ЖОСПАР

Кіріспе ................................................................................................................ 4-6

1.ТАРАУ. ЕЖЕЛГІ ДӘУІРДЕГІ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҮЙЕСІ

1.1. Қазақ әдет-ғұрып құқықтық жүйесінің жалпы сипаты мен ерекшеліктері...................................................................................................... 7-16

1.2. Қазақ әдет-ғұрып құқығы жүйесінің кұрылымы мен негізгі принциптері...................................................................................................... 16-26

1.3. Қазақ әдет-ғұрып құқық жүйесінің институттары............................... 27-37

 

 

2. ТАТАУ. ҚАЗАҚ ӘДЕТ-ҒҰРЫПТЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖҮЙЕСІН ТАРИХИ

ДАМУЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

2.1. Патшалық Ресей өкіметі тұсындағы құқықтық жүйе............................38-54

2.2. Кеңес өкіметі тұсындағы құқықтық жүйе..............................................55-60

Қорытынды.......................................................................................................61-62

Әдебиеттер тізімі.............................................................................................63-65

 

КІРІСПЕ

 

Қазақ халқы – «қазақ» деп бертінде аталғанына қарамай, өзінің көне дәуірлерге барып тірелетін тарихы, адамгершілік пен ұлағатты тағылымдарға толы рухани-мәдени қазыналары бар халық. Әлемдегі өзге халықтар мен ұлттар алғашқы тобырлық тіршілікті басынан өткеріп, бірін-бірі аяусыз құл етіп қанап, бірі-бірінің құқықтарын аяққа езіп, теңдікті, әділдікті, еркінділікті, бостандықты әдіра қалдырып жатқан кездің өзінде-ақ ата-бабаларымыз ақ пен қараны ажыратып, обал мен сауапты терең түсініп, еркіндік, бостандық, егемендік, әділеттік, адамгершілік категорияларын ту етіп көтеріп, нағыз демократиялық сипаттарға толы қағида-ережелерін жасап, тұрмыс-тіршіліктерін осы қағидаларға сүйеніп алып барып, өмір сүріп жатты. Еліміз өз тәуелсіздігін алып, егеменді мемлекет болғаннан кейін елеусіз қалып келген асыл мұраларымызды өгейсітпей, өз ұрпақтарына қайта қайтаруға мүмкіндік туды. Өркениетті елдердің бәрі дүр сілкініп, жаһандасу процесінде көлеңкеде қалып қоймай, бүгінгісі мен болашағының мызғымас қажеттілігін алдын ала ойлап, өздерінің өткендерін қазіргі күнмен сабақтастыра отырып, алтын қазыналарын сол іс-әрекеттеріне арқау етуде. Жаһандасу процесі барлық халықтардың өзара тіл табысуын жеңілдету, қағида-ережелерін демократияландыру, ақпараттар ағынын жиілету жолында реформалар жүргізіп жатыр. Бұл реформалардың негізі гуманизациялау. Әсіресе, халықаралық құқықты гуманизациялау қазірдің өзінде басталып кетті. Осы үрдіске қазақ әдет-ғұрып құқық жүйесінің де қосар үлесі мол болмақ. Сондықтан ата-бабаларымыздың асыл мұраларын терең зерттеп, талдаулар жасап қана қоймай, оны әлемге таныстыру, өзіміздің құқықтық-мемлекеттік жүйемізде қолдану – бүгінгі күннің маңызды мәселесі. Сондықтан да, үлкен ғалымымыз С. Зимановтың: «Бір кездері ежелгі қазақ даласындағы ұрпақтар мұрасы болып табылатын заңдылық пен әділ соттың «Алтын ғасыры» қайтадан біздің тарихымыздың алтын бетіне айналуда және болашақта жалпы өркениеттік мұрасына да айналар деген үміт бар» деген сөзі қазақ құқығының салмағы ауыр, мәні зор екенін ғана көрсетіп қоймай, алдағы уақытта әлемдік құқықтық жүйелердің ішінен өзіне лайықты орын ала алатынын меңзейді. Сол себепті қазақ әдет-ғұрып құқық жүйесін зерттеп, оқып-үйрену өте өзекті де маңызды болып табылады1.

