Мазмұны

Кіріспе .......................................................................................................................... 3

1. Әдебиеттегі заман көріністері мен адам әлемі: дәстүр мен сабақтастық

1.1. Әдебиет тарихындағы заман және адам қатынасының суреттелуі ................10

1.2.Ә.Нұршайықов шығармашылығындағы достық пен сүйіспеншіліктің

көркемдік-рухани мәні...............................................................................................24

2. Ә.Нұршайықов шығармашылығындағы замандас бейнесі: өмір шындығы мен көркемдік шешім

2.1.Ә.Нұршайықов шығармашылығындағы өмірбаяндық өрнектер: көркемдік мұрат пен рухани байланыс........................................................................................50

2.2. Замандас бейнесін сомдаудағы көркемдік-стильдік сипаттар.........................93

Қорытынды .............................................................................................................123

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ........................................................................127

 

Кіріспе

Жұмыстың жалпы сипаттамасы:

Әлем әдебиеті тарихында көркемөнер туындылары – Отан қорғау, махаббат, табиғат, адам тағдыры сынды ірі-ірі тақырыптарды арқау етеді. Осы орайда, ұлттық сөз өнерінің өзекті тақырыптарының бірі – адам және заман. Өйткені, сөз зергері өз заманының көркем бейнесін реалистікпен суреттей отырып, кейіпкердің, яғни заман адамының сол қоғамға деген қатынасын, көзқарасын, ішкі жан әлемін бейнелейді. Демек, қоғам және заман ұғымдары әдеби шығармаларда саяси және көркемдік-эстетикалық мәнге ие болады. Мәселен, ХІХ ғасыр әдебиетіндегі көркем туындыларда «нар заман», «зар заман», «ақыр заман», т.б. әдеби-эстетикалық ұғымдар аталып қана қоймай, оның мәні адам және заман аясында сараланып, көркем туындылардың тақырыптық-мазмұндық өзегіне айналды. Сөйтіп, отарлық езгіге түскенге дейінгі хандық дәуір кезеңі «нар заман» ретінде суреттелсе, отарлық дәуір кезеңі - «зар заман» сипатында бейнеленіп, отарлық езгінің өрістеуіне орай, келер заман кескіні - «ақыр заман» бейнесінде жырланды.

Қазақ әдебиетіндегі осы «заман» ұғымы – Кеңес дәуірінде өзінің әдеби-эстетикалық мәнінен айрылып, көркем шығармаларда саяси мәндегі «қоғам» деген ұғыммен алмасты. Сөйтіп, әдебиетке жаңа социалистік қоғам мен сол қоғам мүшесінің мемлекеттік, идеологиялық тұрғыдағы саяси бейнесі, яки социалистік қоғам адамының ішкі әлемі емес, оның коммунистік идеяға берік, социалистік еңбек пен партияның бесжылдық жоспарларын орындау жолындағы еңбек белсенділігін суреттеу етек алды.

ХХ ғасыр әдебиетінің алғашқы кезеңі – 20-30 жылдар әдебиетінде өзіне дейінгі дәуірлер әдебиетінің көркем дәстүрлерін дамытқан алаш арыстары мен қазақ жазушыларының шығармашылық мұралары мансұқталып, Кеңес әдебиетінің соғыс кезіндегі және соғыстан соңғы кезең әдебиеттеріндегі көркем туындылардың басым көпшілігінде, жоғарыда айтылған саяси-идеологиялық мәндегі шығармалар мол жазылды. Бұған соғыстан соңғы кезеңдегі қаулыларға сәйкес «Кеңес шындығын бұрмалап көрсету», «Кеңес адамына жала жабу», «идеясыз-ұстамсыз шығармалардың етек алуы», «формалистік элементтердің көркем шығармаларда мол бейнеленуі» сынды көркемөнердің «кемшіліктерін» сынаудың да қаһарлы ызғары өз әсерін тигізді. Қысқасы, Кеңес дәуіріндегі әдебиетте «социализм шындықтары, социалистік реализм» сынды сипаттар биік мәнге ие болды. Тұтас қоғам, мәдени-рухани бағыт осыны үлгі, өнеге етті.

