Жоспар
Кіріспе    3
І Франчайзингтік бизнестің теориялық мәселелері    6
1.1 Франчайзингтің мәні және жүйесі    6
1.2 Франчайзингтің түрлері  және ерекшеліктері    12
II Қазақстан Республикасындағы франчайзингтік бизнестегі шағын кәсіпкерліктің жағдайы    16
2.1 Франчайзингтің Қазақстан Республикасында пайда болуы және даму кезеңдері    16
2.2 Франчайзингтің бизнестің Қазақстан нарығында алатын үлесі    19
III Франчайзингтік бизнесті дамытудағы мәселелер және оларды шешу жолдары    23
3.1 Әлемдік тәжірибедегі франчайзингтің дамуы    23
3.2 Қазақстан Республикасында франчайзингтік бизнесті дамытудың жолдары мен кедергілері    27
Қорытынды    31
Пайдаланылған әдебиеттер:    33

Кіріспе

«Біз шағын және орта бизнестің экономика құрылымындағы үлесін айтарлықтай ұлғайтып, оны орташа дамушы Еуропа елдерінің деңгейіне дейін жеткізуге тиіспіз.
Сонда барып бізге кезекті дағдарыстық циклдарға қарсы тұру оңай болады. Әрбір қазақстандық үшін жаңа істі игеру, жаңа бизнес ашу немесе өз қызмет саласын кеңейту мүмкіндіктері болуы тиіс»
Н.Ә. Назарбаев

