Мазмұны

Анықтамалар ..................................................................
Белгілеулер мен қысқартулар ......................................

Кіріспе............................................................................

1.Мұсылман құқығының жалпы түсінігі және ол қазақ әдет-ғұрып құқығының қайнар көзі ретінде......................................

2 Мұсылман құқығының қылмыстық-құқықтық нормалары
1.1. Мұсылман құқығындағы қылмыс ұғымы
1.2. Мұсылман құқығы бойынша жаза ұғымы

2. Қазақ әдет-ғұрып құқығы бойынша қылмыстық-құқықтық нормалар.
2.1. Қазақ әдет-ғұрып құқығы бойынша қылмыстың түсінігі.
2.2. Қазақ әдет-ғұрпындағы қылмыстық жаза ұғымы.
2.3. Қазақ әдет-ғұрып құқығы бойынша жазаның түрлері

Қорытынды

Қолданылған әдебиеттер




Кіріспе

Қылмыс әлеуметтік құбылыс ретінде қоғам үшін келеңсіз құбылыс болғандықтан, оған қарсы үздіксіз күрес жүргізіліп келе жатыр. Сондықтан да қылмысқа қарсы күрестің негізгі механизмін ата-баба құқықтарынан, құқықтық мәдениетімізден іздегеніміз абзал. Қоғам үшін құқықтық сананы қалыптастырып, қылмыстың күнә, теріс әрекет екендігін бесіктегі баладан бастап бойына сіңіре білсек, болашақ қоғам үшін жағымды бетбұрыс жасау деп түсінеміз. Осы айтылғандарға байланысты мұсылман құқығы мен қазақ әдет-ғұрып құқығының зерделенуі мен оның маңыздылығын жете түсіну әлеуметтік-құқықтық мәнділікке ие екендігі айқын бола түседі.
Тарихымыздың қай кезеңі болса да, дін әрқашан адамдардың өзін-өзі қорғау жаман қылықтардан арылып, жақсылыққа шақыру құралы болған. Әрбір жанұяға, жеке адамға, қоғамға бір сөзбен айтқанда барлық халыққа жақсы жол көрсететін амалдар қарастырылған. Өте ауыр сынақтардан өтуге, жарық күнге ұмтылып өмір сүруге шақырған, сендірген және өз кезегінде адамдарға күш-қуат сыйлайтын, жігерін арттыратын, бір-біріне мейірбандылығын асыратын игі идея іске асырылған. Сондықтан да болар қылмыс пен жаза мәселесі мұсылман құқығы және қазақ әдет-ғұрып құқығы негізінде еш үйретілмеген деу әділеттік емес.
Жоғарыда айтылып өткенге қатысты дипломдық жұмыста мұсылман құқығы мен қазақ әдет-ғұрып құқығындағы қылмыс пен жаза ұғымдары, олардың қазақ әдет-ғұрып құқығындағы негізгі қылмыстық-құқықтық категориялардың дамуына әсері, мұсылман және әдет-ғұрып құқықтарындағы қылмыс пен жаза ұғымдарының ара қатынасы зерттеледі.
Мұсылман құқығында қылмыс пен жаза түсініктері діни көзқарасқа негізделген. Шариғатта жасауға тиым салынған іс-әрекеттер негізінен қылмыс болып саналған. Ал қылмыстың қауіптілік дәрежесі Алла алдында жасалған іс-әрекеттің ауыр және жеңіл күнә болуына байланысты болған. Жаза белгіленген дәрежеде күнәдан арылу үшін қолданылған.
Қылмыс әлеуметтік құбылыс болып саналады. Заңгер ғалымдар қылмыстың ұғымына қатысты әртүрлі пікірлер айтады. Қазақ әдет-ғұрып құқығы бойынша қылмыстың түсінігі өзіндік ерекшеліктерге де ие.
Орта ғасырлардағы мұсылман құқықтанушылары мен қазіргі заман зерттеушілері құқық бұзушылықтың бірнеше қағидаларын қарастырған. Олардың көзқарастарын талдау мұсылман қылмыстық құқығын тағы да терең зерттеуге әсер етті. Шариғатта «қылмыс» сөзі адамның жанына немесе ағзаларына зиян келтіру мағынасын білдіреді.
Қазақтың әдет-ғұрпындағы қылмыс ұғымы ежелгі дәуірдің құқық мұрағаттарындағы қылмыстың түсінігіне жақын келеді.Қазақтың әдет-ғұрпында «қылмыстың» табиғи нысаны қоғамның тұрмыстық, рулық құрылымының күрделігімен байланысты болды. Соған байланысты қылмыс деп жәбірленушіге немесе оның туысына келтірілген материалдық және моральдық шығынды атаған.