Міне, осы кезеңде әдебиет әлеміне өзінің шығармашылық жолын ақын әрі көркем публицист ретінде танытқан Ә.Нұршайықов туындыларында қоғамдық құбылыстар, кезең көріністері, адам әлемі мен өмір-уақыт тынысы кеңінен көрініс береді. Айқын қолтаңба өмір шындығын, адам еңбегін, тұрмыс суреттерін жан-жақты ашты.

Публицист, жазушы қаламынан туған өз заманының кейіпкерлері ұлттық құндылықтар мен адамдық қасиеттерді жоғары бағалады. Қоғамның тоталитарлық жүйесі тудырған тоғышар, кесір замандастар образдары сын семсеріне алынды. Сөйтіп, жазушы туындыларындағы замандастар келбеті Кеңес дәуірінің өмір шындығының көркемөнердегі жанды бейнесіне айналып, сөз өнерінде ұлтжанды қаламгердің саяси тар өрісті бейнелерден бойын аулақ салып, ұлттық нақыш пен адамдық қадір, қасиетке ие, жамандыққа жаны қас замандастар бейнесін сомдаудың көркем өрнектерін тудырды.

Зерттеу жұмысында – Қазақстанның халық жазушысы, майдангер-қаламгер Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы замандас бейнесі нақтылы туындылар арқылы кең көлемде қарастырылады. Жазушының шығармашылық зертханасы, терең философиялық өлшемі мен өмірлік тәжірибесі, көркемдік арнасы мен стиль даралығы да тиісті тұстарда сөз етіледі. Сыр-сипаттары сараланады.

Әдебиеттегі замандас бейнесі теориялық тұрғыда сараланып, Әзілхан Нұршайықов туындыларындағы замандас келбетінің шынайы бейнесі, түпкі арнасы, заманауи қырлары, жан әлемі және психологиялық, ішкі моральдық келбеті, мінез пайымы, көңіл толқыныстарының суреттелу ерекшелігі шығармалардың композициялық-сюжеттік құрылымдарымен бірлікте алынып талданды. Сондай-ақ, жазушы туындылары әдеби жанрлардың естелік, хат, күнделік, мақала, очерк, әңгіме, повесть, роман сынды мол түрлерін қамтитыны, олардың замандастар образдарын сомдаудағы әсер-ықпалы көрсетіледі. Сонымен бірге жазушының заман мен замандас бейнесін ашудағы көркемдік тәсілдері, стильдік тіл айшығы, тағылымдық, мазмұндық мәндері де арнайы сөз етілді.

Қысқасы, Ә.Нұршайықов шығармашылығындағы замандас бейнесін жасау жолындағы ізденіс мұраттары, өзіндік өзгешеліктері әр алуан жанрдағы еңбектері негізінде қарастырылды.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі:

Әдебиетте замандас бейнесін суреттеу – әдебиет тарихында көне дәуірлерден келе жатқан әдеби-эстетикалық үрдіс. Әр дәуірдің әдеби даму ерекшеліктеріне, әр халықтың ұлттық нақышына, сондай-ақ заман мен қоғамның саяси-әлеуметтік ұстанымдарына қарай әдеби-көркем шығармалардағы замандас бейнелері авторлардың өмірлік дүниетанымдары мен көзқарастарына сай әр алуан мазмұнда бейнеленді.

