Ж О С П А Р


КІРІСПЕ ....................................................................................................... 3-5  

1. Термин туралы жалпы түсінік ............................................................ 6-8

а) термин жасауға негіз болған лексикалық қабаттар .........................8-10
ә) терминжасамның басты принциптері, тәсілдері..............................10-14
б) терминдердің грамматикалық ерекшелігі.........................................14

2. 2003 жылы тіл мен әдебиет саласы бойынша бекітілген кейбір терминдердің қалыптасуы, бірізділігі, жүйелілігі............................... 15-20

ҚОРЫТЫНДЫ .............................................................................................20-22

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ........................................23-24

ҚОСЫМША ӘДЕБИЕТТЕР.......................................................................24

Кіріспе

Тіл -  қоғам өміріндегі құбылыстарға, өзгерістерге сай жаңару, жандану сияқты даму процесін бастан өткізетін тірі организм іспетті. Әсіресе, ғылыми техникалық прогрестің барынша қарқынды даму сатысына көшкен бүгінгі таңда тіліміздің терминологиялық жүйесінде күн сайын жаңа түсінік, ұғым арқалаған сөздер туындап отырады. Бұндай сөздер баспасөз, радио, теледидар тілінен, әр алуан ғылым салаларының сараланған терминологиялық жүйесінен байқалады. Яғни өмірдің өзіндегідей тілде де даму процесі үздіксіз жүріп жатады.
Жаңадан жасалған терминдер «тағдыры» не болмақ? Олар қолданысқа ене ме, жоқ әлде тасада қалып қоя ма? Тіліміздің терминологиялық лексика қабатының дамуына қосқан үлесі бар ма? Қоғамдағы терминдердің қызметі қандай? ыңғайдағы сұрақтар жаңадан көрініс тауып отырған термин төңірегінде үнемі туындап отырады.
Олардың әрбірі қоғам тарапынан қолдауды, тілдік тұрғыдан жүйелеуді қажет етеді.
Сондықтан да термин жасау, қалыптастыру, терминологияны жүйелеу, реттеу жұмыстарын дұрыс жолға қою, жалпы ғылыми-техникалық терминологияның даму бағытын белгілеу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекті мәселелері болып табылады.
Ал термин жасау, жасалған терминдерді қалыптастыру – үнемі қадағалап, реттеп отыруды қажет ететін өте жауапты жұмыс. Олай болмаған жағдайда терминологиядағы жүйеліліктің, реттіліктің бұзылары сөзсіз, терминологиямыздағы бірізділіктің сақталмай әр автордың өзінше термин жасап, термин қолдану жұмысының әлсіздігінен, өкілетті орындардың өз қызметін тиісті деңгейде атқара алмай отыруынан деп білген жөн.
1910 – 1930 жылдар аралығында үстемдік етуші орыс тілінің мүддесі көзделіп, термин жасау мен шет тілдер сөздерін қабылдауда өзге ұлт тілдерінің ерекшелігі ескерілмеді. Ұлт тілінде термин жасаудың мүмкіндігі шектеліп келуінің салдарынан тіліміз термин қабылдағыш тілге айнала бастады.
1990 жылдардан бері қарай ұлттық ғылыми терминологияны дамытудың жаңа принциптерін жасау күн тәртібіне қойылды. Көптеген жаңа терминдер жасалып қолданысқа ене бастады. Жасалып жатқан терминдердің бәрін бірдей мінсіз деп айта алмаймыз. Олардың ішінде терминологиялық жүйе мен терминдерге қойылатын талаптарға жауап бере алмайтындары да бар.
Ондай сәтсіз жасалған терминдер қазақ тілінің термин жасауға «икемсіздігін», ғылыми ұғымдарды дәл беруге мүмкіндігінің жетпейтіндігін көрсетеді.
Қазіргі терминологиядағы шешімін таппай жүрген мәселенің бірі халықаралық деп аталатын терминдерді ұлт тіліне аудару, жазу, қабылдау тәртібінің белгіленбеуі.
