МАЗМҰНЫ:

Кіріспе ................................................................................................3 – 7
1. Адам саудасы қылмыстарының түсінігі, қылмыстық жіктелуі және қылмыстық жауапкершілік
1.1 Адам саудасы қылмыстарының пайда болу және мен оған қарсы мемлекеттердің әрекеттері .................................................................26 - 34
1.2 Адам саудасы қылмыстарынын түсінігі ..................................8 - 20
1.3 Адам саудасы қылмыстарының қылмыстық жіктелуі...............20 - 26
2. Адам саудасы қылмыстарының халықаралық-құқықтық реттелуі

2.1. Адам саудасы қылмыстарымен күрес саласындағы халықаралық құқықтық аткілер..................................................................40 - 45
2.2. Адам саудасы қылмыстары мәселелерін шешудегі халықаралық ұйымдар .........................................................................................45 - 52

3. Адам саудасы қылмыстарымен ұлттық дәрежеде күрестің механизмдерінiн реттелуi

3.1. Адам саудасы қылмыстарымен күресте Қазақстан Республикасының ролі .................................................................................................53 - 59
3.2. Адам саудасы қылмыстарымен күрес мәселелерін реттеудегі халықаралық және ұлттық құқықтың өзара қатынасы және өзара әрекеттесуі .....................................................................................59 - 64

Қорытынды .....................................................................................65 - 68

Әдебиеттер тізімі ..............................................................................69 - 73

А қосымшасы ......................................................................................... 75
Ә қосымшасы ......................................................................................... 76
Б қосымшасы .......................................................................................... 77 - 80
В қосымшасы ........................................................................................ 81 - 82
Г қосымшасы ......................................................................................... 83



