МАЗМҰНЫ

 

Кіріспе3

1. Қазақстан экономикасының нарыққа көшу жағдайындағы маркетингтің әлеуметтік-экономикалық маңызы мен атқаратын қызметі6

1.1. Маркетингтің даму эволюциясы және оның қазіргі заман жағдайындағы кәсіпорында алатын орны6

1.2. Банктердің маркетингтік қызметіндегі көрсеткіштер жүйесі20

2. Коммерциялық банктердегі маркетингтік қызметтің ұйымдастырылуы23

2.1 Коммерциялық банктегі маркетингтің ерекшеліктері25

2.2. Банктегі маркетингтік зерттеулер мен ақпарат29

Қорытынды31

Қолданылған әдебиеттер тізімі32

 

 

 

Кіріспе

 

Банк жүйесі – нарықтық экономиканың ең маңызды және ажырамас құрылымдарының бірі. Банктердің дамуы тауар өндірісімен және айналымымен қатар өсіп өзара тығыз араласып кеткен. Мұндайда банктер ақша есеп айырысуларын жүргізіп, шаруашылыққа кредит бере отырып, капиталдарды қайта бөлуде арадағы делдал ролін атқарып өндірістің жалпы тиімділігін елеулі түрде арттырып, қоғамдық еңбек өнімділігінің өсуіне жағдай туғызады. 

Қазіргі банктік жүйе – бұл кез келген дамыған мемлекеттің ұлттық шаруашылығының маңызды саласы. Оның практикалық ролі мемлекетте төлемдер мен есеп айырысулар жүйесін басқаратындығымен, өзінің коммерциялық мәмілелерінің көп бөлігін салымдар, инвестициялар және кредиттік операциялар арқылы жүргізуімен анықталып, басқа да қаржы делдалдарымен қатар банктер халықтың жинақ ақшасын фирмаларға және коммерциялық құрылымдарға бағыттайды. Коммерциялық банктер мемлекеттің ақша-кредит саясатына сәйкес әрекет ете отырып ақша ағындарының айналымына, эмиссиясына, жалпы массасына, оған қоса айналымдағы қолма-қол ақша санына әсер ету арқылы ақша қозғалысын реттейді.

Коммерциялық кәсіпорындардың бір түрі ретінде банктік мекемелер де өз қаржы ресурстарын жеке меншік қаржыларынан емес, тартылған қаржы ресурстарынан құрайды.

Қазіргі банк жүйесі – бұл банк ісінің негізін айқындайтын дәстүрлі депозитті-несиелік және есеп айырысу кассалық операциялардан бастап банк құрылымдары пайдаланып жүрген қазіргі заман талабына сай ақша-несие және қаржылық құралдарға (лизинг, факторинг, траст және т.б.) дейінгі өз тұтынушыларына көрсететін сан-алуан қызметтер саласы. 

Икемді және тиімді банктік маркетинг қызметін құру – Қазақстандағы экономикалық реформалардың маңызды және өте күрделі міндеттерінің бірі. Әсіресе, шет елдердегі банк жүйесіндегі маркетингтік қызметтің дамуын бақылаудың ерекше маңызы бар, өйткені дамыған елдердегі банктердің тәжірибесі біздің отандық банк жүйесіндегі маркетинтік саланың қалыптасуына әсер етеді. Сөйтіп, оны халықаралық стандарттарға жақындата түсіп, Қазақстан банктерінің әлемдік деңгейде шығуына ықпал етеді. Демек, осыған орай шетелдік әріптестеріміздің біздің елге, оның ішінде біздің банктік жүйеге деген сенімін арттырады. Қазіргі тауар және қаржы рыноктарының дамыған жағдайында банк жүйесіндегі маркетингтік қызметтің ауқымы күрт күрделене түсуде. Қаржы мекемелерінің жаңадан несие мекемелерінің тұтынушыларға қызмет ету құралдары мен әдістерінің жаңа түрлері пайда болды. 

Отандық әдебиетте дамыған елдердің экономикасындағы банктік маркетинг жеткілікті түрде зерттелмеген, бұл түсінікті де, өйткені көпшілік экономисттеріміз негізінен Қазақстанның банктік жүйесін талдап және зерттеуге тырысуда. Мұндайда дамыған елдердегі банктердің маркетингтік қызметінің ұйымдастырылу тәжірибесін зерттей түсу бізге орасан зор пайдалы болар еді. 

