Конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудың құқықтық негіздері

 

 

МАЗМҰНЫ

 

 

 

КІРІСПЕ

3

1КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ НОРМАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫ ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

9

1.1Конституциялық құқықтық норманың түсінігі және сипаты9

1.2Конституциялық құқықтық нормалардың құрылымы және түрлері

20

 

2КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ НОРМАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ЖҮЙЕСІ

33

2.1Конституциялық құқықтық норманы жүзеге асырудың мәні және ерекшеліктері

33

2.2Конституциялық құқықтық норманы жүзеге асырудың нысаны: түсінігі, түрлері

41

2.3Конституциялық құқықтық  нормаларды жүзеге асыруға әсер ететін факторлар

48

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ57

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ61

 

 

                           КІРІСПЕ

Дипломдық жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмыста  конституциялық құқықтық норманың табиғаты және оның ерекшеліктері, конституциялық құқықтық норманың түрлері және конституциялық құқықтық норманы жүзеге асырудың түсінігі, нысандары және оның түрлері қарастырылады. Сонымен қатар конституциялық құқықтық норманы жүзеге асырудың ұйымдық құқықтық негіздері саралауға түседі. 

Дипломдық жұмыстың өзектілігі. Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізуі мемлекет алдында маңызды келелі міндеттерді алға тартуда. Бұл саладағы атқарылуы тиіс шаралардың ауыр жүгі заң ғылымын, оның ішінде конституциялық құқықтық бағытты да қамтиды. Конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыру конституциялық құқық теориясында осы кезеңге дейін өзінің нақты бағасын ала қоймаған және тереңірек зерттелмеген мәселелердің легін құрайды. Конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыру теориялық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар тәжірибелік жағынан құнды мәселе қатарына жатады. Егер, конституциялық құқықтық нормалар дұрыс жүзеге асырылса, онда еліміздің негізгі заңында белгіленген талаптар өзінің толыққанды өмірге енуіне мүмкіндік алатын еді. 

Елімізде демократиялық, құқықтық әрі азаматтық қоғам орнату бағытында Конституцияның және конституциялық нормалардың қоғам өмірінде атқаратын рөлі арта түсуде. Конституция және басқа да конституциялық құқықтық талаптардың дұрыс жүзеге асуы мен өмірімізге енуі мемлекетіміздің құқықтық сипат алып, адам мен азаматтардың құқығын шынайы қорғайтын дамыған мемлекеттер деңгейіне көтерілуін тездететін еді. 

Конституциялық құқықтық нормалар қоғам өміріндегі ең бір маңызды қатынастардың легін тәртіптеуге арналған. Конституциялық құқықтық нормалар арқылы қоғамдық механизмнің әрекет ету тетіктері және мемлекеттік жүйенің конституциялық негіздері қалыптастырылады. Бұл жағдайлардың барлығы қоғам өмірінде конституциялық құқықтық нормалардың қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын аңғартады. Сонымен қатар, конституциялық құқықтық нормалар жеке тұлғаның құқықтық мәртебесін айқындайды және мемлекеттік органдардың ұйымдық-құқықтық қалыптасуының заңи нысанын жасайды. 

Конституциялық құқықтық нормалар және оларды жүзеге асыру, жалпы конституциялық құқықтың теориялық мәселелері  Кеңестік дәуірде сол кезеңнің өмір талабы туындатқан қоғамда үстемдік етуші әдістердің жиынтығы “таптық” танымның аясында қаралып, өз бағасын алғанын біз жақсы білеміз. Таптық танымның негізінде конституциялық құқықтың көптеген теориялық мәселелері бір жақты бағаланып, сұрықсыз бояумен реңделгені бізге белгілі. Бұдан конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыру мәселесі де сырт қалған жоқ болатын. Кеңестік дәуірде қалыптасқан таным жүйесі конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудың табиғатын терең бағалауға оның конституциялық құқықтық дамуда алатын орнын толық ашуға мүмкіндік бере қоймады. 

Конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыру жүйесінде еліміздің негізгі заңы Қазақстан Республикасы Конституциясы нормаларының алатын орны мен атқаратын рөлі ерекше екендігі белгілі. Қазіргі кезеңге дейін Конституция нормаларының үстемдігін қамтамасыз ету мәселесінде ақсап жүрген жағдайдың бірі - заңдардың конституция нормаларына сәйкес келуі. Ол туралы мәселе Қазақстан Республикасындағы құқықтық саясаттың концепциясында көрсетілген болатын [1, c. 4]. Оны қазақстандық құқық профессорлары ел Президенті мен Парламент депутаттарының атына жолдаған ашық хатында: “Прежде чем вторгаться в живую ткань основного закона, нужно обобщить итоги деятельности массива казахстанского законодательства в соответствие  с положениями и нормами Конституции 1995 года [2, c. 3] тоқталып өтеді. Конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыру Конституция нормасынан басталатындығын ескерсек, онда бұл мәселенің терең маңызға ие екендігін аңғарамыз”.

Қазіргі кезеңде конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыру мәселесін тәуелсіз еліміздің алдына қойған мақсат мүдделері негізінде, жалпы таптық танымнан ада әдіс тәсілдері аясында жүйелі түрде зерттеу қажеттілігі туындауда. Бұл қажеттілікті мынандай жағдайлармен түсіндіруге болады: Қазақстан Республикасы қазіргі кезеңде өзінің конституциялық құқықтық дамуының негіздерін қалыптастыруда және елімізде конституциялық құқықтың теориясы жаңа қырынан өзінің бағасын алып, орнығуда. 

Бұл жағдайлардың барлығы конституциялық құқықтың теориялық мәселелерін, оның ішінде конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудың негіздерін заман талабына сәйкес бағалап, орнықтыруды  қажет ететіндігі сөзсіз. Аталған жағдайлардың барлығы зерттеу жұмысының өзекті екендігін және заман талабына сәйкес туындап отырғандығын көрсетеді. 

Дипломдық жұмыс тақырыбының зерттелу деңгейі. Конституциялық құқық теориясындағы маңызды мәселелердің бірі конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыру кеңестік кезеңнен бері белгілі дәрежеде зерттеушілердің назарына ілігуде. Жоғарыда айтып өткеніміздей конституциялық құқықтық нормалардың жүзеге асуы кеңестік кезеңде ғалымдар тарапынан тар аяда бағаланып, зерттелгені белгілі. Бұл кезеңдегі зерттеушілердің біржақты ғылыми танымға сүйенуіне қарамастан, олардың еңбектерінің конституциялық құқықтық норманы жүзеге асыру мәселесін теориялық тұрғыдан тереңдете түсуге үлкен ықпал еткендігі белгілі. Кеңестік кезеңде бұл мәселемен айналысушы ғалымдардың қатарына Б.Н. Топорнинді, В.С. Основинді, Ю.П. Еременко мен В.Д. Мазаевті, В.И. Попованы, Р.Г. Губенконы, Н.А. Михалеваны, М.М. Хакимовті, Б.А. Страшунды, Л.П. Юзьковты, В.И. Ястребовты, А.М. Каримовты, Л.В. Лазаревті, Э.А. Пушминді, О.П. Сидорованы, Ф.М. Рудинскийді, Е.И. Калюшинді, В.П. Колесованы, О.О. Мироновты, В.А. Пертцикті, Л.П. Шмайлованы, И.П. Ильинскийді, И.Е. Фарберді тағы басқаларды айтуға болады.

Конституциялық құқықтық нормалардың жүзеге асуын зерттеушілердің ішінде бірнеше авторлардың еңбектеріне ерекше тоқталып өтуге болады.