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылғы «Жаңа онжылдық -– Жаңа экономикалық өрлеу- Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында елімізді жан-жақты жаңартудың жаңа кезеңіндегі басты басымдықтарының маңызды бағыттары ретінде қолымызда бар мүмкіндіктерді айқындау және пайдалану, сондай-ақ жаңа бәсекелестік артықшылықтар қалыптастыру арқылы Қазақстанды жаһандық экономикаға ойдағыдай кіріктіруге негізделген мемлекеттік саясат, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін толымды стратегия әзірлеу және оны іске асыру, осы тұрғыда орта және шағын кәсіпкерліктің жаңа инновациялық сипатын құруды айқындады. Кәсіпкерліктің инновациялық нысандарының бірі – өндірісті дамытуға және филиалдар ашуға өз қаражатын салмай-ақ өркендеуге мүмкіндік беретін фирманың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін жаңалықтарды енгізуге бағытталған бизнесті ұйымдастырудың ерекше нысаны – франчайзинг.
Қазақстан экономикасының жандануына шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы тікелей әсер етеді. Кәсіпорындардың нарықтағы тұрақтылығын шешу жолдарының, шағын кәсіпорындарды дамытудың тиімді әдістерінің бірі – франчайзинг болып табылады.
Франчайзинг – ұзақ мерзімді іскерлік қатынастардың нысаны, ол тәуекел дәрежесі төмен және тұрақты пайдалылық деңгейі бар кәсіпкерлікті ұйымдастырудың тиімділігі жоғары жолы. Франчайзинг жүйесін пайдалану тұтынушылардың сұранысын толығымен қанағаттандыруға және оның өзгерісіне жедел жауап қайтаруға мүмкіндік береді. Франчайзингтік қатынастар желі қатысушыларына бірқатар артықшылықтар ұсынуымен тартымды:
Біріншіден, жаңа кәсіпкерлерге – табысы тұрақты бизнестің көмегімен өзіндік кәсібін ұйымдастыруға мүмкіндік береді,
Екіншіден, танымал компаниялардың нарықтағы қызметін кеңейту және нығайту жолы,
Үшіншіден, мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдаудағы тиімді тетігі болып табылады.
Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының мәліметтері бойынша, елімізде 120 франчайзингтік жүйе және 1000 франчайзи кәсіпорындар бар.  Экономиканың қарқынды дамуы, шағын және орта бизнестің ЖІӨ-гі үлесінің өсуі, алдыңғы қатарлы бизнес технологияларына сұраныстың артуы, салыстырмалы түрде франчайзинг тауашасының қанықпағандығы және тағы басқа бірқатар факторлар жуық арада бұл сектор үлесі бірнеше есеге ұлғаяды деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Бірақ, франчайзингтің дамуына кедергі болып отырған факторлар бар, олар: франчайзингтік секторға арналған мемлекеттік жеңілдіктер мен преференциялардың болмауы, санаткерлік меншіктің толық қорғалмағандығы, кәсіпкерлердің қаржылық мүмкіндіктерінің жеткіліксіздігі, франчайзинг туралы ақпараттың аздығы, жылжымайтын мүлікке деген бағаның әлі де болса жоғары болуы. Жоғарыда аталғандарға байланысты, кәсіпкерлік дамуының ерекше нысаны ретіндегі франчайзинг жүйесін қалыптастыру мен дамытуға байланысты теориялық және практикалық аспектілерді зерттеу уақтылы және өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Тақырыптың ғылыми зерттелу дәрежесі.  Франчайзингтің көп аспектілі сипаты мен өзектілігі ғалымдардың оған деген қызығушылығын арттырады.
Франчайзинг мәселесін зерттеген шетелдік авторлардың ішінен оның жан-жақты дамуына өз үлесін қосқандар: М. Мендельсон, Я. Мюррей,                   Дж. Стэнворд, Б. Смит, Н.К. Сирополис және т.б.
Франчайзингтің теориялық және ғылыми тәжірибелік аспектілері ТМД ғалымдары – В.В. Довгань, Д.Н. Земляков, Д.Н. Колесников, А.З. Майлер,    М.О. Макашев, С.В. Поворин, И.В. Рыкова, С.А .Силинг, Л.Б. Сульповар,          А.В. Цират және т.б. еңбектерінде көрініс тапқан.
Шағын кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуының жекелеген аспектілерін отандық ғалымдар Ә.Ә. Әбішев, О.Б. Баймұратов, Ж.О. Ихданов, М.Б. Кенжеғозин және т.б. қарастырған.
Кәсіпорындардың маркетинг қағидалары негізінде нарықта әрекет жасау мәселелері Ш.Р. Әбділманова, Н.В. Джангарашева, С.Р. Есімжанова,            Ұ.М. Искаков, К.К. Қажымұрат, С.Н. Нысанбаев, К.Ә. Сағадиев,                    Ф.С. Сейдахметова, Н.Н. Хамитов сияқты отандық ғалымдар еңбектерінде сипатталған.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты – франчайзингтің теориялық және практикалық аспектілерін кешенді талдау арқылы оның Қазақстан Республикасындағы франчайзингтің алатын орнын және франчайзингтің  дамуы жөніндегі ғылыми негізделген ұсыныстарды жасау болып табылады.
Осы мақсатқа жету үшін жұмыста келесі міндеттер анықталды және шешімін тапты:
 франчайзингтің теориялық әдістемелік мәселелерін талдау;
 Қазақстан Республикасындағы франчайзингтің пайда болу және даму кезеңдерін зерттеу;
 ҚР-ғы франчайзингтік бизнес бойынша шағын кәсіпкерліктің даму жағдайын қарастыру;
 Қазақстан Республикасындағы франчайзингтік бизнесті дамыту және жолдары және кедергілерін талдау.
Зерттеу пәні. Франчайзингтік бизнес: теориялық әдістемелік мәселелері, қазіргі жағдайы және дамыту жолдары зерттеу пәні болып табылады.
Зерттеу объектісі ретінде Қазақстан Республикасындағы қызмет көрсету саласының франчайзингтік кәсіпорындары алынды.
Курстық жұмыстың теориялық-әдістемелік негізі ретінде экономикалық теория, франчайзингке, маркетингке байланысты отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері, Қазақстан Республикасының Заңдары, Президент Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулылары және франчайзингтік қатынастар мәселелеріне жөніндегі нормативтік құжаттар қарастырылды.
Зерттеу жұмысында Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің, сонымен қатар франчайзингтік кәсіпорындар мен Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының мәліметтері және жүргізілген маркетингтік зерттеу нәтижелері ақпараттық база болып табылады.




























І Франчайзингтік бизнестің теориялық мәселелері
1.1 Франчайзингтің мәні және жүйесі

Қазақстан экономикасының жандануына шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы тікелей әсер етеді. Кәсіпорындардың нарықтағы тұрақтылығын шешу жолдарының, шағын кәсіпорындарды дамытудың тиімді әдістерінің бірі – франчайзинг болып табылады.
 «Франчайзинг» термині француздың «franchise» - жеңілдік, артықшылық, сонымен қатар салық пен жарналардан босату сөзінен пайда болған.
Франчайзинг дегеніміз - айрықша құқық кешенінің құқық иеленушісі осы кешенді басқа тұлғаға өтемді негізде пайдалануға беретін кәсіпкерлік қызмет.
Франчайзинг – көптеген франчайзилер желілерін және территориялық дамудың жетілген технологияларында қалыптасқан серіктестік бизнес.
Франчайзинг – ұзақ мерзімді іскерлік қатынастардың нысаны, ол тәуекел дәрежесі төмен және тұрақты пайдалылық деңгейі бар кәсіпкерлікті ұйымдастырудың тиімділігі жоғары жолы.