Қазіргі кезде маркетинг банктердің қызметін жоспарлау, оны ұйымдастыру мен басқарудың барлық жақтарын қамтуы тиіс. Бұл жағдай осы замандағы маркетингтің рөлі мен маңызы туралы көзқарастарға сәйкес келеді. Шындығында, банктің тиімді қызметін басқару үшін қазіргі замандағы маркетинг біртұтас және жүйелі бағытта дамуы қажет, бірақ мұндай бағыт әзірге жүзеге асырыла қойған жоқ.

Банктердің маркетингтік қызметіне жүргізілген талдау, нақты мақсаттарға іс жүзінде қол жеткізу үшін оның жекелеген бөлшектерінің маркетингтік шаралар түрінде қолданылатындығын көрсетті. Сонымен қатар, отандық банк жүйесіндегі маркетинг көп ретте жарнама және қызметтерді өткізу ісіне ғана бағытталған. Бұл жағдай бірқатар объективтік және субъективтік себептермен түсіндіріледі. Олардың ішінен келесі себептерді көрсетуге болады: нарықтық қатынастар дамуының төмен деңгейі; құқықтық және нормативтік заңдармен қамтудың жетіспеушілігі; нарықтық тауарлар инфрақұрылымының төмен деңгейі; кәсіпорында маркетингтік қызметті дұрыс жолға қоятын тәжірибелі мамандардың жеткіліксіздігі; қаржы болмауынан туындаған қиындықтар; мәлімет жинау мен ақпарат бөлісу жұмысының шектеулілігі; берілген жүйе бойынша ғылыми зерттеулер мен ізденістердің жетіспеушілігі, дәлірек айтқанда, маркетингтік қызметті сапалы түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін әдістердің, көбінде әдістемелер деңгейінде ғана қолданылуы.

Маркетингті жүзеге асыруға арналған еңбектер шетел тәжірибесін қолдануға бағытталған және біздің экономикалық жүйенің ерекшеліктері мен жағдайларын ескере бермейді. Маркетингтің негізгі заңдылықтары мен әдістері бірыңғай болып келеді, сондықтан олар іс жүзінде экономиканың барлық саласында қолданылады. Шетелдік деректерге сүйенсек, олар нақты бір фирмаға не банкке жан-жақты жасалған талдау арқылы құралған ғылыми негіздемесі болған жағдайда ғана, — маркетингті табысты түрде қолдануға болады деп, тұжырым жасайды. Өткізіліп отырған реформалар деңгейінің бірізділігі сақталмауы, нарыққа өту кезеңінде маркетинг қызметімен айналысу тәжірибесінің аздығына байланысты қалыптасқан жағдай қиындай түседі. Сондықтан маркетингті іс жүзінде ұйымдастыру және оның тиімділігі мен сапалылығын көтеру маңызды мәселе болып табылады.

Осы жұмысты жазу кезіндегі негізгі қиыншылық Қазақстан банктерінің маркетингтік қызметінің ұйымдастырылуына қатысты деректердің мүлде аз болуына байланысты туындады. 

Курстық жұмыстың мақсаты Қазақстандағы банктердің маркетингтік қызметінің ұйымдастырылуы жөніндегі мәліметтерді жүйелеп, жинақтап және барынша нақты жағдайын айқындап көрсету, сонымен қатар, әлемдік тәжірибелерді республикамыздың банк жүйесіне қолданылу мүмкіншіліктерін қарастыру болып табылады. 

Осы мақсатқа сәйкес мынадай негізгі міндеттер туындайды:

- банк жүйесіне қатысты теориялық сұрақтарды қарастыру;

- банктердің пайда болуы мен дамуына әсер ететін негізгі факторларды қарастыру;

- шетелдердегі банк маркетингінің өзгешеліктері мен артықшылықтарын талдап, елдегі банктердің маркетингтік қызметін ұйымдастырылуын салыстыру;

- ҚР-ғы банктік маркетингтің ұйымдастырылуына талдау жасау;

- Қазақстандағы банктердің маркетингтік қызметін жетілдіру жолдарын қарастыру.

Аталған міндеттерді тиімді ашып көрсету үшін курстық жұмыс бірнеше тарауға бөлініп жазылды.