Кеңес дәуіріндегі социалистік реализм әдісінің қасаң қағидалары құрсауындағы социалистік қоғам мен социализм құрылысшыларының образдарын жасаған әдеби туындылардың ішінде, сол қоғамның ішкі қайшылықтарын шығармалар сюжеттеріндегі образдар тартысы арқылы ашық та астарлы түрде суреттеген Ә.Нұршайықовтың шығармашылық мұраларындағы замандастар образдары – жеке зерттеудің жүйесін құрайды. Өйткені, ұлттық мұрат орнына – интернационализм танымы, ұлттық құндылықтарды – социалистік қоғам идеалдары, адамзаттық мораль мен гуманизмді – таптық, социалистік идеялар, әдебиет дәстүрінен нәр алған көркем образдарды – саяси-идеологиялық бейне алмастырған Кеңес дәуірі әдебиетіндегі замандастар образдарының галереясын жасаушы көркемсөз шеберінің туындылары жеке зерттеуді қажет етері даусыз. Оған қоса, публицистика және эпика жанрының сан алуан үлгілерінде ұлттық әдебиеттің көркемдік деңгейін көтеріп, оның сапалық биігін танытуда зор еңбек сіңірген, бүгінде тәуелсіз Қазақстан әдебиетінің ұлттық өрнегін өрістетуге ерен еңбек етіп жүрген қаламгер шығармашылығы жаңаша ғылыми танымның өзегіне айналуы ұнамды құбылыстардың бірі.

Сөз өнеріндегі Ә.Нұршайықовтың табыстарын жоғары бағалаған мақалалар мен жарық көрген еңбектер баршылық. Алайда, Ә.Нұршайықов шығармаларындағы қоғам мен адам, замандастар образын суреттеудегі шығармашылық зертханасының қыр-сырын, осы жолдағы суреткерлік қалам қарымын дәйектеу тұрғысында арналы қарастырылған еңбектердің әдебиеттану ғылымында бола қоймауы – зерттеудің қажеттілігін, яғни тақырыптың өзекті мәселеге айналғанын айқындай түседі. Ең негізгісі, зерттеу тақырыбы – өмір-уақыт шындықтарын арқау етеді, әрі ондағы замандастар бейнесінің көркемдік-рухани құндылықтарын, басты ұстанымын жан-жақты ашуымен де өзекті, мәнді болып табылады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі:

Өмір шындығын образ әрекеті, кейіпкер психологиясы, шығармадағы адам мен қоғам арасындағы өзара үндестік пен тартыс, қайшылықтар диалектикасы арқылы суреттеу, автордың өз замандастарының көркем образдарын сомдау ерекшеліктері әдебиеттану ғылымындағы өзекті зерттеу нысанасы болып табылады. Осы бағытта, яки әдебиеттегі замандас бейнесін зерттеу мәселесі алыс-жақын елдердің ғылымында кең орын алды. Бұл орайда, А.И.Белецкий, Б.С.Мейлах, Д.С.Лихачев, М.Х.Храпченко, М.Арнаудов, Г.М.Ленобль, С.Г.Петров, Б.В.Томашевский, Н.К.Пиксанов, В.В.Гура, А.М.Бабаян, Б.Эйхенбаум, М.Ярошевский, А.Цейтлен, т.б. зерттеулерін атаған жөн.

Ал, қазақ әдебиеттану ғылымында көркем образ жасаудың әдеби-эстетикалық әдіс-тәсілдері, адамның рухани әлемінің сан алуан қатынастар мен қайшылықтар, тартысты күрес үстінде толысу эволюциясы, әдебиеттегі замандас бейнелері әр қырынан қарастырылды. Бұл бағытта М.Атымовтың «Замандас туралы толғау» (1973), М.Базарбаевтың «Әдебиет және дәуір» (1966), Р.Бердібаевтың «Қазіргі қазақ прозасындағы замандас тұлғасы» (1968), Н.Ғабдуллиннің «Замандас келбеті» (1972), Ш.Елеукеновтің «Замандас парасаты» (1977), Ж.Исмагуловтың «Облик современника» (1970), Т.Кәкішевтің «Дәуір суреттері» (1967), З.Қабдоловтың «Жебе» (1977), Б.Майтановтың «Қазақ прозасындағы замандас бейнесі» (1982), Ә.Нарымбетовтің «Қазақ поэзиясындағы замандас бейнесі» (1984), Р.Нұрғалиевтің «Телағыс» (1986), Ф.Оразаевтың «Замана қаһарманы» (1981) сынды еңбектерін атау орынды.