Кіріспе
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1 бабында мемлекеттің жоғары құндылықтары адам, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жарияланған . Халықаралық қауымдастықпен игерілген, тиісті халықаралық-құқықтық актілермен бекітілген және танылған құқықтар мен бостандықтар адамның әлеуметтік және заңды түрде қамтамасыздандырған тәртіп шарасы болып табылады. Олар бөлінбес, ажырамас қасиетке ие және адамның жүріп-тұру тәсілін еркін таңдау қабілетінде көрінісін табады, оған қатысты ешкім ешқандай тыйымдар мен шектеулер қоя алмайды .
Соған қарамастан, біз адамның жалпыға танымал құқықтарының бұзылу мәселесінің өзекті болуының куәгерлері болып отырмыз. Адам құқықтары бұзылуының әртүрлі нысандары пайда болуда, олар - адамның өмір сүруге құқығының бұзылуынан бастап еркін сөзге құқықтың шектелуіне дейінгі нысандары. Соның ішінде, қазіргі кездегі адам құқықтары бұзылу нысандарының ең қауіптілерінің бірі – адам саудасы.
Қай заманда болмасын адамды қанау, зорлық-зомбылық жасау ең сорақы көрініс және үрей тудыра-тын құбылыс болып саналады. Адам саудасы дегенде, әрбір кісінің жеке заңды құқығын ескерместен оларға зорлық-зомбылық жасау, азапты жұмыстарға жегу, адами еркін аяққа таптау арқылы белгілі бір топтардың, яғни оңай олжаға кенеліп, пайда табудың көзіне айналдыру секілді теріс сипатында көз алдымызға келеді.
Әр жыл сайын дүние жүзі бойынша 4 миллионға жуық адам құлдыққа сатылады. Алдап-арбау жолымен өз Отандарынан сырт мемлекеттерге әкетіліп, тегін жұмыс күші ретінде немесе жезөкшелікпен айналысуға итермелеу жағдайларын қазіргі заманның құлдығы дегеннен басқаша атау мүмкін емес. Ішкі мазмұны, орындалу механизмдері жұртшылыққа тіптен түсініксіз – сәби саудасы, шетелдерге жұмысқа жалдану, т.б. адам саудасының кеңінен жайылған түрлері. Өкінішке орай, уақыт сілкінісінен түсініксіз күй кешкен кез-келген мемлекет ХХІ ғасырдың құлдығына қарсы тұра алмады. Мұның көрінісін мынадан-ақ байқауға болады: біріншіден, адам саудалаушылар өздерінің қылмыстық қызметтерін сырт көзге байқалмайтындай етіп, ұйымдастыра алды. Екіншіден, экономикасы тұрақсыз, әлеуметтік жағдайы төмен елдің халқы құл иеленушілердің құрбандығына бірінші болып шалынады. Үшіншіден, соғыс өрті тұтанған немесе тұтануға жақын жанжалды аймақ – «қарбазардың» қызған орталығы деуге болады. Қалыпсыз аймақта адамды ешбір кедергісіз ұрлауға да, осында әкеліп сатуға да болады. Тіпті, «тірі тауарды» өлтіріп тастау да қиын емес. Жұмсартып айтқанда, адам құны арзандаған қоғамда, екі аяқты пенде қорғаныссыз қалып отыр. Бүгінгі күннің ең қатал, ең сұмдық, бірақ даусыз ақиқаты «ешкімнің ешкіммен шаруасы жоқ» формуласы – адам саудалаушылардың қолындағы таптырмас құралға айналды.
Тақырып өзектілігі. 1990 жылдардың бас кезінде пайда болып, бүгінгі уақытта ең шырқау шегіне жеткен адам саудасы әлемде есірткі мен қару-жарақ саудасынан кейінгі үшінші орында тұр. Әрине, табыстылығы мен таралу шеңбері бойынша мафияның жылдық бюджеті – 7 миллиард АҚШ долларының шамасында. Шындығы да сол, «тірі тауарға» салық төлеудің, инвестиция салудың, тасымалдаудың қажеті жоқ. Жеткізу нүктесіне өз аяғымен барады, қамшының астында жүріп, еңбегін ақтайды. Кеудесінде жаны шыққанша немесе бұғаудан қашып құтылғанша (алайда, мұндай жағдайлар өте сирек) қожайынға өте тірі табыс әкеледі. Өліп қалған жағдайда, құны жоқ. Екінші алданған құл кезекте тұрады.
Шетелдерде үй күтушісі, даяшы, бала бағушы жұмыстары ұсынылады. Қыз-келіншектерге көбіне 500-700 доллар көлемінде жалақы уәде етіледі. Расында, мұның сыртында күштеп жезөкшелікпен айналысу тұр. Ер адамдарды кәсіби біліктілікті аса көп қажет етпейтін жұмыстармен қызықтырады .
Адам саудасымен күрес мәселелері бойынша Америка Құрама Штаттары Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі Джон Миллер «адам саудасы – бұл құлдықтың қазіргі нысаны және бүкіләлемдік мәселе» деп басып айтты . Біріккен Ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Луиза Арбурдың пікірі бойынша: «Адам саудасы халықаралық қауымдастық күрес жүргізетін адам құқықтары бұзылуының алғашқысы болса да, оның өткен шаққа кеткенін айту әлі ерте. Оны түбімен жою үшін аса үлкен күш салу қажет. Бұған қоса құлдық алуан түрлі нысанда болады. Оның нысандары уақыт өте келе өзгеріп, әлеуметтік-экономикалық және діни мағынасын көрсетеді» . Адам саудасы - күшпен қорқыту, алаяқтық, билігін асыра пайдалану немесе жағдайдың осалдығын пайдалану жолымен, немесе басқа тұлғаны бақылайтын тұлғаның келісімін алу мақсатында төлемақы немесе олжа түрінде пара беру жолымен пайдалану мақсатында жалдау, тасымалдау, беру, жасырушылық немесе адамды иемденуді білдіреді .
Адам саудасының жолын кесу әзірге мүмкін емес. Қоғам, билік осы қанды бизнестің қауіптілігін сезініп отырған жоқ. Трафикке (адам саудасына) қарсы бағытталған ақпараттық соғыстың тым бәсеңдеп кеткендігін де атап өткен жөн. Шетелде оңай олжа жатпағандығын аңғал жұртымызға айта беру керек. Ақпараттық компанияның әлсіздігі адам саудалаушы трансұлттық қылмыстық топтар үшін де пайдалы, табысты «бизнестерін» өркендетуге еш кедергі жоқ.
Жоғарыда көрсетілген жағдайды ескере отырып, осы дипломдық жұмыстың негізгі идеясы адам саудасы мен құлдық қылмыстарының қазіргі кездегі құқықтық реттелуін, онымен халықаралық-құқықтық күрес мәселелерін ашып көрсету болып табылады.
Еңбектің әдістемелік негізі. Жұмысты жасау барысында келесідей ғылыми әдістер пайдаланылды: танымды-диалектикалық, тарихи, статистикалық, формалды-заңдық, салыстырмалы талдау және комплекстік көзқарас әдістері.
Осы зерттеу жұмысының ғылыми-теориялық негізін мынадай ғалым-құқықтанушылар, мамандар мен тәжірибешілер құрайды: Е.Б. Мизулина, М.А. Сарсембаев, А. Сыдыкова, Е. Бадикова, Е. Сейдинов, С.А. Алжанкулова, Н. Балабаева, Г.А.Тлегенова, К.А. Токтыбаева, А.И. Милевский, Л. Найденова, А.М. Шабатова, А. Омашева, т.б. Сонымен қатар ғалымдар мен тәжірибешілер тақырып бойынша халықаралық және аймақтық конференциялар өткізу барысында өз үлесін қосты: Н.М. Абдиров, К.Ж. Балтабаев, К.А. Бегалиев, И.Ш. Борчашвили, У.С. Жекебаев, Б.Ж. Жүнісов, Е.И. Қаиржанов, М.Ч. Коғамов, Г.С. Мауленов, А.Х. Мындағұлов, М.С. Нәрікбаев, Е.А. Онғарбаев, және т.б. Зерттеу жұмысының нормативтік құқықтық актілеріне адам саудасы және құлдыққа қарсы ұлттық заңнама ғана емес, халықаралық-құқықтық актілер (Конвенциялар, мемлекеттер арасындағы келісім-шарттар, т.б.) де кіреді.
Зерттеу жұмысының мақсаты. Осы зерттеу жұмысының мақсаты – адам саудасы қылмыстарына қарсы күрес мәселелерін теориялық тұрғыдан қарау, әсіресе, қазақстандық және халықаралық дәрежеде осы мәселенің шешілу жолдарын көрсету, адам саудасы қылмыстарының пайда болуының себептері мен олармен күрес жолдарын көрсету. Бұл мақсаттан дипломдық жұмыстың нақты міндеттері туындайды:
- адам саудасы қылмыстарына сипаттама беру;
- адам саудасы қылмыстарын түрлер мен нысандарға бөлу;
- адам саудасы қылмыстарының пайда болу себептерін көрсету;
- адамды сатумен күрес саласындағы халықаралық актілерді таңдау;
- адам саудасы қылмыстарымен күрес бойынша халықаралық ынтымақтастық.
Зерттеу жұмысының пәні – адам саудасы қылмыстарының пайда болуы, олармен күрес мәселелері, көрсетілген қылмыстың пайда болу себептері.
Зерттеу жұмысының объектісі – адам саудасы қылмыстары.
Дипломдық жұмыстың құрамы. Дипломдық жұмыс Кіріспеден, Негізгі бөлімнен, негізгі бөлім үш тараудан, Қорытындыдан, Пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен Қосымшалардан тұрады.