Сондай-ақ көптеген терминдердің терминология комиссиясы бекіткен қазақша баламалары  бола тұра тұрақты қолданылмай немесе бұрынғысынша шет тілдеріндегі нұсқалары жарыса қолданылып жатады. Мысалы: мәртебе (статус), сынып (класс), мәтін (текст), әлеует (потенциал).
Сонымен қатар соңғы жылдары бір ғана термин түрліше аударылып, әр сөздікте, әр түрлі деңгейдегі оқулықтар мен ғылыми еңбектерде түрліше қолданылып жүр. Мәселен, төменде берілген терминдер сондай бірізділіктің жоқтығын дәлелдейді: спонсор – демеуші, мияткер, қолдаушы; ткань – ұлпа, тін; клетка – жасуша, торша т. б.
Олардың ішінде терминкомның ресми бекіткеніне қарамастан, бірізді қолданылмай жүргендері де бар.
Осы мәселелерді арнайы зерттеп, тиісті қорытынды шығарудың терминология үшін маңызы зор.
Терминтану ғылымы жақсы дамып, терминонологиялық лексикасы дұрыс жүйеленген тілдерде ғылым мен техниканың әрбір саласының өзіне тән терминжасам үлгілері, сол саланың ерекшелігін көрсететін элементтері қалыптасқан. Біздің тілімізде де ондай қызметтерді атқара алатын сөздер тобы мен қосымшалар жетерлік.
Терминологиялық лексикада кездесетін ондай олқылықтардың басты себептері: термин жасаушының терминге қойылатын талаптарды білмеуінен,
тілдің ішкі мүмкіншілігін дұрыс пайдалана алмауынан, ұғымдар жүйесінің өзіндік ерекшелігін ескермеуден, тәжірибесіздіктен, яки жауапкершілікті сезінбеуден.
А. Байтұрсынов айтқандай, тілді жұмсай білу, сөзден сөз жасап шығару  екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Зерттеудің өзектілігі. Мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тіліне қоғамдық өмірдің барлық саласындағы қызметін атқару міндеті жүктеліп отыр. Тілдің ғылым саласындағы қызметінің жүзеге асуы ғылыми терминологияның жасалуымен, жүйеге түсуімен тікелей байланысты. Жаңа терминдер жасап, ғылыми-техникалық терминологияны ұлт тілі негізінде қалыптастыру үшін термин шығармашылығында іске қосылатын амал-тәсілдер, термин жасауда басшылыққа алынар принциптері мен терминдердің пайда болу арналары айқындалды.
Зерттеудің нысаны. Терминологияны дамытудың дұрыс бағытын белгілеу үшін, қазіргі терминологияда орын алып отырған кейбір кемшіліктер мен әлі шешімін таппаған мәселелердің себептері анықталады, 2003 жылы терминком бекіткен терминдері  талданады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Терминнің дәуірлік сипаты, термин жасау үшін қолданылатын амал-тәсілдері, басшылыққа алынар басты принциптері туралы, қазақ терминологиясының қалыптасу тарихы мен терминком рөлі және міндеттері жайында мәлімет бере отырып, Ә.Қайдаров айтқандай, қазақ тілі терминологиясы әр түрлі жағдайларға байланысты бүгінде дағдарысқа ұшырап отыр. Бұндай жағдайлардың пайда болу себебін анықтау – негізгі мақсаты болып табылады.
Зерттеудің әдістері. Зерттеу барысында сипаттама, тарихи-салыс- тырмалы және талдау-жинақтау әдістері қолданылды.
Зерттеу материалдары. Мұнда Ә.Ө.Айтбайұлының «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы», «Қазақ терминологиясының мәселелері»,  Ә. Т. Қайдаридың «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас», Ш.Құрманбайұлының «Қазақ лексикасының терминдену үрдісі», С.Әлісжановтың «Қазіргі қазақ тіліндегі философиялық терминология» еңбектеріндегі теориялық қағидалар мен «Ана тілі» газетінде бекітілген терминдері басшылыққа алынды.