Ал, Ә.Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығы, стиль даралығы мен қалам қуаты жөнінде көптеген мақалалар мен сыни еңбектер, естеліктер жарыққа шықты: М.Қаратаевтың «Қазақ әдебиетінің тарихы» 3-том, 2-кітап [1], Р.Бердібаевтің «Қазақ прозасындағы замандас тұлғасы»[2], Б.Уахатовтың «Көркемдік ізденістер» [3], С.Қирабаевтың «Өрлеу жолында»[4], Н.Ғабдуллиннің «Замандас келбеті»[5], Ш.Елеукеновтің «Замандас парасаты»[6], «Қазақ әдебиеті» газеті («Ерлікке жаралған ұрпақ жазушысы») [7], Б.Сахариевтің («Күрескер тұлғасы») [8], Ж.Дәдебаевтің («Шымырлап бойға жайылған») [9], Н.Қазбековтың («Ой таразысы») [10], Р.Тұрысбектің «Ә.Нұршайықовтың шығармашылық мұрасы» [11], Т.Кәкішевтің («Қазақ әдебиеті» газеті, 1992, 4-желтоқсан) [12], т.б..

Ә.Нұршайықов шығармашылығы зерттеу еңбектері мен көпшілікке арналған әдебиеттерден де кең көлемде көрініс тапты. Атап айтқанда, С.Қалқабаеваның «Ә.Нұршайықов прозасындағы адамгершілік мәселесі» [13], Қ.Нұрымованың «Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романының шығармашылық тарихы» [14] диссертациялық жұмыстарында зерттеу нысанына байланысты жан-жақты қарастырылды. Ал, әдебиет зерттеушісі, профессор Р.Тұрысбектің «Ә.Нұршайықовтың шығармашылық мұрасы» атты зерттеуі танымал қаламгердің өмірі мен суреткерлік қырларын кешенді түрде сөз етсе [11], журналист Қ.Әлімнің «Махаббат жыршысы» атты эпистолярлық хикаятында автор мен жазушының адами байланыстары мен хаттасулары баяндалады [15] .

Алайда, Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы замандас бейнесі бұрын-соңды арнайы қарастырылып, зерттеу объектісіне айналмады.

Сондықтан Әзілхан Нұршайықов шығармашылығын, ондағы замандас бейнесін кеңінен қарастыру – зерттеу жұмысының басты нысаны болып табылады.

Диссертациялық жұмыстың мақсаты мен міндеттері:

Ә.Нұршайықов шығармаларындағы замандастар бейнесінің әдеби-эстетикалық негіздері, образ сомдаудағы қаламгердің стилі мен тіл айшығы, кейіпкерлердің әдеби-көркемдік, тарихи-тағылымдық сипаттары, қаламгер туындыларының әдебиет тарихында алар орнын айқындап, саралау – жұмыстың негізгі ғылыми мақсаты болып табылады. Осы мақсат үрдісінен шығу үшін зерттеу алдына мынадай міндеттер қойылды:

- замандас бейнесін суреттеу дәстүрі және оның Ә.Нұршайықов шығармаларындағы көрінісін саралау;

- жазушы туындыларындағы замандастар бейнесінің гуманистік, халықтық, эстетикалық негіздерін айқындау;

- образ жасау жолындағы жазушы ерекшеліктеріне мән беру;

- жазушының шығармашылық зертханасының ерекшелігін таныту;

- кейіпкер және түптұлға (прототип) табиғатындағы ортақ белгі мен байланыс сырларына назар аудару;

- кейіпкердің жан дүниесі мен мінез қырларын, дүниетанымы мен көзқарастарын суреттеудегі қаламгер ұстанымына ден қою;

- замандастар образын сомдаудағы өмір шындығы мен деректі материалдардың байланысын, көркемдігін ашу;

- кейіпкердің заманауи қырларын ашуда жазушының нәзік лиризм мен ұлттық болмысты, батырлық пен өрлікті, реализмді қолдану әдістеріне талдау жасау;

