МАЗМҰНЫ

 

 

1-ТАРАУ. САЛАЛЫҚ БАСЫЛЫМДАРҒА ЖАЛПЫ СИПАТТАМА

1.1. Салалық басылымдардың қалыптасуы, дамуы

1.2. Салалық басылымдар: қызметі және жанрлық ерекшеліктері

 

2-ТАРАУ. САЛАЛЫҚ БАСЫЛЫМДАР ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ

 

2.1. Салалық басылымдарда ұлттық мәдениеттің жазылу мәні

2.2. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы оның салалық көрнісі

 

 

3- ТАРАУ. САЛАЛЫҚ БАСЫЛЫМДАРДАҒЫ МАҚАЛАЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

3.1  Мәдениет, әдебиет, театр салаларына қатысты басылымдардың өзектілігі

3.2    Спорттық басылымдардағы ізденістер.

 

Қорытынды

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

 

 

КІРІСПЕ

 

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алып дүние жүзілік адамзат көшіне жеке мемлекет ретінде қосылған бүгінгі күні, халқымыздың әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени өмірінде бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны, атқарар қызметі өте салмақты болып отыр.

Бүгінгі таңда қоғамдық санаға ықпал ететін бұқараны ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірден-бір күш бұқаралық ақпарат құралдарының басты тетіктерінің бірі – баспасөз болып табылады. Баспасөздің қоғамымыздағы алатын орнына жоғары баға берген Республикамыздың Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Газеттер мен журналдарға арқа сүйеместен өз саясатыңды қалай жүргізіп, реформа мәнін қалай ұғындыруға болатынын түсінбеймін. Егер ең бұқарашыл саяси мінберден айырылсақ, жұртты өз іс-әрекетіміз туралы, аймақтардың даму преспективасы туралы, мәселені шешудегі көзқарастар туралы қалайша хабардар етпекпіз»,- деп атап көрсеткен [1] .

Бүгінгі демократиялық елімізде баспасөздің қоғамдағы рөлі елеулі өзгеріске ұшырады. Ол бұрынғыдай насихатшы ғана емес, сонымен бірге қоғамдық ой-санамыздың сараптаушысы және қоғамдық ой-пікірді қалыптастырушы да болып отыр. Сондай-ақ қазіргі қазақ баспасөзінің рөлі артуда. Әсіресе, ұлттық тіл мен жер мәселесі, еліміздің тәуелсіздік идеясын насихаттау, қорғау, идеология майданында бітпес күрес жүргізу ісінде атқарып отырған қызметін ерекше айтуға болады.

Соның ішінде баспасөздің көтеріп жүрген өзекті тақырыптарының бірі – еліміздегі мәдени салаларына қатысты проблемалар. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, бұрын қағажу көрген тілімізді, өнерімізді, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді, жалпы мәдениетіміздің даму деңгейін көтеріп, қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік туды. Сөйтіп, мәдени құндылықтарымызды игеру, еліміздің мәдени төлтумалығын қалыптастыру ісінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Бірақ бәрі үлкен қиыншылықпен, ізденіспен келді. Өкініштісі осы ауқымды жұмыстарды атқаратын рухани-мәдени дүниеміздің қайнар бұлақтары мен халықты сусындататын ана тіліміздегі газет-журналдар тым әлсіз. Алайда, мәдениетіміздің осындай аумалы-төкпелі кезеңінде де бұқаралық ақпарат құралдарының ішінен мәдениет саласындағы проблемаларды көтеруде, қазақ баспасөзі ғана өзіндік үн естіртіп келеді. Олардың ішінде салалық басылымдрдың үлес салмағы басым деп айта аламыз.

Салалық басылымдар дегеніміз – тек бір ғана салаға арналған газет немесе журнал. Қазіргі кезде қазақ журналистикасында салалық басылымдардың үлкен шоғары қалыптасып келеді. Салалық баспасөз туралы белгілі ғалым Т.Бекниязов былай дейді: «Салалық баспасөз – түрлі салаларды қамти отырып бөлінеді. Министрліктер мен комитеттердің жұмына арналады. Сондай-ақ оқу-білімге, өндіріске, ауыл шаруашлығына, құрылысқа т.б. арналуы мүмкін», дей келе ғалым: «...Қазақстанда салалық болып жіктеледі. Әлеуметтік топтарға және тақырыптық бағытта да басылымдар бар» [2, 45],- дейді.

