жауынгерлік дәуірінен шығып, тыныштыққа бет алған кезінде, Сарыарқаны сайқалдап, оңды солды шарлап жүрген бір алуан адамдары, осындай сөз батырлары кешегі Жанақ, Кемпірбай, Шөже, сол ақындардың үлгісі ел ортасында соларға ұқсамақ болған жігіттер көбейген.
Ақындық, әншілік өнері жақсы жігіттің белгісі сияқты саналған. Сондықтан ел ішінің қызық сауығы үшін сән түзеп, қыдырумен жүретін салдар шыққан. Атақта ақындарға еліктеуден серілік молайып, бері келген заманда Біржандай сал, Ақандай ақын серіні шығарған. Бұлардың жайы қай елдің ортасында болса да, кейінгіге үлкен әңгіме болып қалған »
Айтыс дәстүрі түркі тілдес елдердің көбінде-ақ кездеседі, алайда, бұлардың ешқайсысы біздегі айтыспен теңесіп иық тіресе алмайды. Сол себепті біздегі дәстүрлі және бүгінгі айтыс өнері халқымызбен ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан өзінің сан алуан көркемдік, танымдық сипаттарымен ел мақтанышына айналып отыр.( автореф.М.Жарм. 4-бет)
Ақындар айтысы күні бүгінге дейін әлем ғалымдарын таң қалдырып, өзінің сиқырлы да қасиетті дүниесімен тәнті етіп келе жатқан киелі өнер.
Қазақ халқының рухани дүниесінің түпқазығы, өзекті арнасы - импровизаторлық ұлы сөз өнерінің ерекше қасиеттілігінде екені ежелден-ақ белгілі. Айтысты тіпті сонау ерте замандарда өзге әлем бас иіп тағзым етіп, үлгі тұтса, Еуразия материгі күні бүгінге дейін таң-тамаша қылып келе жатқаны шындық.[ 38-39бет.ахат]
Айтыс ақындары өлеңді тек ермек деп қарайтындар емес, заманының ұлы шындығын, көкейкесті сауалдарын алтын зердей тапқыр өлеңге бөлеп айта білетін өз руының тамаша жыршылары, шешендері, ел намысын биік көтеріп сөйлейтін қайраткерлері, жұртшылық ойының білгірі.
«Аталы сөзді арсыз қайырады» деген нақылды берік ұстанған халқымыз үлкен демей, кіші демей, жас демей, кәрі демей, еркек демей, әйел демей айтысушы ақынның қайсысының сөзі маңызды, өмірге, шындыққа жақын болса, соны қолдап, көтеріп отырған. Қазақ фольклорын ерте-кеш зерттеген ғалымдар сөздің жүйелілігін, шешендікті, өткірлікті, батылдықты, үйлесімділікті ерекше қадірлеу халқымыздың ежелден қалыптасқан игі дәстүрінің бірі екендігін анықтаған. Бұл қасиет барлық жанрларды кездеседі. Аңыз әңгімелерде, ертегілерде тазша балалардың қиын-қыстау кезеңде, қысылшаң дауларда төрелік айтып, даналық білдіргені, қайырымсыз хандарды да ақылымен жеңіп кеткені, ақырында білгірлігі арқасында мұратқа жеткені айтылатын. Ескі билердің шешендік дауларында да жүйелі сөз жүйесін тауып, небір шиеленіскен қиын істер әділ шешіле беретін. Өмірде, әлбетте, дәл осындай қашанда туралық жеңіп, жақсылық үстем бола беруі жиі кездеспегенімен, халық қиялы осылай болуын аңсайтын. Айтыс жанры ауыз әдебиетінің ең өміршең саласының бірі болып келе жатқаны оның шыншылдығы мен ғажайып тапқырлығына тікелей байланысты.[94,98бет.саркылмас.]
Тақырыптың өзектілігі. Айтыс өз табиғатында қашаннан синкреттік жанр.  Ол өзіміздегі басқа жанрлармен лирикалық, эпикалық ертеден қоян-қолтық араласып етене болып кеткен.
Айтыс ақындары ел ішінде жаңалықтың жаршысы ретінде де танылып келді. Ақын аузынан айтылған шындық ел өмірінің айқын шежіресіне айналды. Жұртшылық оларды аузы дуалы, алдын болжағыш қасиетті жан деп санаған, өлеңнің сиқырлы күшіне де сеніммен қараған.
Жұмыстың мақсаты.   
XIX ғасырдағы ақындардың әдеби мұрасының құндылығы мен көркемдігін саралап, ақындық қыры мен өзіндік ерекшелігін таразылап, оның даралық бітімін зерделеуді мақсат тұттық.
XIX ғасырдағы ақындардың өлең толғауларына, айтыстарына тоқтала отырып, ондағы ширыққан, буырқанған ақындық тіл мен көркем де әсерлі, бейнелі образдар жүйесін анықтау;
Ақындар шығармаларының көркемдік ерекшелігін, тіл өрнегіне назар аудару;
Айтыс ақындары мен жыраулар поэзиясы арасындағы әдеби байланысты қарастыру
Зерттелу деңгейі.
Айтыс туралы алғашқы пікірлерді Ә. Диваев, Ш. Уәлиханов сықылды ғұламалар жазып қалдырды. Кейіннен айтыстың шығу тегі, тарихы, оның жанрлық түрлері, ерекшеліктері сияқты нағыз ғылыми сараптауларды С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Ә. Тәжібаев, Р. Бердібаев, Т. Нұртазин, Ы. Дүйсенбаев, Т. Кенжебаев, М. Жармұхамедов сықылды ақын-жазушылар, ғалымдар жасады. Осы ғалымдардың әр алуан зерттеулерінің бір арнаға тоғысатын тұсы айтыс жанрының ең биік сатысы - ақындар айтысы екендігінде.