Жаза тағайындау институтын оқып үйрену барысындағы жүйелеу жоспарын саралау, ең алдымен, әдет-ғұрып заңдарынан бастаудың да өзіндік алғышарттары бар заңды құбылыс. Қылмыстық жазаның пайда болу тарихы терең екендігі біздерге әуелден белгілі. Қандай да болмасын мемлекеттің өзіндік даму сипаты болды және олар сол қоғамдағы қылмыстар үшін өздеріне оңтайлы жазаларды қолданған. Қазақтың әдет-ғұрыпында немесе мұсылман құқығының тыйым салушы талаптары жазамен тікелей байланысты болып келді.
Жаза – мемлекет қолындағы маңызды құрал, ол арқылы мемлекет адамды, оның құқығын, бостандығын, заңды мүддесін, меншікті, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, аумақтық бүтіндікті, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін, адамзаттың бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғайды. Ол қылмыстық жауаптылықты жүзеге асырудың басты нысаны және қылмыскерліктің алдын алу шараларының бірі болып табылады.
Мұсылман құқығы мен қазақ әдет-ғұрып құқығында заңға бой ұсыну, оны құрметтеу, заң бұзушыны жазалау, кінәні шын жүректен мойындау, қылмыскерді жазасыз қалдырмау, қылмысты мойындау, шын өкінгенді кешіру сияқты қылмыс пен жазаға байланысты маңызды қағидалар тұжырымдалып, ол ережелер ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа тараған. Заңды білуге ұмтылу, оны мойындау және сотты құрметтеу, өз құқықтарын қорғау сол бойынша арыздану – халқымыздың үйреншікті дәстүрі. Демек, мұсылман құқығы мен қазақ әдет-ғұрып құқығындағы қылмыс пен жазаны  зерттеудің үлкен маңыздылығы айқын болады.
Сонымен, осы дипломдық жұмыстың мақсаты – мұсылман құқығы мен әдет-ғұрып құқығындағы қылмыс пен жаза ұғымдарын жан-жақты талдап, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын зерттеу болып табылады.
Мұсылман құқығындағы қылмыс пен жаза мәселелеріне мұсылман мемлекеттері болып саналатын елдерде баса назар аударылған. Бұл елдерде шариғаттың құқықтық ролі тұрақты түрде зерттелуде. Дипломдық жұмысты зерттеуде Абдель Кадер Ауды, Ал Абдер-Кадыр әл-Кахваджи, Ахмед Махмуд аш-Шафии, Мухаммед Субхи Наджма сынды авторлардың еңбектері негізге алынды. Мұсылман құқығы мен қазақ әдет-ғұрып құқығындағы қылмыс пен жаза мәселелерінің әр түрлі қырлары Л.Р. Сюкияйнен, П.Л. Карасевич, С. Махмасани, Н. Торнау, Л. Массе, Е.Т. Смирнов, Н.И. Гродеков, Г. Загряжский, В. Тронов, Н. Изразцов, М. Готовицкий, М.А. Ражабова, А.Л. Ременсон, Н. Максимов, Р. Шарл сынды Кеңес және ТМД елдерінің зерттеушілерінің, сондай-ақ Н. Өсерұлы, М.А. Сарсембаев, Н.Д. Нуртазина, Ш. Уалиханов, Т.М. Культелеев, С. Зиманов, Ж.О. Артықбаев, С. Өзбекұлы, Н. Қазыбеков, С.М. Рахметов, Ғ.С. Сапарғалиев, З. Кенжалиев сынды қазақстандық зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылады. Сонымен қоса, дінтануға, яғни ислам дінін танып білуге Х. Алтай, М. Бұлұтай, Д. Нұртази сияқты зерттеушіредің қосқан үлесі зор. Ислам мен шариғаттың құқықтық қырларын зерттеуге жоғарыда аталған қазақстандық зерттеушілердің сіңірген еңбектері қомақты. Аталған зерттеушілердің мұсылман құқығы мен қазақ әдет-ғұрпына байланысты айтқан ойлары дипломдық жұмыстың тақырыбын зерттеу кезінде негізге алынып, жұмысты орындауда қолданыс тапты. Ал, мұсылман құқығының қылмыстық-құқықтық нормаларына қатысты мәселелер аз көлемде зерттелген. Осыған орай Т.М. Күлтелеевтің еңбектерін ерекше атап өтуге болады және тақырыптың зерттелуі осы автордың еңбектерін негізге ала отырып жүргізілді.
Дипломдық жұмыстың зерттеу объектісі – мұсылман құқығы мен қазақ әдет-ғұрып құқығындағы қылмыс пен жаза ұғымдары. Зерттеу пәніне келетін болсақ, оны мұсылман құқығы мен қазақ әдет-ғұрып құқығының қылмыс пен жаза туралы нормалары мен теориялық көзқарастары құрайды.
Дипломдық жұмысты жазу барысында алға қойылған міндеттер төмендегідей түрде анықталады:
 мұсылман құқығының жалпы түсінігін беру;
 мұсылман құқығын қазақ әдет-ғұрып құқығының қайнар көздерінің бірі ретінде қарастыру;
 мұсылман құқығы бойынша қылмыстың түсінігін беру, оның белгілерін, түрлерін ашып көрсету;
 мұсылман құқығындағы жазаның ұғымы мен түрлеріне сипаттама беру;
 қазақ әдет-ғұрып құқығындағы қылмыстың түсінігін беру, оның белгілерін, түрлерін ашып көрсету;
 қазақ әдет-ғұрып құқығындағы жаза түсінігін беріп, оның түрлерін ашып көрсету.