Қазақ баспасөзі тарихында білімге, өнерге, тек әйелдерге арналған салалық басылымдар болды. Сол салалық басылымдардың өзіндік мақсат-мүддесі болды. Мәселен, өткен ғасырдың 20-шы жылдарында жарық көрген «Жаңа мектеп», «Ауыл мұғалімі», «Қазақстан мектебі» т.б. басылымдардың басты мақсаты сауатсыздықты жою, ағартушылық қызмет жүргізу болып табылды. Бұл басылымдар қазақ халқының рухани дүниесінде үлкен мәнге ие. Оның үстіне қазіргі уақытта кез-келген сала дамып, күрделене түсуде. Осы салаларды саралап, жіктеп таразылайтын жеке-жеке ғылым салалары пайда бола бастады. Сондықтан да салалалық басылымдарға қажеттілік туды.

Осы ретте Ресей ғалымы А. Мураковский мына сөзімен келіспеуге болмас: «Журналистиканы салаландыру өте қажет. Мәселен, физика туралы жазатын журналистер кез келген ғалымдармен ядролық физика туралы тең дәрежеде сөйлесе білетін деңгейде болуы қажет. Бұл жерде журналистке жоғары біліктілік, саланы жете меңгергендік қажет болады. Оның әмбебаптылығынан гөрі, салаланғандығы маңыздырақ. Сондықтан да қазіргі уақытта бір саланы жеттік меңгерген журналистерге сұраныс жоғары. Бір саланы жақсы меңгерге журналист ғана сол саланың барлық проблемасын, оны шешу жолдардарында қандай адамдардың жүргендігін білді, оларды сөзге тарта алады, бір сөзбен айтқанда өзіне не керектігін біледі» [3].

Ғылым мен техниканың дамуы адамдардың барлық салада әмбебап болуын қажетсінеді. Мәселен, күнделікті қоғамдық-саяси басылымдарда жұмыс істейтін адам саясатты да, экономиканы да, қажет болған жағдайда мәдениетті де жазып келуге дағдыланған. Өйткені оған қойылған талап солай. Бірақ олай болуы мүмкін еместігін барлығы біледі. Жан-жақты хабардар болуы мүмкін, бірақ барлық саланы бір адам бес саусақтай меңгеруі ақылға сыйымсыз. Сондықтан да болар қазіргі күнделікті, апталық басылымдар редакцияны тақырып бойынша жеке-жеке топтарға бөліп тастаған. Мәселен, экономика, саясат, әлеумет, спорт т.б.

Бүгінгі уақытта салалық басылымдарда кездесіп отырған бір проблеманың ұшы осы «әмбебап» кадрларға байланысты болып жатады. Аталған мәселе жайлы Мәдениет журналының бас редакторы Д.Исабеков тіптен жақсы айтады: “Қаптап жүрген журналистердің көпшілігі біздің талабымызға сай келмей жатты. Олардың арасында өнер мен мәдениетті жақсы білетін, олардың ішкі проблемаларына үңіліп қарай алатын, қазақ мәдениетінің жетістіктері мен кемістіктерін әлемдік мәдени процестермен ұштастыра отырып сараптама жасай алатын қаламгерлер сирек боп шықты” [4], – дейді. Негізгі проблеманың бәрі маманда екені баршамызға аян. Сондықтан да салалық басылымдар айналасындағы мәселелер олардың бүгінгі қоғамда атқарып отырған қызметтері жайлы зерттеу артықтық етпесі анық.

Жалпы салалық басылымдар бүгінгі уақытта жеке зерттеуді қажет ететін тақырыптардың бірі деп шегелеп айтқымыз келеді. Салалық басылымдардың құрылымдық, жанрлық, тақырыптық ерекшеліктеріне жеке-жеке талдау жасау сол арқылы қазақ журналистикасы тарихында салалық басылымдардың орнын анықтау бүгінгі тәуелсіз қазақ журналистикасының маңызды міндеттері деп білеміз.