Кеңестік кезеңнен бері конституциялық құқықтық нормалардың жүзеге асуының көптеген теориялық мәселелерін зерттеушілер қатарында В.О. Лучиннің еңбегі ерекше болып табылады. Ол алғашқы кезеңде мақала деңгейінде конституциялық құқықтық нормалардың жүзеге асу табиғатын және оның орны мен рөлін ашып көрсетуге ұмтылыс жасаған болатын. Сонымен қатар, В.О. Лучиннің еңбегінде жалпы конституциялық құқықтық норманың түсінігі, ерекшеліктері және түрлері де сөз болады; конституциялық құқықтық нормалар мен конституциялық құқықтық қатынастардың арақатынасы мен байланысы зерделенеді.  Оның осы саладағы бірнеше жылғы еңбегі Ресей Конституциясын жүзеге асыруға қатысты монографиялық жұмыста өз қорытындысын тапты. Бұл еңбекте бүге-шүгесіне дейін жалпы Конституцияның және оның жүзеге асуының ерекшеліктері, конституциялық жауапкершіліктің негіздері, түрлері, сонымен қатар конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудың ұйымдық құқықтық негіздері терең талдауға түседі. Қанша сүбелі еңбек болғанымен, автор басты назарды тек Конституцияда орын тепкен нормалардың жүзеге асу ерекшелігіне аударып, басқа да конституциялық құқықтық нормалардың жүзеге асу механизмі көзден таса қалып қойып отырады. Сонымен қатар, бұл еңбекте автор негізінен Ресей Федерациясының Конституциясының жүзеге асуын қарастырады. Алыс шет елдік және ТМД елдерінің тәжірибесі толыққанды талданбайды. 

Кейінгі кезеңдерде бұл мәселемен айналысушы ғалымдар легі де қалыптасуда. Солардың ішінде ресейлік зерттеушілердің бірі Н.Л. Геннің еңбегін атап өтуге болады. Ол өзінің еңбегінде конституциялық құқықтық нормалардың ерекшелігі мен оларды жүзеге асырудың өзіндік қырларын саралауға тырысады.

 Отандық ғалымдардың еңбектерінде конституциялық құқықтық нормалардың жүзеге асуы жалпы конституция мәселелерінің аясында бірлесе талданады.  Осы бағыттағы еңбектердің қатарына Е.Б. Абдрасуловтың конституция нормаларын талқылау мәселесіне арналған монографиялық зерттеуін жатқызуға болады. Е.Б. Абдрасулов конституция нормаларын талқылаудың конституциялық нормаларды жүзеге асыруда алатын орнына көңіл бөледі. Сонымен қатар, отандық ғалымдардың ішінде конституциялық құқықтық норманың жүзеге асу проблемасымен айналысқан белгілі ғалымдардың бірі - М.Т. Баймаханов болып табылады. М.Т. Баймаханов өзінің еңбектерінде көбінесе конституциялық нормаларды жүзеге асыруда ағымдағы заңдардың атқаратын рөлі мен орнына көп көңіл бөледі. Конституциялық құқықтық норманың жүзеге асуының кейбір қырлары С.З. Зимановтың, Ғ.С. Сапарғалиевтің еңбектерінде сөз болады. Ғ.С. Сапарғалиев Қазақстан Республикасы Конституциясының тікелей қолданылу мәселесін бірнеше уақыттан бері зерттеп жүрген  белгілі ғалымдардың бірі. 

Сонымен қатар, конституциялық құқықтық нормалардың жүзеге асуының процессуалдық ерекшеліктері М.О. Нүкеновтің, Е.А. Оңғарбаевтың  қылмыстық істерді жүргізу заңдарының талаптарын жүзеге асыру мәселесімен телімдестіріле қарастырылады.

Отандық заңгерлердің ішінде конституциялық құқық теориясының көптеген мәселесімен айналысушы ғалымдардың бірі - А. Черняковтың еңбегі ерекше. А. Черняковтың жұмыстарында жалпы конституциялық құқықтық норманың сипаттамасы және оның түрлері жаңа методологиялық негізде сөз болады. Сонымен қатар, еңбектерде жанама тұрғыда болса да, конституциялық құқықтық нормалардың жүзеге асу мәселесі сөз етіледі. 