Әдет ғұрып құқығы құқықтық жүйенің тарихи тұңғыш түрі. Ол мемлекет заңдарынан түзелген құқықтық жүйеден өзгеше құбылыс. Қазақ қоғамындағы құқықтық өмірдің құпиясы оның адами ажарында, рухани келбетінде мәдени астарында.

Дипломдық жұмысты жазу барысында келесідей ғалымдардың еңбектері, көзқарастары қарастырылып пайдаланылды: А.И.Левшин, И.А.Козлов, Я.Гавердовский, Г.Шангин, Н.Г.Гродеков, А.И.Добрамыслов, П.И.Рычков, А.Алекторов, Л.Ф.Баллюзек, А.М.Леоньтев, Д'Андре, А.И.Крахалев, И.Крафт, Т.М.Культелеев, С.Л.Фукс, Ш.Уәлиханов, С. Зиманов, С.Сартаев, С.Созақбаев, Н.Өсеров, З.Ж.Кенжалиев, Е.Абиль т.с.с.

Тақырыптың өзектілігі. Әдетте, әдет - ғұрып нормаларының көп түрлілігі, яғни әмбебабтығы, елгезектігі, "адамгершілігі" дұрыс бағаланбай, керісінше, кері түсініліп, оның тұрақсыздылығы, табансыздығы, үйлесімсіздігі (партикуляризм) деп жазылып жүр. Шын мәнінде бұл әдет - ғұрып нормаларының нағыз беріктігін, бірлігін және біркелкілігін көрмеу еді. Олар өстіп құбылмалы, елгезек, өзгергіш болу арқылы өздерінің мақсаттарына жетіп, өздері реттейтін қатынастардың беріктігін, тұрақтылығын, бір қалыпта сақталуын қамтамасыз етеді.

. Көшпелі қоғамдағы құқықтық жүйе - ерекше құбылыс. Яғни, әдет ғұрып нормалары - өзгеше бір әлеуметтік кеңестіктің, қоғамдық емірдің көріністері, сондықтан олардың өлшемдері мемлекет заңдарынан бөлек. Әдет -ғұрып құқығы нормаларын дұрыс ұғынып, түсіну олардың ішкі мәніне сай көзқарас, зерттеу әдістері керек. Демек, әдет - ғұрып құқығын зерттеуде бірізділік, біржақтылық сарыны біршама орын алған.

Диплом жұмыстың негізгі мақсаты: Қазақ әдет-ғұрып құқық жүйесінің пайда болып, қалыптасуы және дамуын, оның дегенмен демократиялық сипаттарын, адамгершілік қағидаларына толы екендігін жан-жақты зерделеу болып табылады.

Зерттеу жұмысының міндеттері. Ендігі міндет жеткен жетістіктерді ескере отырып, сонымен қатар жіберген олқылықтарымыздың орнын толтыру, аталмыш мәселені зерттеудегі, оған баға берудегі кеткен қателерден уақытылы арылу. Сөйтіп, әдет - ғұрып құқығын құқық формасы ретіндегі өмір арнасының шынайы табиғатын ашу қажет.

Зерттеу жұмысының әдістері мен әдістемелері. Дипломдық жұмысымда әдет- ғұрып құқығын құқық формасы ретінде көпаспектілі жүйелік кұбылыс тұрғысынан қарастырып, соның ішінде көшпелі қазақ қоғамындағы әдет-ғұрып құқық нормаларының сипатына ерекше мән беріледі.

Ұлттық сананың қайта түлеп, жанданып-жаңғырығуы бірте-бірте құқықтық саланы қамтып, дәстүрлі құқықтық жүйені жаңа қырынан зерттеуге жол ашады.

Диплом жүмыс кіріспе, 2 тарау және қорытындыдан тұрады.