Тақырыптың өзектілігі: Қазіргі қазақ баспасөзі ұлттық мәдениетімізді қорғауда, ата салт-дәстүріміді сақтауды насихаттауда, халық санасын оятып, мемлекеттің болашағын, ұлт мүддесінің проблемаларын жан-жақты қозғауда, ұлттық мәдениетті келешек ұрпаққа насихаттауда, демократиялық мәдениетті қалыптастыруға зор үлес қосып отырған ерекше күшке айналып отыр. Сондықтан да қазақ баспасөзіндегі мәдениет құрылысы проблемаларын, салалық басылымдарға жіктей отырып зерттеу бүгінгі қазақ баспасөзінде өзекті тақырыптардың бірі деп білеміз.

Тақырыптың зерттелу деңгейі: Жалпы қазақ баспасөзі әр жылда әр кезеңмен зерттеу нысанына айналды. Бұл үрдіс еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қарқынды дами бастады. Солардың ішінде мәдени, рухани саланы қамтыған Ж.Қалабай «Қазақ баспасөзіндегі Махаббат, неке және отбасы мәселелері» мен Ә.Игенсартованың «Қазақстан баспасөзі: ізденістер мен іркілістер» атты зерттеулері осы саладағы үлкен ғылыми ізденістер болды. Сондай-ақ жас ғалым Д. Салықбектің «Қазіргі қазақ баспасөзі және ондағы мәдениет құрылысы проблемалары»[65] атты кандидаттық диссертациясы да қазақ баспасөзіндегі мәдениет құрылысы проблемаларының зерттелуіне өзінің қомақты үлесін қосты деп білеміз.

Соңғы уақыттарда қазақ баспасөзін философиялық, тіл саласы бойынша, педагогикалық және тарихи тұрғыдан зерттелген біршама ғылыми еңбектер жарық көрді.

Ғалымдар Жарықбаев Қ., Қалиев С. «Қазақ тәлім-тәрбиесі» деген зерттеу еңбегінде қазақ жеріндегі алғашқы басылымдар «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты», «Айқап», «Мұғалім» сияқты баспасөз беттерінде тәлім-тәрбиелік мәселелердің көтерілуін жанжақты ашып қарастырса [66], П.Сейітқазы «Республикалық мерзімді баспасөз беттерінде мектеп оқушыларын тәрбиелеу мәселелері» атты кандидаттық ғылыми диссертациясында 1960-1985 жылдар аралағындағы «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде жарияланған жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты мақалаларға талдау жасап, баспасөздің жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне жоғары баға береді.

Қазіргі бұқарлық ақпарат құралдарын саяси талдау тұрғысынан зерттеген А.Сәрсенбаевтың докторлық диссертациясын ерекше атап өтуге болады. Еңбекте ХХ ғасырдың  екінші жартысынан бастап шыққан қазақ баспасөзінің құрылу тарихына, ондағы жарияланған мақаларға талдау берілуімен қатар, қазіргі демократиялық қоғамымыздағы бұқаралық ақпарат құраладарының маңызы мен рөліне кеңінен талдау беріледі.

Қазақ бапасөзінің тарихы  жөніндегі алғашқы зерттеу еңбектер өткен ғасырдың 40-шы жылдардың соңы 50-ші жылдарда жарық көрді. Бұл саладағы тұңғыш зерттеу еңбектері деп 1949 жылы  Х.Бекхожиннің «Дала уалаяты – бірінші қазақ газеті»[7] деген тақырыптағы қорғаған кандидаттық диссертациясы мен 1950 жылы жарық көрген Б.Кенжебаевтың «Қазақ баспасөзінің тарихынан» деген шағын еңбегін атауға болады.

Сондай-ақ Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ баспасөзін зерттеп, бір жүйеге келтіріп, мазмұндаған библиографиялық көрсеткіш жасап жарыққа шығаруға ширек ғасырдан бері аянбай еңбек етіп келе жатқан ғалым Ү.Субханбердинаның еңбекін ерекше айтуымызға болады[41].

Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының бағыттары мен міндеттері жайлы «Журналистің шығармашылық шеберлігі» атты ғалым Т. Бекниязов еңбегін атауға болады[2].

Диссертация жазу барысында орыс ғалымдары А. Тухватова, А.В. Западов, И.А. Кузнецов, Б.И. Есин, Э.Я. Лазаревич, М.М. Козлова, Д.Е. Максимов, С.Я. Махониналардың зерттеу еңбектеріне сүйендік.

Алайда, салалық басылымдар қазақ баспасөзі тарихында толық зерттелмеген тың тақырыптардың бірі деп айтқымыз келеді.

Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері: Магистірлік жұмыс мәденит саласындағы басылымдарды негізге ала отырып, салалық басылымдардың ерекшеліктері мен қағидаттарына, олардың жанрлық ерекшеліктеріне, салалық жіктелуін анақтауды мақсат санайды.

Сонымен бірге зерттеу жұмысы өз алдына мынандай міндеттер қойып отыр:

 салалық басылымдардың негізгі ерекшеліктерін анықтау;

 қазақ баспасөзі тарихындағы салалық басылымдардың құрылымдық формаларын талдау;

 салалық басылымдарды топтау;

 2006-2009 жылдар аралағында салалық басылымдарда жарық көрген мақалаларды талдау оларға баға беру;

 баспасөз бетінде жарияланған мақалалардың қоғамдық көзқарасты қалыптасыруға ықпалына тоқталу.

Зерттеудің әдістері: Магистірлік жұмыс салыстырмалы жалпы мәдени тақырыбындағы мақалаларды талдау, жүйелеу әдісіне құрылған.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі: Салалық басылымдарды зерттеу барысында қазақ журналистикасының тарихы, теориясы мен практикасы туралы ғылыми еңбектері жазған белгілі ғалымдар Б. Кенжебаев, Х.Бекхожин, Т.Амандосов, Д. Салқынбек т.б. еңбектері негізге алынды. Баспасөз тарихы жөнінде 90 жж. соңы мен ХХІ ғ. басында Отан тарихы, тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері және филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін Л.Р. Нұрғалиева, З. Сағымбай, М. Мұқашева, Д. Баялиева, Р. Молдашевалар кандидаттық диссертация  қорғап, зерттеулерінде Қазақстанда шыққан кейбір басылымдардың тіл ерекшеліктері мен тарихи, әдеби жанрлығын айқындады.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы: Қазақ баспасөзінде салалық басылымдарды жеке объект ретінде зерттеу алғаш рет болып отыр:

 салалық басылымдардың функциясы мен жанрлық ерекшеліктері айқындалды;

 мәдени салалардағы басылымдардың ерекшелігі тізбектелді;

  мәдениетті өрге бастыруда салалық басылымдардың – негізгі фактор екендігін анықтап көрсеттік;

 ұлттық мәдениеттің жаршысы болған басылымдар туралы, оларда жарияланған мақалаларды талдау;

 «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының ұлттың рухани қазынасын түгендеудегі әсерін ашып көрсету;

 «Мәдени мұра», «Алаш», «Абай» журналдарының құрылымдық ерекшеліктері талданды;

 мәдениет, спорт, театр тақырыптарына арналған салалық басылымдардағы проблемалық мақалаларды көтерген жүгі, атқарып отырған қызметі жеке бөлімдерде талданды.

Зерттеудің деректік негіздері: 2006-2009 аралығында Республикалық қазақ салалық басылымдарда, атап айтсақ «Қазақ әдебиеті», «Қазақ спорты», газеттерінде, «Қазақстан әйелдері», «Мәдени мұра», «Мәдениет», «Алаш», «Абай», журналдарында жарияланған мәдениет құрылысы саласындағы ғылыми-танымдық, публицистік материалдар алынды.

Зерттеудің құрылымы: Жалпы магистірлік диссертация негізгі 3 тараудан және 6 тараушадан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрды.