МАЗМҰНЫ

 

КІРІСПЕ 7

 

1. ҚАЗАҚ ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІНДЕГІ МАҚАЛ – МәТЕЛДЕРДІҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ 13

1.1 Мақал - мәтелдердің этнолингвистикалық сипаты 13

1.2 Мақал-мәтелдердің лексика - семантикалық ерекшеліктері 17

1.3 Мақал-мәтелдердің авторлық- стильдік инварианттары 22

 

2 АҒЫЛШЫН МАҚАЛ – МӘТЕЛДЕРІН АУДАРУДАҒЫ

ТІЛДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕР 28

2.1 Аудармада тұрақты тіркестерді аудару үрдісі жайлы 28

2.2 Мақал-мәтелдерді аударуда дайын баламаны қолдану 29

2.3 Мақал-мәтелдерді аударуда сөзбе – сөз аудару тәсілін қолдану 31

 

3 АҒЫЛШЫН ҚАЗАҚ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІН АУДАРУДАҒЫ  ТІЛДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ 36

3.1 Аудару барысында этнолингвистикалық ерекшеліктің сақталуы 36

3.2 Аудару барысында прагматикалық ерекшеліктердің сақталуы 38

3.3 Ағылшын мақал-мәтелдерін қазақ тіліне аударудың амал-тәсілдері 40

ҚОРЫТЫНДЫ 58

ҚОЛДАНЫЛҒАН  ӘДЕБИЕТТЕР  ТІЗІМІ 61

 

 

КІРІСПЕ

 

Тілдің лексикасында қаралатын лексикалық бірліктерден (жеке сөздерден) басқа тіл бірліктерінің тұрақты сөз тіркестері деп аталатын неғұрлым күрделі ерекше түрі қалыптасқан. Бұларды тіл білімнің фразеология саласы зерттейді. Фразеология термині (грек phrasis сөйлемше және logos сөз, ілім сөздерінен шыққан) қазіргі тіл білімінде екі мағынада қолданылады. Бірінші, тілдің фразеологиялық құрамын зерттейтін саласы, екінші, белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің жиынтығы дегенді білдіреді.

Осы күнгі тіл білімінде фразеологизм деген ұғым кең мағынада қолданылады. 1990 жылы шыққан «Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте» фразеологизмге мынадай анықтама берілген: «Фразеологизм дегеніміз формасы жағынан синтаксистік құрылымдармен ұқсас, бірақ олардай жалпы заңдылыққа сай сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қайталап қолданылатын, семантикалық және лексика – грамматикалық құрамы тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер. Осы анықтамаға қарағанда фразеологизмдерге кең мағынада тілдегі мағына бірлігін сақтаған тұрақты сөз тіркестерінің түрлері мен сөйлемшелер, коммуникативтік тұрақты қолданыстағы әр түрлі коммуникативтік бірліктер, қос сөздер мен қосарлы тіркестер, ресми іс құжаттардағы даяр сөз орамдары т.б. түрінде болуы мүмкін.

Фразеологизмдердің осы айтылған түрлерінің құрылымдық, мағыналық, қолданымдық сипаты, лексикологияға қатысты бірыңғай емес. Сондықтан тәжірибе жүзінде фразеологизмдер тар және кең мағынада қарастырылады. Бұлайша бөліп қарастырудың мәні фразеологизмнің лексикалық бірлік ретінде танылатын атауыштық сөзбен мағыналық байланысына, сол арқылы лексикологиямен жақындасатынына негізделген.[1,223]

Тар мағынадағы фразеологизмдерге құрамы тұрақты, мағынасы біртұтас, даяр қалпында қолданылатын, лексикалық бірліктермен (атауыштық сөздермен)  мағыналас, сырттай жай (еркін) сөздеріне ұқсас тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер жатады. Шынында, фразеологизмдерді сақтай отырып, сөз мағынасына жақын не парапар мағынаны білдіреді.

Мысалы:

ұзақ түнді көзбен атқызды фразеологизмі – ұйықтамады, дүние салды – өлді, бетінен оты шықты – ұялды, мұрнына су жетпеді, мұрнынан шаншылды, мұршасы келмеді – жұмысбасты болды, ұзын арқан, кең тұсау – еркіндік, үн жоқ, түн жоқ – үндемеді дегенді білдіріп, өзара мағыналас болып тұр.

