Мазмұны

Кіріспе...................................................................................................................
1-тарау. Қасақана қылмыс сатыларының жалпы сипаттамасы.......................
1.1. Қылмыс істеу сатыларының түсінігі және маңызы.............................
1.2. Қылмыстық-құқықтық аспектісіндегі қасақаналық және оны қылмыс жасауда табу............................................................................
2-тарау. Қасақана қылмыс істеу сатыларының түрлерінің ерекшеліктері......
2.1. Қылмысқа дайындалу.............................................................................
2.2. Қылмыс жасауға оқталу.........................................................................
2.3. Аяқталған қылмыс...................................................................................
2.4. Қылмыс істеуден өз еркімен бас тарту..................................................
Қорытынды............................................................................................................
Қолданылған әдебиеттер тізімі..........................................................................
Қосымшалар.......................................................................................................



















Кіріспе

Қылмыс – қылмыстық құқықтағы негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Жеке адам мен қоғам арасындағы қақтығыстардың қайсысының қоғамға қауіптілік дәрежесі басымырақ екенін анықтау және оған осы мәселеде қылмыстық құқықтық шаралар қолдану арқылы осы қатынастарды реттеу – қылмыстық заңның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қылмыс әр уақытта да белгілі бір іс-әрекеттің (әрекет немесе әрекетсіздік) көрінісі болып табылады. Заң шығарушы осындай тұжырымдарға келе отырып, қылмыстың әр уақытта да адамның нақты іс-әрекетінің, мінез-құлқының сыртқа шыққан көрінісі екенін атап көрсетеді.
Қылмыстың заңнамалық анықтамасы – Қылмыстық Кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған қоғамдық қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) деп көрсетілген (Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі 9-бап). Қылмыстың осы грамматикалық түсіндірмесінен бұл жерде аяқталған, іске асырылған қылмыс туралы сөз болатыны жөнінде қорытынды жасауға болады. Қылмысты істеу процесі уақыт бойынша созылады және өте ұзаққа созылуы мүмкін.
Адам қандай да бір әрекетті бастар алдында нақты мақсаттар қойып, өзінің ілгеріде жүзеге асыратын әрекеттерін оған бағындыру қабілетіне ие. Сонымен бірге қылмыстық әрекетті бастар алдында қылмыс субъектісі оның нәтижесін көз алдына елестетеді. Қылмыстық нәтиже мақсатқа айналған немесе соңғы қылмыстық мақсатқа жетудің қажетті сатысына айналған кезде қылмыс субъектісінің санасында қылмыс істеуге деген қасақаналық ниет қалыптасады. Белгілі бір жағдайда осындай қасақаналық ниеттің болуы ауызша, жазбаша немесе субъектінің өз ойын өзге әдістермен көрсетуі нәтижесінде белгілі болуы мүмкін. Қылмыстық ниет қалыптасқаннан кейін қылмыс субъектісі өз ойын іске асыруға бағытталған әр түрлі әрекеттерді жүзеге асырады (қылмысқа дайындала бастайды және одан кейін өз әрекеттерін қылмысты орындауға тікелей бағыттайды). Бірақ қандай да бір себептерге және жағдайларға байланысты ойлаған қылмыстық нәтиженің туындамауы жиі кездеседі. Мысалы:
Қылмыскер банкіден ақша ұрлау үшін құрал-жабдықтар сатып алады, банкіні күзету қызметін атқару тәртібін және дыбыс беру қондырғыларының жүйесін анықтайды, жоспар құрады, қылмысқа қатысушыларды іздестіріп табады, олардың әрқайсысының қылмыс істеудегі рөлдерін бөледі, бірақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің оларды ұстауына байланысты қылмысты ақырына дейін жеткізбейді.
Жоғарыда аталған әрекеттерді орындағаннан кейін қылмыскер банк ішіне кіреді және ақшасы бар сейфті ашпақшы болады, бірақ осыны істей алмай, қылмыс орнынан қашып кетеді.
