МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ............................................................................................................................................

1. АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ.....................................................
1.1. Құқықтық мемлекет – адамның құқықтары мен
бостандықтарын қамтамасыз етуші негізгі институт............. .....................................................
1.2.  Адам құқықтары мен бостандықтарын
қонституциялық-құқықтық реттеу......................................................... .......................................


2. АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ – МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ ҚАҒИДА....................................................................................................
2.1.  Адам құқықтарын сот арқылы қорғау...................................................................................
2.2. Адам құқықтарын қорғаудағы Адам құқықтары жөніндегі
Уәкілдің ролі....................................................................................................................................
2.3. Адам құқықтарын қорғау жүйесіндегі ішкі істер және
ұлттық қауіпсіздік органдары.........................................................................................................
2.4. Адам құқықтарын қорғаудың халықаралық механизмдері..................................................



ҚОРЫТЫНДЫ.................................................................................................................................


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...............................................................................


КІРІСПЕ

Диплом жұмысының жалпы сипаттамасы. Құқықтық мемлекеттегі адам құқықтарының проблемалары мемлекет қызметінің басты, тұғырнамалық қағидасы ретінде қарастырылуға тиіс. Адамның құқықтарын мемлекет бекітеді, оларға кепілдік береді, бірақ бір өкініштісі іс жүзінде, оларды мемлекеттің өзі жиі бұзып отырады. Сол себепті барлық мемлекеттік органдардың қызметінің басты, тұғырнамалық қағидасы ретінде адам құқықтарын қорғау қағидасын бекіту қоғамның тұрақты, тиімді өмір сүруінің кепілі болып табылады.Әрбір мемлекеттік орган осы қағиданы өздерінің заңда белгіленген міндеттеріне, құзыреттілігіне және билік өкілеттіктеріне сәйкес іске асыруға бағдарланған.
Дипломдық зерттеу тақырыбының өзектілігі. Адам құқықтарының проблемаларын зерттеудің көпқырлылығына қарамастан, бұл тақырыпты зерттеушілер адам құқықтарын қорғаудағы сол құқықтық мемлекеттің өзінің қызметіне жете көңіл бөлмеген. Қазақстан Республикасы Конституциясында адамның құқықтары ең жоғарғы құндылықтар деп жарияланған және Конституция мәтіні осы фактіні жариялаумен басталады.
Бұл арада біріктіруші субстанция мемлекеттік аппарат қызметінің қағидасы – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау болуға тиіс.
Біздің зерттеуіміз адам құқықтарын қорғау қағидасының мемлекеттік аппарат қызметінде іске асырылуына арналған. Құқықтық әдебиетте адам құқықтары проблемасына көптеген ғалымдардың еңбектерінің арналғандығына қарамастан, адам құқықтарын қорғаудың мемлекеттік аппарат қызметінің негізгі қағидасы мағынасында арнайы зерттеулер жүргізілген емес.
Мемлекет пен оның құрылымдарының қызметін жетілдіру, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету құқықтық мемлекеттің дамуының басты міндеттері болып табылады. Құқықтық мемлекет құру, азаматтық қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ету – заңдылыққа негізделген, адам құқықтарын қорғауға бағдарланған мемлекеттің ролін күшейтуді талап етеді. Осыған байланысты барлық мемлекеттік аппарат қызметінің қағидасын іске асырушы ірбір мемлекеттік органның ролін, оның міндеттері мен қызметтерін талдаудың қажеттілігі туындайды.
Адам құқықтарын қорғауды кез келген мемлекеттік орган өзінің міндеті деп жариялауда. Бірақ олардың адам құқықтарын қорғау механизміндегі ролі мен орнын анықтау кезінде бағдарламалары мен құзыреттіліктерінде көптеген қайталаулар, қарама-қайшылықтар бар екендігі байқалады.
Құқықтық мемлекеттің дамуы биліктің адам құқықтары мен бостандықтарын тек мойындауын ғана емес, сонымен бірге оларды іске асыратын және қорғайтын шын мәнісінде әрекетті мемлекеттік механизмның болуын қарастырады.
Бұл мәселеде құқық қорғаушы құрылымдарға, оның ішінде ішкі істер органдарына ерекше орын беріледі. Құқық қорғау органдары көп жағдайларда қоғамымызда орнын алып отырған жағымсыз жағдайлармен бірінші болып бетпе-бет келеді, олардың міндеті азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау болып табылады. Бұл мәселелерді теориялық талдаудан нақтылай іске асыруға көшетін уақыт жетті. Бірақ бұл осы қызметті жүйелі талдаусыз мүмкін емес.