Осы бағыттағы тағы бір сүбелі жұмысты атқарып жүрген ғалымдардың бірі - К.К. Айтхожин. Оның еңбектерінде жалпы конституция теориясының көптеген проблемалары сөз етіліп, оның ішінде конституция нормаларының тікелей қолданылу ерекшеліктері өте бір ыждағаттылықпен талданады.  Осы мәселелер төңірегінде бірнеше ғылыми мақалалары да жарық көрді. 

Жоғарыдағы біздің конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыруға қатысты зерттеулердің бағытын талдауымыздан көрініп тұрғандай, конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыру мәселесі әлі де болса отандық ғылымда жүйелі және жан-жақты өзінің бағасын ала қоймағандығы. Сондықтан да, бұл зерттеу жұмысында мәселенің осы қырына негізінен көңіл бөлуді жөн көріп отырмыз. 

Дипломдық жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың негізгі мақсаты - конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудың ерекшеліктері мен табиғатын ашу және де конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудағы тиісті мемлекеттік органдардың атқаратын рөлін межелеу, сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы осы бағыттағы тәжірибені талдау болып табылады. Зерттеу жұмысының жоғарыда көрсетілген алдына қойған мақсатына жету үшін төмендегі міндеттерді шешу жүктеледі:

конституциялық құқықтық нормалардың табиғатын ашу және олардың негізгі түрлерін саралау;

конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыруға ықпал ететін факторлар жүйесін талдау;

конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудың түсінігін және ерекшеліктерін айқындау;

конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудың нысандарын және олардың негізгі түрлерін талдау;

конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудың нысанының, әдістері мен тәсілдерінің өзара байланысын саралау;

Қазақстан Республикасы Конституциясының тікелей қолданылуын – конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудың ерекше тәсілі ретінде алып зерттеу;

конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудағы Президенттің өкілеттілігін саралау;

конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудағы Парламенттің атқаратын рөліне талдау жасау;

конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің алатын рөлін айқындау.

Дипломдық жұмыстың объектісі конституциялық құқық теориясындағы өзекті мәселелерінің бірі - конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудың жалпы бағыттары құрайды. Сонымен қатар, конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудағы жалпы конституциялық нормалардың орны талданады.

Дипломдық жұмыстың нормативтік базасы. Жұмыстың негізгі нормативтік базасын Қазақстан Республикасының Конституциясы және әрбір саланы қамтитын Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары  және басқа да жәй заңдар, Қазақстан Республикасы Президентінің әр түрлі Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары т.б. және халықаралық шарттар мен ТМД елдерінің осы саладағы заңдары құрайды. 

Дипломдық жұмыстың ғылыми жаңалығы. Дипломдық жұмыстың басты арқауы болып отырған тақырып конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыру мәселесі  отандық заң ғылымында алғаш рет жүйелі түрде және жан-жақты талданып отыр. Қазақстан Республикасындағы конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудың тәжірибесі және ТМД елдеріндегі осы бағыттағы оң өзгерістер өзіндік бағасын алғаш рет алуда. Сонымен қатар, конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыру ісін жетілдіретін теориялық негізді ұсыныстар мен байлам-түйіндер берілген.

Дипломдық жұмыста негізгі байлам-түйіндер:

конституциялық норма жалпы құқықтық нормалар жүйесінде маңызды роль атқаратын, негізгі қатынастарды реттеуге бағытталған, басқа құқықтық нормалардың дамуының бастамасы болатын ерекше құқықтық норманың бір түрі болып табылады;

 конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыру ортақ  заңдылықтарға бағынатын, қалыптасқан механизмі бар ерекше қызметтердің жемісі болып табылады;

 конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асырудың басты нысандарына (түрлеріне) конституциялық құқықтық нормаларды сақтау, орындау, пайдалану және қолдану сияқты дәстүрлі түрлерімен қатар конституциялық нормаларды заңдар арқылы нақтылап жүзеге асыру жатады;

 Қазақстан Республикасы Конституциясының тікелей қолданылуы оны жүзеге асырудың басты факторы және негізгі әдісі болып табылады;

 Қазақстан Республикасының Президенті конституциялық нормаларды жүзеге асыру ісіне заңда белгіленген нақты тетіктер арқылы: заң шығару ісіне қатысу, Вето құқығы,  конституцияға толықтырулар мен өзгертулер енгізу жолымен қатыса алады. Сонымен қатар, Президенттің елдегі заңдылықтың жай - күйіне қатысты тиісті органдардың есептерін тыңдауы, конституциялық нормалардың жүзеге асуын қамтамасыз етуге ықпал етуші тетіктер болып табылады;

 Қазақстан Республикасының Парламенті тікелей де және жанама да тұрғыда да конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыруға ықпал етеді. Оның ықпал ету  құралына заң шығару қызметі, Үкіметтің есебін және Конституциялық Кеңестің заңдылықтың жай-күйі туралы есебін тыңдау жатады;

 Конституциялық Кеңес конституциялық нормалардың жүзеге асуын қамтамасыз етуші басты орган. Аталған қызметті Конституциялық Кеңес мынандай нысандарда Конституцияны ресми түсіндіру, заңдардың Конституция нормаларына сәйкестігін қарау т.б. арқылы қамтамасыз етеді.

Дипломдық жұмыстың методологиялық негізі. Диссертациялық жұмысты жазу барысында ізденуші конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыруға қатысты барлық теориялық еңбектерді саралаудан өткізіп, толық пайдалануға ұмтылды.

Зерттеу жұмысында қоғамдық ғылымдарға ортақ жалпы танымдық және арнайы әдістер жүйесі: диалектикалық, салыстырмалы, функционалды талдау, жүйелеу, синтездеу, статистикалық тағы басқа әдістер басшылыққа алынады.

Диссертациялық жұмысты жазу барысында автор отандық ғалымдар С.З. Зимановтың, С.С. Сартаевтың, Ғ.С. Сапарғалиевтің, М.Т. Баймахановтың, Ө.Қ. Қопабаевтың, В.Н. Ащеуловтың, В. Кимнің, С.Н. Сабикеновтің, С.А. Табановтың, К.С. Мәуленовтің, Е. Абдрасуловтің, З.Ж. Кенжалиевтің тағы басқалардың еңбектеріне арқа сүйеді. 

Сонымен қатар, конституциялық құқықтық норманы жүзеге асырудың әр қырымен айналысушы ғалымдар В.О. Лучиннің, Б.Н. Топорниннің, И.П. Ильинскийдің, О.О. Мироновтың, В.А. Пертциктің, Л.П. Шмайлованың, А.Б. Венгеровтің, И.Е. Фабердің, К.К. Айтхожиннің, А. Черняковтың еңбектеріндегі теориялық тұжырымдарға көңіл бөлді.

Дипломдық жұмыстың теориялық және тәжірибелік маңызы. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыру мәселесіне қатысты ізденістерді одан әрі тереңірек зерттеуге теориялық негіз қалайды және еліміздегі конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыруға қатысты қалыптасқан көзқарастар мен ой тұжырымдарды одан әрі байыта түседі. 

Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері мен тұжырымдары жоғарғы заң оқу орындары мен факультеттерінде Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы, шет елдердің конституциялық құқығы пәндері  т.б.  мен конституциялық құрылыс негіздері арнайы курсы бойынша дәріс беру мен тәжірибелік сабақтар жүргізу барысында пайдалануға болады. 

Сонымен қатар конституциялық құқықтық нормаларды жүзеге асыру мәселесіне қатысты нормативтік құқықтық актілерді және басқа да заңдар жүйесін жетілдіру ісінде үлкен маңызы бар.

Дипломдық жұмыстың құрылымы және көлемі. Дипломдық жұмыс кіріспеден, 2 бөлімнен, 5 бөлімшеден, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.