- жазушының замандас бейнесін ашудағы стильдік сипаттары мен көркемдік суреттеу шеберлігін талдау;

- қазақ әдебиеті тарихындағы замандас бейнесін сомдау мен суреттеу сырларын саралау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

Диссертацияның жаңалық сипаттары төмендегідей тың тұжырымдамалар мен дәлелдемелерді ғылыми айналымға енгізіп отыр:

1 ұлттық сөз өнеріндегі заман мен адам қатынасы дәстүр, сабақтастық

тұрғысынан байыпты зерделенеді;

1 әдебиеттегі замандас бейнесінің суреттелуі және оның Ә.Нұршайықов

шығармашылығындағы көрінісі, дәстүр жалғастығы мәселесі жүйеленіп, қарастырылды;

2 Ә.Нұршайықов шығармаларындағы замандастар бейнесі мен түптұлғалары

әдеби, тарихи, құжатты деректер негізінде сараланды;

3 замандастар образын жасаудағы Ә.Нұршайықовтың қаламгерлік

шеберлігінің әдеби ортаға тигізген жанрлық-көркемдік әсер-ықпалы жан-жақты көрсетілді;

4 замандастар образын бейнелеудегі жазушының шеберлік қырлары әдеби-

теориялық тұрғыдан талданды;

5 Ә.Нұршайықов шығармашылығының жанрлық табиғаты, замандастар

бейнелерінің суреттелу ерекшеліктері, композициялық-сюжеттік құрылымдары байыпты зерделенді;

6 қаламгер туындыларындағы замандастар бейнелерінің әдебиет

тарихындағы әдеби-көркемдік, идеялық-мазмұндық мән-маңызы ашылды;

7 жазушы еңбегіндегі замандастар бейнесі өмір мен тұрмыста, әр алуан

кәсіпте көрінгенімен көркемдік-рухани байлығы жағынан биік белестерге көтерілгені жүйелі сипат алады;

8 Ә.Нұршайықов шығармаларындағы замандас бейнесі алғаш рет зерттеу

еңбектің нысанына алынды;

Зерттеудің нысаны:

Ғылыми жұмыстың зерттеу нысаны ретінде қаламгердің таңдамалы шығармаларының он томдығын, бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген материалдар, сондай-ақ Ә.Нұршайықов шығармашылығы жайында жазылған әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектері, ой-пікірлері пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері:

Қаламгер шығармашылығының эстетикалық мәні, суреткерлік ізденістері, рухани мұраның табиғаты, шеберлік жетістіктері жөнінде қазақ әдебиеттану ғылымы тарихында іргелі еңбектер мол. Зерттеу жұмысында осы мәселелермен ғылыми негізде айналысқан қазақ ғалымдарының еңбектері - қазақ әдебиеттануының ғылыми-теориялық базасын кеңейткен зерттеулері басшылыққа алынды. Атап айтсақ, З.Қабдолов, С.Қирабаев, З.Ахметов, Р.Нұрғалиев, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев, Ш.Сәтбаева, М.Базарбаев, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, Б.Майтанов, Ә.Нарымбетов, Т.Кәкішев, З.Бейсенғалиұлы, Қ.Әбдезұлы, Ж.Дәдебаев, А.Ісімақова, С.Негимов, Б.Ыбырайым, Т.Рахымжанов секілді белгілі ғалым-мамандар еңбектерінде адамтану мәселесі, кейіпкердің жан дүниесі мен психологиясын ашудағы көркемдік тәсілдер, психологиялық талдаудың көрнекті түрлері, бейнені танудың және оның әлемін ашудың қыр-сыры және жазушылық, шеберлік өнерге қатысты көптеген ғылыми тұжырымдар мен ой-пікірлер жан-жақты қарастырылған.Сондай-ақ, орыс және шетел ғалымдарының іргелі еңбектері пайдаланылып, тиісті тұстарда сілтеме жасалды.