Дипломдық жұмыс мемлекеттік аппараттың адам құқықтарын қорғау жөніндегі қызметін жетілдіруге арналған. Біріншіден, адам құқықтарын қорғау демократиялық құқықтық мемлекеттің басты ішкі қызметіне айналуы тиіс.
Екіншіден, бұл мемлекет пен адам мүдделерінің арасындағы басымдылықтарды бөлуді жаңаша қарастырушы негізгі идея.
Үшіншіден, әртүрлі мемлекеттік органдар бұл қағиданы іске асыру барысында түрліше қызмет атқара отырып, адам құқықтарын қорғау ісіне өз үлестерін қосып келеді.
Төртіншіден, адам құқықтарын қорғау механизміндегі мемлекеттік органдардың үлесін анықтай отырып, біз адам құқықтарын қорғау, сақтау, қамтамасыз ету және кепілдік беру сияқты қызмет түрлерін анық шектейміз.
Бесіншіден, адам құқықтарын қорғау механизмін жүйелілік қағидасы бойынша талдай отырып, біз бұл жүйеде кемшіліктер, қарама-қайшылықтар, қайталаулар орын алып отырғандығын анықтадық.
Адам құқықтарын сипаттауға жаңа көзқарастың терең мағынасы олардың ерекше артықшылықты мәртебесі мен қорғандықтың жоғары дәрежесін мойындағандығында жатыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабында: «Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды. Заңдар мен өзге де нормативтік, құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» [1], – деп жазылған.
Адам құқықтарын бекітуге, оларға кепілдік беру, қамтамасыз ету, қорғау және іске асыруға ұмтылыстың артуы құқықтық мемлекеттің (қалыптасқан немесе енді ғана қалыптасып келе жатқан) сипаты мен тегіне, оған тән басқару, реттеу және ықпал жасаудың құқықтық құралдарының басылымдылықтарына, онда байқалып отырған гуманистік бастаулардың, демократияландырудың күшеюіне, мемлекеттік құрылымдардың халық бұқарасы үшін ашықтығына байланысты. Құқықтық (немесе оны құруды аяқтап келе жатқан) мемлекет мәжбүрлеу және күш қолдану шараларын шектен тыс қолдана алмайды, өйткені оның нәтижесі қолданылған тәсілдерге барабар болып шығады.
Құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам, демократия – мемлекеттік билік өзінің бағдарламалары мен қызметін көпшілік таныған адам құқықтары мен бостандықтарына негіздегенде ғана мән-мағынаға ие бола алады [2, 34 б].  
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды мемлекеттің қорғаушылық қызметінен бөлген меншікті, құқықтық тәртіпті, заңдылықты және т.б. қорғау қызметінен ажыратқан және оларды басқа қызметтің негізіне алып, оның мазмұнын кеңейткен абзал. Біздің пікірімізше, мемлекеттің адам құқықтары саласындағы қызметін тек оларды қорғаумен шектеуге болмайды. Мемлекеттің адам құқықтарын бекіту, қамтамасыз ету және оларға кепілдік беру, оларды іске асыруға жәрдемдесу жөніндегі іс шараларының маңызы бұлардан артық болмаса, кем емес. Оның бергі жағында мемлекет қызметінің барлық аталған түрлері бір-бірлеріне өте жақын, бағдарлары бойыншабір-біріне ұқсас, оларда бір-бірінен ажыратуға, бөлек және дара қарастыруға болмайды. Өйткені, сайып келгенде, олар белгілі бір бірлік пен тұтастықты құрайды [3, 28 б].
Дипломдық жұмыс тақырыбының ғылыми зерттелу деңгейі. Қарастырылып отырған проблемаға Ресей және Қазақстан ғалымдарының бірқатар зерттеулері арналған. Бірінші кезекте бұлардың қатарына РҒА академигі Е.А. Лукашеваның басшылығымен жасалынған іргелі еңбектерді атауға болады. Ол КСРО ыдырауынан кейінгі Ресей мен ТМД елдеріндегі адам құқықтарын қорғау проблемасын бірінші болып ғылыми зерттеу деңгейіне көтерді.
Адам құқықтары проблемасына Т.Б. Бекназар-Юзбашев, В.А. Карташкин, И.А. Ледях, Б.Г. Манов, Р. Мюллерсон сияқты Ресей зерттеушілерінің еңбектері арналған.
Қазақстанда бұл проблемаға Т.А. Ағдарбеков, М.Т. Баймаханов, М.С. Башимов, Б.А. Есентемірова, А. Жұмағұлова, Г.К. Искакова, Г. Лупарев, А.К. Мұхтарова, Ғ.С, Сапарғалиев, С.Н. Сәбікенов, А.В. Турлаев, Н.А. Шайкенов сияқты ғалымдардың жұмыстары арналған. Бұл қатарда Еуразия кеңістігінде адам құқықтарын іске асыру теориясы мен практикасына талдау жасалынған Ж.Д. Бусурмановтың диссертациялық зерттеуі ерекше орын алады.