Қылмыскер барлық әрекеттерді орындап, сейфті ашады және ақшаны алады.
Көрсетілген мысалдардан тұлғаның ең алдымен қылмыс істеу үшін қолайлы жағдайлар жасайтынын, содан кейін қылмыстық заңмен қорғалатын объектіге тікелей қол сұғатын әр түрлі әрекеттерді орындайтынын және ең соңында қылмыстық ниетін толығымен жүзеге асыратынын көруге болады.
Сонымен, қасақана қылмыстық әрекет өзінің қалыптасуында және дамуында бірқатар кезеңдерден өтеді: қасақаналықтың қалыптасуы (табылуы) – қылмысқа дайындалу – қылмыс жасауға оқталу – аяқталған қылмыс.
Бірақ нақты іс-әрекеттер арқылы көрініс таппаған, жүзеге асырылмаған ойлар, пікірлер соншалықты қатерлі болғанына қарамастан қылмыс болып табылмайды. Белгілі бір іс-әрекет арқылы жүзеге асырылмаған адамның ниет, мақсаттары қоғамға қауіп туғызбайтындықтан қылмыстық құқықтың реттеу саласына жатпайды. Қылмыстық құқық ғылымында бұл мәселе бірауыздан осылай тұжырым жасалған. Ал қылмыс ақырына дейін жеткізілгенге дейін өтетін әрекеттер (қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу) болса аяқталған қылмыспен қатар нақты қоғамдық қауіпті туындатады. Бұл кезде заңмен қорғалатын тұлғаның құқықтары мен мүдделеріне, меншікке, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке, Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылысы мен қауіпсіздігіне және өзге де заң қорғауындағы объектілерге зиян келтірілу, оларды бұзу қаупі төнеді немесе осындай зиян ішінара келтіріледі.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде тек жүзеге асырылған қылмыс ғана емес, сонымен қатар кінәлінің еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізілмеген қоғамға қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) те айыпты және жазалануға жатады деп көрсетілген.
Қасақана қылмыс істеу сатыларының мазмұны мен ерекшеліктерін зерттеу және талдау тек теориялық жағынан ғана емес, сонымен қатар тәжірибелік жағынан да маңызды және өзекті мәселе болып келеді. Оның ғылыми маңыздылығы қылмыскер тұлғасының қасиеттері мен ерекшеліктерін ашудан, қылмыс істеуге көмектесетін жағдайлар мен себептерді қалыптастыратын сыртқы әлеуметтік ортаны ашудан және қылмыс істеу сатыларының мәнін анықтаудан көрінеді. Ал тәжірибелік маңыздылығы – қылмыстың алдын алуға қажетті шараларды анықтауда, құқық бұзушы тұлғаның көзқарасын өзгертуде, қылмыс істеген кінәлінің ойластырған қылмыстық ниетінің орындалу дәрежесіне байланысты қылмысты дұрыс саралауда анық көрінеді.
Сонымен қатар 1997 жылы 16-шілдеде қабылданып, 1998 жылы 1-қаңтарда күшіне енген жаңа Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі бұрынғы Қылмыстық Кодекстерге қарағанда, аяқталған қылмыс түсінігін және қылмыс істеуден өз еркімен бас тарту, оның ішінде қылмысқа қатысушылардың өз еркімен бас тартуын жаңадан ашып көрсеткен.
Дипломдық жұмыстың мақсаты – «қасақана қылмыс істеу сатыларының» түсінігін ашу және қылмыс істеу сатыларының әрбір түрін жеке-жеке қарастыру және талдау.
Дипломдық жұмыстың міндеті – қасақана қылмыс істеу сатыларының жалпы сипаттамасын беру. Сонымен қатар аяқталған қылмыс пен аяқталмаған қылмыс арасындағы, жазалануға жатпайтын қасақаналықты табу және кейбір жағдайларда жазалануға жататын қылмысқа дайындалу арасындағы, қылмысқа дайындалу сатысы мен қылмыс жасауға оқталу сатысы арасындағы, қылмыс істеуден өз еркімен бас тарту мен шын жүректен өкіну, айыбын мойындап келу арасындағы айырмашылықтарына және аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындалғанда ескерілетін жағдайларға көңіл бөлу.
Қасақана қылмыс істеу сатылары туралы мәселені қарастырған кезде Қазақстан Республикасының заң актілері және оған түсініктемелер, қылмыстық істер бойынша Қазақстан Республикасының Жоғары Соты Пленумының қаулылары, оқу әдебиеттері, ғылыми еңбектер және мерзімді басылымдар қолданылды.
Дипломдық жұмыс кіріспе, екі тарау, алты параграф, қорытынды, қолданылған әдебиеттер тізімі және үш қосымшадан тұрады.