Ал кең мағынада фразеологизмдерге жататын мақал – мәтелдер мен қанатты сөздердің, жаңылтпаштар мен жұмбақтардың, номинативтік (атауыштық) бірліктердің т.б. өздеріне тән лексика – грамматикалық, стильдік ерекшеліктері бар. Олар сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қолданылатындығы, құрылымының тұрақтылығы жағынан ғана фразеологизмдерге жатқызылады, бірақ олардың мағынасы лексикалық бірлік ретінде сөздердің беретін мағынасына балама, парапар емес, көбінесе бейнелі түрде астарлы мағынада жұмсалады.

Мысалы:

Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей; Мың сіз – бізден бір шыж – быж; алыстан арқалағанша, жақыннан дорбала т.б. мақал – мәтелдің сипаты осындай.

Фразеологизмдердің сөйлеммен арақатынасы. Фразеологизм мен сөйлемнің құрылымдық жағында формалды жақындық, ұқсастық бар. Фразеологизмдерде жай, құрмалас сөйлемдер сияқты құрылымдар кездеседі.

Мысалы:

сойылын соқты, жүрегі тас төбесіне шықты, жүрегінің түгі бар, салы суға кетті, тас – талқан болды т.б. фразеологизмдердің құрылымы жай сөйлемдер сияқты. Мынадай жай сөйлемдермен салыстырыңыз: жел соқты, ол төбеге шықты, айсыз ашық аспан, Хасен үзілген сөзін қайта бастады. Ал ай десе аузы бар, күн десе көзі бар; әй дер әже жоқ, қой дер қожа жоқ; жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты; бір ұрты май, бір ұрты қан т.б. фразеологизмдік сөйлемшелердің құрылымы құрмалас сөйлемдер сияқты. Сөйлем құрылымымен ұқсастық әсіресе фразеологизмдерге жатқызылып жүрген мақал – мәтелдер мен қанатты сөздерден айқын байқалады.

Мысалы:

әкең мұрап болғанмен, жерің ой болсын; әшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас; жақсыдан үйрен, жаманнан жирен; айыратын жаман бар, қосатын жаран бар; әлді адам шалқақ келеді, әлсіз адам жалтақ келеді; Құдай деген құрғақ сөз, Алланың аты алпыс; жантақты жерде сона бар, қыстақты жерде оба бар т.б.

Мақал – мәтелдердің фразеологизмдерге қатысы. Фразеологизмдер мен мақал – мәтелдердің арақатынасы өте күрделі. Кең мағынада мақал – мәтелдер және оларға жақын қанатты сөздер фразеологизмдерге жатқызылуы әлі толық шешілмеген мәселе емес. Бұлардың фразеологизмдерге қатысын түсіну үшін, алдымен мақал – мәтелдердің тілдік сипатын, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін, бір – бірінен айырмасын түсіну қажет. Мақал мен мәтел бір – біріне ұқсас болғанымен, құрылымы, білдіретін мағынасы жағынан бірдей емес.[2,224]

Мақал  деген – халықтың ғасырлар бойғы дүниетанымы, тәжірибесі жинақталып берілген, мазмұны жағынан ғибрат, өсиет сияқты, ізгі қасиеттерді уағыздайтын, құрылымы жағынан әрі көркем, әрі ырғақты, ықшам нақыл сөз. Мақал формасы жағынан аяқталған сөйлем іспеттес. Мақалдардың көпшілігі екі компонентті, яғни құрмалас сөйлем типтес болып келеді. (түстік өмірің болса, кештік мал жина; ер бір рет өледі, ез мың рет өледі  т.б.) Мағынасы жағынан екі компонентті мақалдың алдынғы бөлімінде әр нәрсенің жайы не әрекетінің жағдайы, шарты байымдалса, кейінгі бөлімінде соған қатысты қорытынды, түйінді пікір тұжырымдалады (бір кісі таққа отырса, қырық кісі атқа отырады; ер арыса аруақ, ат арыса тулақ т.б.). Бірақ мақалда айтылатын ойдын өзара шарттылығы міндетті болмай, логикалық жағынан бір – біріне ұқсас өмірдегі құбылыстар оның екі бөлімінде де байымдау түрінде берілуі мүмкін.

Мысалы:

Су басынан бұзылады, балық басынан шіриді; адам құлақтан азады, көңілден семіреді т.б.

Мақал дәл мағынасында да, ауыс мағынасында да айтылады.

Мысалы:

туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас; еңбек ширатады, өмір үйретеді дегендер дәл мағынасында, ал ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер; адам аласы ішінде, мал аласы сыртында; иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар дегендер ауыс мағынада жұмсалып тұр. Дегенмен, қазақ тіліндегі мақалдардың көпшілігіне ауыс мағынада қолданылу тән сияқты.

Мақалдардың арасында да синонимдестік кездеседі.

Мысалы:

кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол – өзге елге ұл болғанша, өз еліңде құл бол; жекен жерінде көгереді, ер елінде көгерер; әркімнің өз жері – Мысыр шаһары т.б. мақалдар бір – бірімен синонимдік қатынаста тұр.

Ал мәтелге келсек, жоғарыда мақалға берілген анықтаманы оған да беруге болады. Мәтел де халық даналығынан туған, мағынасы уағыз, өсиетке негізделген, құрылымы көркем, ырғақты, әрі ықшам сөз үлгісі. Мәтелдің мақалдан айырмасы – мәтелде айтылатын ой – пікір мақалдағыдай емес, негізінен жанама түрде астарлау, меңзеу түрінде берілетіндігінде. [3,352]

Мысалы:

кісідегінің кілті аспанда, естіген құлақта жазық жоқ, сұлуынан жылуы, жаман күйеу қайынсақ, келегештің тұзы жеңіл, таз әулекі, соқыр әңгүдік деген мәтелдерде мақалдағыдай байымдау, оны қорытындылау жоқ, тек бір жағдайды жанамалап, меңзеп, тұспалдап білдіру ғана бар. Демек, мақал мен мәтелдің айырмасы – олардың мағынасына байланысты, білдіретін ой пікірдің (мағынасының) білдірілу тәсілінде. Ой – пікір, ұғым мақалда неғұрлым анық, ашық айтылса, мәтелде тұспалдап, жанамалап, меңзеп айтылады. Мәтел құрылымы жағынан  көбінесе жай сөйлем іспеттес, бір құрылымнан тұрады.

Мысалы:

Саудада достық жоқ, қорыққанға қос көрінеді, заманына қарай амалы, бөрік кигеннің намысы бір, ер кезек үшке дейін, соқыр ат қотыр атқа үйір, тентек шоқпар жинайды т.б.

Қанатты сөздер - тарихи көрнекті  қоғам қайраткерлерінің, ойшылдар мен көркем сөз шеберлерінің, ғалымдардың шығармаларында немесе фольклорлық, публицистикалық туындыларында кездесетін, қолданылуы тұрақты, бейнелі, терең мағыналы нақыл сөздер, афоризмдер. Мақал – мәтелдер сияқты қанатты сөздер де айтайын деген ойды мәнерлеп жеткізу үшін, стилистикалық тәсіл ретінде жұмсалады.

Мысалы:

Абайдағы – білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез; әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсан арқалан; тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын; әкенің баласы болма, адамның баласы бол; еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей; баяғы жартас бір жартас, қаңқ етер, түкті байқамас; адасқанның алды жөн, арты соқпақ; лай суға май бітпес қой өткенге; досы көппен сыйлас, досы жоқпен сырлас т.б.   Ыбырайдағы – кел, балалар, оқылық, оқығанды көңілге ықылас пен тоқылық; аурудан аяған күштірек; байлық қанағатта; өзі болған жігіттің аяғынан аямаңыздар т.б.

М.Әуезовтегі – бөрінің артынан бөлтірік ақылдылығынан ермейді; ар жазасы ең ауыр жаза т.б. қанатты сөздер айтуға жеңіл ықшамдылығымен, көркемділігімен, терең мағыналылығымен мақал – мәтелдер сияқты халық арасына кең тарап кеткен.

Тарихи тұрғыдан қарағанда қанатты сөздер мақал – мәтелдердің қорын байытатын негізгі көз болып табылады. Осы күнгі мақал – мәтелдерде ақылгөй, дана адамдардың аузынан шығып, замандар бойы халық қолданысында әбден екшеліп, қырналып, жетіліп, біздің заманымызға жеткен қанатты сөздер сияқты, бірақ олар бастапқы қалпын, авторларын сақтамаған. Қанатты сөздер грамматикалық құрылысы жағынан мақал – мәтелдер тектес әртүрлі формада кездеседі. [4,454]

Фразеологизмдерге мақал – мәтелдердің қатыстылығын және олардың бір бірінен айырмашылығын фразеологизмдерге тән белгілер тұрғысынан қарап анықтауға болады. Осы тұрғыдан қарағанда, фразеологизмдерге тән құрылым тұрақтылығы, даяр қалпында жұмсалу тиянақтылығы, бейнелілігі, мәнерлігі сияқты белгілер мақал – мәтелдерге тән.

Көркем сөз өнерінің тілдік және поэтикалық бұлақтары санатына жататын мақал – мәтелдер мән – мазмұнның тереңдігімен, өткірлігімен, өміршеңдігімен ерекшеленеді. Көлемінің ықшамдылығына қарамастан, бейнелі тілдік бірліктер нақты да күрделі ойдың себеп – салдарын, халықтың өнер тәжірибесінің қорытындысы мен дәлелін қатар білдіреді. Онда халықтың тарихы, саяси өмірі, тыныс – тіршілігі, дүниетанымы, рухани және материалдық мәдениеті жан – жақты көрініс тапқан. Терең ойды алдай қалыпқа сыйғызған халық даналығын, шешендігі мен асқан шеберлігін танытатын да осы ұлттық сипатқа ие мәдени ентаңбалы (маркерлі) тұрақты орамдар. Әрбір  халықтың  тарихи даму кезеңдеріндегі сан алуан өзгерістер тілдің лексикалық – грамматикалық жүйесінде өзіндік із қалдырып отырғаны белгілі, алайда, өзінің біртұтас жүйесін, тұлға – тұрпаты мен мән мағынасын сақтап  қалған тілдік бірліктер – өздік құрамдағы мақал – мәтелдер.[5,31]

Жұмыстың өзектілігі. Қазақстан Республикасының егеменді ел, халықаралық қатынастар субъектісі болуына және қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына байланысты, Республиканың, мемлекеттің тілі ретінде оның халықаралық қатынастар деңгейдегі коммуникацияда қолдану ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды. Өзара қарым – қатынастың нығаюы, тіларалық байланыстардың, ағылшын – қазақ қостілдігінің жандануы, дамуы, осыған орай, классикалық, көркем әдеби шығармалардың, саяси ақпараттардың, халықаралық зор мәнділікке ие құжаттардың аралық тіл (язык посредник) ықпалынсыз тікелей қазақ тіліне аударылуы таяу болашақта өрістей түседі. Ал, шет тілін үйретуде және аударма жұмысында аса бір қиындық туғызатын тілдік бірліктер – фразеологизмдер мен мақал – мәтелдер. Оның себебін тілдің фразеологиялық, паремеологиялық жүйесіндегі тұрақты тіркестердің ұлттық сипатының, ұлттық нақышының ерекшелігімен түсіндіруге болады. Тілдік бірліктердің тұтас мағынасын жете түсінбей, тіркес құрамындағы сыңарлар мәнін негізге ала отырып аудару әртүрлі келеңсіз жағдайларға, «сәтсіздіктерге» ұшыратуы әбден мүмкін. Сондықтан мақал – мәтелдің тіларалық семантикасын салғастыра зерттей отырып, ондағы жалпы азаматтық, жалпы халықтық мәнділіктер мен заңдылықтар және этностық ерекшеліктерді, сондай – ақ ұлт, тіл, мәдениет және өркениеттің өзара сабақтастығын айқындау да аса өзекті мәселелер қатарына жатады.

Мақал – мәтелдердің тіл білімінде, оның ішінде, қазақ және ағылшын тілдерінде әр тұрғыдан азды – көпті зерттеліп келгені мәлім. Зерттеу нысанына қатысты еңбектерге тоқталар болсақ, мақал – мәтелдердің тілдік табиғаты, олардың басқа тұрақты тіркестермен ұқсастықтары немесе ерекшеліктері А.Байтұрсынов, І.Кеңесбаев, Р.Сәрсенбаев, Б.Адамбаев, Ә.Қайдар, С.Нұрышев, Ғ.Мұсабаев, М.Ғабдуллин, Ғ.Тұрабаева салыстырмалы – салғастырмалы тұрғыдан А.Нұрмаханов, Э.Мұқышева, А.Дондаева, Д.Беғалықызының т.б. жұмыстарында қарастырылған. Ағылшын тіліндегі ұлттық болмыс және ұлттық таныммен тығыз байланысты тұрақты тіркестерді, мақал – мәтелдерді жан – жақты, түбегейлі зерттеген ғалымдар – Н.Барли, А.Дундэс, А.Крикман, М.Куузи, Г.Мильнер, А.Тэйлер, Г.Л.Апперсон, Линда және Роджер Флавэлдер. Аталған ғалымдардың зерттеулері жұмысымызда теориялық және әдістемелік тұрғыдан басшылыққа алынды.

Дегенмен, халықтық ұғым – түсініктер мен рухани, мәдени құндылықтардан мол мағлұмат беретін қазақ және ағылшын тілдеріндегі аталмыш бейнелі тізбектер халықаралық, экономикалық, салааралық байланыстар кең өріс алған осы кезеңге дейін салғастырыла зерттелмей (бірді – екілі мақалаларды есепке алмағанда) келеді.

«Ұлт пен тіл біртұтас» деген қағидаға сәйкес, қазақ және ағылшын мақал – мәтелдерін тек тілдік емес, этнолингвистикалық тұрғыдан қарастыру бірлік астарындағы ұлттық болмысты тану жағынан да өзекті мәселе қатарына жатады.

Сондай – ақ этнолингвистика мен лингвомәдениеттану салаларының жалпы тіл білімінде дербес пән болып қалыптасқан тұсында мақал – мәтелдерді тілдің «таза» ішкі жүйесі (имманентті жүйе) тұрғысынан қарағаннан гөрі, оларды тілі мен мәдениеті алшақ жатқан басқа халықтардың (ұлттардың) тілдік бірліктерімен салғастыра зерттеу арқылы олардың семантикалық құрылымындағы ерекшеліктері мен ұлттық сипатты айқындау аса маңызды болып отыр.

Жұмыстың нысанын туыс емес қазақ және ағылшын тілдеріндегі мақал – мәтелдерді аударудағы тілдік ерекшеліктерді талдау құрайды.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты – қазақ – ағылшын мақал – мәтелдерін салғастыра зерттей отырып, олардың мазмұн межесіндегі ұқсастықтары мен ұлттық сипатын ашу. Аталған тілдік бірліктердің семантикалық құрамындағы ортақ тұстары мен ерекшеліктерін және себеп – салдарын айқындау.

Жұмыстың теориялық және практикалық мәнділігі. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі паремиологиялық бірліктерді тіл иелерінің тарихымен, дүниетанымымен, рухани және дәстүрлі тұрмыстың мәдениетімен сабақтастыра қарастыру нәтижесінде қарастырылған тұжырымдар жалпы және салғастырмалы тіл білімі, этнолингвистика, фразеология, лингвомәдениеттану ғылымдарын теориялық тұрғыдан жетілдіруге белгілі бір дәрежеде үлес қосады.

Жұмыстың құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспедаен, үш бөлімнен, қорытындыдан және қолданылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диплом жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі негізделіп, оның мақсаты мен міндеттері анықталды. Қарауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар айқындалып, жұмыс барысында қолданылған әдіс – тәсілдер сипатталды.

Диплом жұмыстың «Қазақ және ағылшын тілдеріндегі мақал – мәтелдің лингвистикалық және этнолингвистикалық сипаты» деп аталған бірінші тарауында мақал мен мәтелге анықтама беріліп, өзара ортақ тұстары және айырмашылықтары айқындалды. Сондай – ақ, зерттеу нысаны болып отырған тұрақты тұлғалардың коммуникативтік, комулятивтік қызметіне, әлеуметтік мәні мен қайнар көздеріне сипаттама берілді. Қазақ және ағылшын тілдері бойынша мақал – мәтелдерді зерттеуге арналған ғылыми еңбектерге жалпылама шолу жасалып, аталмыш тілдік бірліктерді топтастыру ұстанымдары айқындалды. Этнолингвистика ғылымының бастау алуы, қалыптасу кезеңдері, қазақ және ағылшын тіл білімінде зерттелуі де осы тарауда баяндалды.