Дипломдық зерттеуде А.Т. Ашеулов, Т.А. Ағдарбеков, Н.Е. Айткулова, М.Т. Баймаханов, Ж.Д. Бусурманов, М.С. Башимов, М.С. Бейбітов, С.В. Бахин, С.Ж. Жалыбин, Е Жовтис, С.З. Зиманов, Г.К. Искакова, А.С. Ибраева, А.К. Котов, А. Қараев, Т.В. Кашанина, Д.О. Кусайнов, Қ. Мәми, Б.А. Майлыбаев, А.К. Мұхтарова, Н.И. Матузов, К.Б. Мурзаев, М.С. Нәрікбаев, Л.Т. Назаркулова, Ғ.С. Сапарғалиев, С.Н. Сәбікенов, М.А. Сәрсембаев, Г.Ж. Сүлейменова, А.Я. Сухарев, А.В. Стремоухов, Р. Түсіпбеков, Г.Д. Тленчиева, А.К. Тасбулатова, К.Х. Халиков, А.Г. Шмарин және т.б. авторлардың еңбектері қолданылды.
Дипломдық зерттеудің объектісі – құқықтық мемлекеттің қалыптасу жағдайында мемлекеттік аппараттың қызметінде адам құқықтарын қорғау қағидасының іске асырылуын жағымды тәжірибені анықтау және қарама-қайшылықтармен кемшіліктерді табу арқылы жүйелі талдау.
Дипломдық зерттеудің пәні – адам құқықтарын қорғау, сақтау, кепіл беру және қаматамсыз ету бойынша мемлекеттік аппараттың және оның жеке органдарының қызмет ерекшеліктері болып табылады.
Дипломдық зерттеудің мақсаты – адам құқықтарын қорғауды мемлекеттік аппарат қызметінің негізін қалаушы қағида ретінде зерттеу және оның қызметін жетілдіру бойынша шаралар ұсыну.
Аталған мақсат дипломдық зерттеудің келесі міндеттерін айқындайды:
- мемлекеттік аппарат қызметінің жүйесінде «адам құқықтарын қорғау» қағидасының орны мен ролін анықтау;
- құқықтық мемлекеттегі адам құқықтары мен бостандықтары институтын талдау;
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік аппарат қызметінде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша нормативтік негіздерді зерделеу;
- Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін органдар жүйесін анықтау;
- Адам құқықтарын қорғау бойынша мемлекеттік аппарат қызметінің формалдық және нақтылы жағдайын зерттеу;
- Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау аясындағы мемлекеттік аппарат пен оның жеке органдарының қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар ұсыну.
Дипломның ғылыми жаңалығы ретінде автор келесілерді ұсынады:
- адам құқықтарын қорғау институтын бүкіл мемлекеттік аппараттың және оның жеке органдары қызметінің негіз қалаушы қағидасы ретінде ұғыну;
- ағымдағы заңнаманы және құқық теориясын талдау негізінде, адам құқықтарын қорғау бойынша мемлекеттік аппарат қызметінің қалыптасқан жүйесін өзгерту, оны құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның қағидаларымен сәйкестендіру;
- адам құқықтары аясындағы ұғымдық апаратты нақтылау;
- мемлекеттік аппараттың адам құқықтарын қорғау жөніндегі қызметінің жағымды және жағымсыз тұстарын анықтау және олардың бұзылуын болдырмау жөніндегі шаралар ұсыну;
- мемлекеттік аппарат органдарының қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстар дайындау.
Дипломдық зерттеудің ғылыми жаңалығы оның теориялық және тәжірибелік маңыздылығын арттыра түседі. Зерттеу тұжырымдары мен ұсыныстарын адам құқықтарын қорғау мен қамтамасыз етуге бағытталған тәжірибелік және ғылыми қызметтерде қолдануға болады. Аталмыш зерттеу тұжырымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасындағы ұғымдық аппаратты нақтылауда, адам құқықтарын қорғау, сақтау, кепіл беру және қамтамасыз ету қызметін жетілдіруде қолдануға болады. Дипломның негізгі тұжырымдарын жоғарғы оқу орындарының оқу процесінде «Адам құқықтары» курсын оқу барысында пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
1. Мемлекет және құқық теориясында демократиялық, заңдылық, кәсібилік, жариялылық, биліктің бөлінуі сияқты классикалық қағидалары белгіленген. Құқықтық мемлекеттің қалыптасу жағдайында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау қағидасы осы қағидалардың қатарында басымдылыққа ие. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген. Қағидалар жүйесіндегі басымдылықтардың өзгеруі мемлекеттік аппараттың адам құқықтарына көзқарасының өзгеруіне алып келеді. Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет орнықтыру жағдайында адам құқықтары мемлекеттік аппарат қызметінің негізін қалаушы басты қағида ретінде қалыптасуы керектігі ұсынылды.
