МАЗМҰНЫ: 

 

КІРІСПЕ........................................................................................................................3

1 ТАРИХИ – ҚҰҚЫҚТЫҚ ҒЫЛЫМИ ОЙЛАРДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ТҮСІНІГІ ............................................................................................4

1.1 Адам   құқығы  туралы   идеялардың  қалыптасу   тарихының   бастаулары....................................................................................................................4

1.2 Азаматтық қоғам мазмұнының сипаты...............................................................9

2 ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҮСІНІГІНІҢ  ҚАЛЫПТАСУЫ  МЕН  МӘНІ .................................................................................................................................... 13

2.1 Құқықтық мемлекет тұжырымдамасының  тарихи аспектілері.....................13

2.2 Қазіргі отандық теориядағы құқықтық мемлекет түсінігінің мазмұны......................................................................................................................18

2.3 Қазақстан   Республикасында құқықтық мемлекет  құрудың теориясы мен тәжірибесі...................................................................................................................22

ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................................26 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ........................................................ 27

 

КІРІСПЕ

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2008 жылғы Қазақстан халқына жолдауында еліміздегі қазіргі қоғамдық - саяси жағдайларды сипаттай отырып былай деген: «Демократиялық дамудың жалпыға бірдей танылған заңдылықтары мен біздің қоғамымыздың дәстүрлерін үйлестіре отырып, біз одан әрі де саяси жүйеде мемлекеттік құрылыстың Қазақстандық моделін жетілдіру жолымен жүре беретін боламыз. Бұл – біз мақтануға құқылы және бәріміз ұқыптылықпен сақтауға міндетті Қазақстандық "ноу-хау"»[1].

Осы мәселені ескере отырып, әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру мақсаты ұлттың ұлы идеясын ұстанып отырған мемлекетіміздің өмірінде, құқықтық мемлекетті құру жолында саяси реформалар ерекше орын алады деген пікір баршылық. Құқықтық мемлекеттің нақты-тарихи қалыптасу тәжірибесі мен дамуы онын әлеуметтік-экономикалық және саяси деңгейімен, қоғамдық кұқықты сезіне алушылығымен, ұлттық және тарихи салт-дәстүрлермен анықталады. Мұндай жағдайлардың бірі - аталған мемлекеттің бар болуы болып табылады. Құкыктык мемлекет проблемаларымен айналысып жүрген ғалымдар, соның ішінде заңгерлер мен саясаттанушылар, ең алдымен құқықтық мемлекеттің түсінігіне, оның принциптеріне, заңдылықтарына басты назарларын аударады. Бұл жолда, әрине, құқықтық мемлекет жайындағы теориялық концепцияларды ескермей болмайды. 

Мемлекет дүниеге келгенге дейін азаматтық қоғам болған. Алғашқы қауымдық құрылыста адамдар өмірі азаматтық қоғам негізінде реттелген. Тіршілік пен адамдар арасындағы қатынастарды азаматтық қоғам институттары жүзеге асырған.

Өндіргіш күштердің пайда бола бастауымен, жеке топтар мен отбасылардың қолында артық өнімдердің шоғырлануы жеке иемденуді, иелер құқығын сақтау, меншіктер арасындағы қатынасты реттеу қажеттілігі саяси күштің – мемлекеттің пайда болуына әкелді.

Мемлекеттің іргесі қаланып, оның құрылымдық шарттарының нығая бастаған кезде бұрынғы азаматтық қоғам институттары ығыстырылды, қоғамды басқару мемлекеттің қолына көшті. Мемлекет нығая келе азаматтық қоғамның қызметтерін шектеп, біртіндеп олардың аясын тарылтты. Абсолютизм тұсында, тоталитарлық билік кезінде азаматтық қоғамның сүлдесі ғана қалды.

Америка мен Еуропа елдерінде либералдық демократияға көшу азаматтық қоғам институттарын қайта өмірге әкеліп, оның қызметтерін жандандыра түсті.

Дамудың демократиялық жолына түскен посткеңестік мемлекеттерде азаматтық қоғам қалыптастыруға, оның институттарын дамытуға бағытталды. Азаматтық қоғамды құруды елді демократияландырудың басты шарты деген көзқарас адамдар арасында бүгінде берік қалыптасқан.