Зерттеу әдісі:

Зерттеу еңбекте бұған дейін зерттеліп, ғылыми айналымға түсірілген ғалымдар мен әдебиеттанушылардың еңбектері, жазушының өзінің әр кезеңде жарыққа шыққан туындылары, замандас бейнесін сомдаудағы шеберлік сырлары басшылыққа алынып, жұмыс, біріншіден, сараптау әдісімен жүзеге асты. Яғни, қаламгердің замандас келбетін сомдаудағы шеберлігі жан-жақты талданып, оған жаңа таным тұрғысында талдау жүргізілді. Екіншіден, салыстырмалы әдіс негізінде сол дәуір әдебиетіндегі замандастар образдары мен Ә.Нұршайықов туындыларындағы замандастар бейнелері өзара салыстырылып, олардың ортақ қасиеттері мен даралық сипаттары кең көлемде көрсетілді. Зерттеу жұмысы әдебиеттану ғылымында кеңінен таралған дәстүрлі объективті-аналитикалық, салғастырмалы тәсілдермен толыға түсті.

Зерттеу жұмысының ғылыми-тәжірибелік мәні:

Диссертацияның ғылыми тұжырымдары мен қорытындыларын қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептерде, жоғары оқу орындарындағы филология және журналистика факультетінде, арнаулы курстар мен семинарларда оқу құралы ретінде пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

Ә.Нұршайықов шығармашылығы мен оның ерекшелігінің басты белгісі – замандастар бейнелерін сомдау сырлары жеке зерттеу нысанасына алынбағаны аян. Осы олқылықтың орнына зерттеу барысында қол жеткізген тұжырымдарды, төмендегідей қалыпта топтап ұсынуды жөн көрдік:

- Ә.Нұршайықов замандас бейнесін суреттеуде өзіне дейінгі ауыз әдебиеті мұраларын, Абай әлемін және қазақ әдебиеті тарихындағы дәстүрлі арналарды уақыт талаптарына сай жалғастырған сөз зергері;

- жазушы еңбегіндегі замандастар бейнесінің көркемдік-рухани әлемі өмір-уақыт шындықтарымен байланыста өріс алады;

- замандас бейнелерін сомдауда қаламгер әдеби, тарихи және құжатты деректерді көркем туындыларында шығармашылық шеберлікпен өрнектеген;

- жазушы қаламынан туған көркем мұралар мен олардағы замандастар бейнелері әдеби процеске эстетикалық, этикалық және моральдық тұрғыда зор ықпалын тигізген шығармалар болды;

- замандастар бейнелерін бедерлеудегі сөз зергерінің суреттеу тәсілдері әдеби дамуда прогрестік мәнге ие болды;

- Ә.Нұршайықов қазақ әдебиетінде Б.Момышұлы, М.Иманжанов т.б. замандастар образдарының өшпес өнегесін, бедерлі бейнелерін көркемөнер өрісіне шығарған қаламгер.

Жұмыстың жариялануы мен сыннан өтуі:

Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен нәтижелері мақала, тезистер түрінде «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан мектебі», «Қайнар» Хабаршысы

ғылыми журналдарында және «Тіл және әдебиет: кешегісі мен бүгіні» (Алматы, 2006), «Жоғарғы білімнің қазіргі жағдайы және интеграциялануы: білімнің қазіргі құрылымы, мақсаты, мазмұны және білім беру технологиясы» (Семей, 2006), «Ломоносов – 2007» (Астана), «Білім және ғылым – бәсекеге қабілетті Қазақстан құру жолында» (Ақтөбе, 2007), «Роль современной молодежи в социально-экономическом и техническом развитии Казахстана» (Ақтөбе, 2007), З.Қабдоловтың 80 жылдығына арналған «Қазақ әдебиеті және қазіргі заман» (Атырау, 2007) атты халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық, ғылыми-теориялық конференциялар материалдары жинақтарында жарияланды.

Диссертация құрылымы:

Зерттеу жұмысы кіріспеден, 2 тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.