2. Заң әдебиеттерін талдау адам құқықтарын қорғау механизмін құрайтын іргелі ұғымдардың мазмұны мен көлемінде елеулі қарама-қайшылықтарды ашуға мүмкіндік берді. Құқық нормаларын қолданудағы мұндай қайшылықтарды жою мақсатында «адам құқықтарына кепілдік», «қамтамасыз ету», «қорғау» және «сақтау» ұғымдарының құқықтық тегін талдау арқылы бұл ұғымдар арасын шектеп, адам құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы ұғымдық аппарат тұжырымдалды. Мұндай біріздендіру адам құқықтарын қорғау механизміндегі категориялық қатарының кейбір элементтерін анықтап қана қоймай, сонымен бірге мемлекеттік аппарат қызметінің мазмұнын анықтай түсуге алып келеді. Осы ұсыныстар Қазақстан Республикасының заңнамасында көрініс табуы тиіс.
3. Адам құқықтарын қорғау механизмінде жүйеқұраушы фактор ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің кепіл ретінде қызметі қарастырылған.Қазақстан Республикасындағы заң шығарушылық және саяси практика негізінде адам құқықтарының кепілі ұғымының мазмұны және осы қызметтің барлық бағыттары, нысандары, тәсілдері, әдістері талданып ашылды.
4. Адам құқықтарын қорғауға, адам құқықтарын сақтау мен қамтамасыз етуге қатысы бар барлық мемлекеттік органдардың қызметі қарастырылып, олардың негізгі бағыттары анықталды.
5. Адам құқықтарын қорғау механизміндегі кейбір қарама-қайшылықтар ашылды. Бұл қарама-қайшылықтар мемлекеттік органдардың бір-бірінің қызметтерін қайталайтындығында, заңнамалардағы адам құқықтарына байланысты проблемаларда, мемлекеттік органдардың қызметтеріне тұрақты әрі жүйелі бақылаудың жоқтығында көрініс тапқан. Бұл фактілерді айқындау мемлекеттік аппараттың адам құқықтарын қорғау жөніндегі қызметін жетілдірудің бағыттарын және мемлекеттік аппараттың адам құқықтарын қорғау жөніндегі қызметіндегі жүйелі қателіктерді ашуға мүмкіндік берді.
6. Мемлекеттік аппараттың адам құқықтарын қорғау жөніндегі қызметінің теориясы мен практикасына талдау негізінде мемлекеттік аппарат қызметінде құқықтық реттестіруді жетілдіру, мемлекеттік органдардың адам құқықтарын қорғау жөніндегі қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде нақтылы ұсыныстар жасалды.
Зерттеу жұмысының әдістемелік негізі. Дипломдық зерттеудің мақсаттарына тиімді қол жеткізу үшін жүйелі талдау әдісі: жүйелі құрылымдық және жүйелі-функционалдық талдау қолданылып, ол мемлекеттің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі қызметін жеке бөлшектеріне байланысты тұтастай қарастыруға мүмкіндік берді.
Бұл әдістермен қатар талдау, бақылау, салыстыру әдістері қолданылды. Статистикалық және фактологиялық мәліметтер сияқты әлеуметтану әдістерін қолдану мемлекеттің нақтылы қызметінің адам құқықтары жөніндегі комиссияның, адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің, құқық қорғау органдарының есептерін алуға мүмкіндік берді. Жұмыста абстракциялау, индукция, дедукция, моделдеу абстрактылықтан нақтылыққа, теңестіру заңы, қарама-қайшылық заңы, бағалау және басқа да философиялық әдістер қолданылды.
Зерттеудің деректік базасын аталған мәселені зерттеуде негізгі болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңдары мен заңнамалық актілері, үкіметтің бағдарламалық құжаттары, статистика бойынша Агенттіктің мәліметтері, халықаралық құқық құжаттары, мемлекеттік қызмет органдары мен мемлекеттік басқару органдарының қызметін реттейтін нормативті-құқықтық актілері қолданылған. КСРО және кейбір посткеңестік мемлекеттердің заңнамалары зерттеліп, пайдаланылған.
Дипломды жазу барысында монографиялық еңбектер, Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары, Қаулылар, БАҚ материалдары кеңінен қолданылды.
Дипломдық зерттеудің құрылымы мен көлемі. Диплом кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.